Жартылай шындық | Жаңа 500 теңгеліктегі шағала Википедиядан «ұшып келген»

Бұл фактчек үшін 500 теңгеліктің дизайнына қатысты авторлық құқық мәселесі мен дәл осы жағдайда оның (авторлықтың) қалай бұзылғанын талдаймыз.

Үкім: Жартылай шындық

Банкноттағы суреттің дерек көзі расында да Википедия, алайда бұл жерде мәселе көшірменің жай-жапсарына қатысты болып отыр. Сондай-ақ, копирайттың ерекшелігі мен ашық лицензияға байланысты.

Алдымен жаңа ақшамызды швейцариялық фотограф, «суретімді ұрлады» деп мәлімдеген Марсель Букхардттың жұмысымен салыстырамыз.

Расында да, бір қарағанда екі сурет бір-біріне қатты ұқсайды. Суретті үлкейтіп, бірінің үстіне бірін қоятын болсақ (жоғарыда біз солай істедік), олардың кескінін шағалалардың бір түрге жататынымен, бір-біріне қатты ұқсайтындығымен түсіндіре салуға болар еді. Алайда, назар аударатын бірқатар элемент бар, мұндайды кездейсоқ көшіру мүмкін емес:

  • Біз шағаланы көріп тұрған бұрыш.
  • Қанаттарының орналасуы мен олардың арасындағы бұрыш.
  • Құйрығындағы қауырсындарының формасы және қауырсындар арасындағы саңылау.
  • Шағаланың оң аяғының астындағы құйрық қауырсындарының арасындағы саңылау.

Көшіру технологиясына қатысты кесіп-пішіп пікір айту қиын. Сурет графикалық редакторда өңделген болуы да, дизайнер қолмен қайта көшіріп салған болуы да мүмкін.

Копирайтқа қатысты қандай мәселе бар?

Википедиядағы Букхардт суретіне барамыз. Оған автордың Creative Commons копирайтының қандай түрін бергеніне назар аударамыз – CC BY-SA 2.0 de (орыс тіліндегі нұсқасы мұнда). Creative Commons сайтына сілтеме бойынша өтеміз, онда былай деп жазылған:

«Сіз бұл туындыны емін-еркін:

  • Бөлісе (айырбастай) аласыз, яғни материалды кез келген тасымал құралында және кез келген форматта көшіріп және тарата аласыз.
  • Бейімдей аласыз (туынды материал жасай аласыз), яғни ремикс жасауға, түрін өзгертуге, осы материалға сүйене отырып кез келген мақсатпен, соның ішінде коммерциялық мақсатпен де жаңа дүние жасай аласыз.

Лицензияның шарттарын бұзбаған жағдайда лицензиар бұл еркіндікті жоққа шығара алмайды».

Сондықтан, сурет ұрланған деп біржақты айта алмаймыз. Автор оны пайдалануға және өзгертуге, тіпті, коммерциялық мақсатпен де пайдалануға рұқсат берген.

Олай болса, қорқатын ештеңе жоқ деген сөз бе?

Лицензияны әрі қарай оқимыз:

«Келесі шарттар міндетті түрде сақталуы керек:

  • Авторлығы көрсетілуі тиіс – авторын талапқа сай көрсетіп, лицензияға сілтеме беріп, егер өзгерту енгізілген болса, оны да көрсету керек. Мұны ақылға сыятын кез келген жолмен жасауға болады. Тек лицензиар сізді немесе сіз пайдаланған тәсілді қолдайды деп ойлап қана шешім қабылдауға болмайды.
  • «ShareAlike» («Дәл сондай шартпен») – егер материалды жетілдіріп, өзгертетін болсаңыз немесе туынды шығармаға соны негіз етіп алатын болсаңыз, материалдың өзіңіз жасаған бөлігіне де дәл сол лицензия шарттары тұрғысынан, яғни түпнұсқа таралған шарттар тұрғысынан келуге тиіссіз».

Жоғарыдағы лицензияны есепке алатын болсақ, Ұлттық банк Букхардт мырзаны соавтор ретінде атап айтуы тиіс. Фотограф жұмысын тегін пайдалануға рұқсат бергенімен, авторлығын көрсетуді талап етіп отыр. Оның үстіне, егер өзін соавтор ретінде танымағанын білетін болса, лицензияны өзгертуге де толық хақылы. Тек заң жағынан қиындық тудыратын бір мәселе бар. Creative Commons лицензиялары Қазақстанда пайдаланылып жүргенімен, қазақстандық заңнамада ол туралы тармақ қарастырылмаған.

Ұлттық банктің реакциясы

Осы мәселе төңірегіндегі Tengrinews қойған сауалына ҚР Ұлттық банкі былай деп жауап берген: «Суретші жұмысының бір бағыты – натурамен жұмыс істеу. Табиғаттың кез келген нысаны, пейзаж, адам, сурет және тағы басқа заттар натура бола алады. Дәл осы жағдайда Ұлттық банктің дизайнерлері натура ретінде шағаланы таңдап алды. Жаңа 500 теңгеліктегі шағалаға келсек, көпшілікке кең танымал құс болуы басты назарда болды. Банкноттағғы құстың күйі мен қалпына келсек, қанаттылардың осы түрінің баршасына тән. Мұндай суреттер өте көп».

UPD 4 желтоқсан 2017 ж.

Facebook пайдаланушысы Кирилл Ковязин швейцариялық фотограф Букхардт мырзамен тікелей байланысқа шыққан екен. Букхардт басында мұны қалжыңға балағанымен, кейін дегенмен құқығын қорғау жөнінде шешімге келген. Сондықтан Қазақстанның Швейцариядағы елшілігіне және Қазақстанның Ұлттық банкіне хат жазған.

Дереккөз: pikabu.ru

c0mblanarper пайдаланушының аудармасы:

«Бұл менің жұмысым. Банкноттың жоғарғы жағындағы суретті фотошопқа салғанмын, оған ешқандай күмән болмасын. Суретімнің ақшаға шыққаны мен үшін абырой. Дегенмен, өтемақы төлеп жатса, қарсы болмаймын».

Дереккөз: Facebook, пайдаланушы Kirill Kovyazin

Ковязиннің Букхардтпен Facebook желісіндегі әңгімесінің аудармасы:

Марсель Букхардт: Иә, бұл шағаланы мен түсіргенмін, ол копирайтпен қорғалған. Өкінішке қарай, мұндай ұрлыққа қатысты не істерімді білмеймін. Бұл бір қалжың сияқты. Дұрыс сілтемесі – www.foto-galaxy.ch. Айтпақшы, бұл шағала Швейцариядағы Тун көлінің үстінен ұшып өткен болатын.

Кирилл Ковязин: Сәлем, Марсель! Иә, бұл қалжың емес. Бұл құстар Қазақстан арқылы ұшып өтеді. Ол Каспий теңізінің үстінде түсірілген болуы да мүмкін, қазір ол маңызды емес. Енді сен елшілікке сұрау салып, көпшілікке біздің банктің копирайт талаптарын сақтамай отырғаны жөнінде мәлімдеме жасауыңа болады. Мұндай жағдай үшін қазақстандықтардың атынан кешірім өтінемін.

Марсель Букхардт: Елшілікке және Ұлттық банкке жазып қойдым. Швейцарияда отырып әлденеге қол жеткізу оңай емес. Маған көп ақша керек емес. Осы жағдайдың өзі қуанарлық, дегенмен мойындап, сертификат беріп жатса, қарсы болмас ем.

4 желтоқсан күнге дейін Қазақстанның Ұлттық банкті копирайтқа қатысты жаңа мәлімдеме жасаған жоқ.

Анықтама:

  1. 1996 жылғы 10 маусымдағы №6-І «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» ҚР Заңына сәйкес, Қазақстанда ақша белгілері авторлық құқық нысаны болып есептелмейді.
  2. Creative Commons – америкалық ҮЕҰ, оның миссиясы – шығармашылық жұмыстарды жалпы көпшіліктің заң жүзінде пайдалануын арттыру, осы мақсатпен түрлі копирайт түрлерін жасаған және авторларға солардың бірін таңдауға мүмкіндік береді. Копирайт нұсқалары әр елге, өнер түріне, лицензияның нұсқасына және пайдалану шарттарына қарай әртүрлі. Топирайттың төрт негізгі түрі бар:
  • Attribution (қысқаша BY) – міндетті түрде авторды көрсете отырып көшіруге, таратуға және көпшілікке көрсетуге болады.
  • Share-alike (қысқаша SA) – туынды шығармалар да міндетті түрде осы лицензияның шарттарымен тарауы керек.
  • Noncommercial (қысқаша NC) – туындыны коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынған.
  • No Derivative Works (қысқаша ND) – бұл шығарманың негізінде туынды шығарма жасауға тыйым салынады.
Виктория Ли
Журналист, фактчекер, фотограф.