Жапония кибербуллиңге қатысты заңға қандай өзгеріс енгізді?

Жақында Жапон парламенті кибербуллиңге қатысты заңды күшейтті. Енді қылмыскер бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 300 мың иенге дейін (шамамен 2200$) айыппұл төлейді.

Неден басталды?

2020 жылы 23 мамырда жапониялық рестлер спортшы және «Terrace House» реалити-шоуының қатысушысы 22 жастағы Хана Кимура суицид жасады. Кимура өзіне қол жұмсағанға дейін интернетте жанкүйерлер тарапынан жиі сынға ұшырап, тіпті қорлағандар да болған.

Хана Кимураның инстаграмдағы соңғы жазбасы.

Кимура қайтыс болған соң журналистер, оның әріптестері және қолдаушылары кибербуллиңнің салдары өте ауыр болуы мүмкін екенін ескертті. Кимура қайтыс болар алдында инстаграм парақшасында “қош болыңдар” деп соңғы жазбасын жариялады.

Оның анасы Кёко Кимура (Kyoko Kimura) қызы қайтыс болғаннан кейін кибербуллиңге қатысты заңды күшейту үшін коммерциялық емес “Хананы ұмытпа” атты ұйымның негізін қалады. Ұйым мақсаты кибербуллиңге қатысты cауатты арттыру.

Бұл қайғылы оқиғадан кейін журналист Адам Пачитти әлеуметтік желідегі хабарламаның кез келген адамның психикасын бұзатынын жазды. Кимура жанкүйерлерінің сөзінше, Кимура әлеуметтік желідегі кибербуллиңге шыдай алмай, суицид жасаған.

Заң не туралы және сөз бостандығына әсер ете ме?

CNN дерегінше, Хана Кимура өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін Парламентте кибербуллиң жасағандарға жазаны қайта қарау туралы шешім қабылданды.

Бұған дейін Жапонияда кибербуллиң үшін қылмыскер 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынып, 10 мың иенге (шамамен 75$) дейін айыппұл төлейтін еді. Енді қылмыскер бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 300 мың иенге дейін (шамамен 2200$) айыппұл төлейді.

Заң жобасына наразылық білдірушілер «бұл сөз бостандығына және шенділерді сынға алуға кедергі келтіруі мүмкін» десе, заңды жақтаушылар «кибербуллиңке қарсы күресу үшін қатаң заңнама қажет» екенін мәлімдеді.

Жапониядағы қылмыстық іс бойынша адвокат Сейхо Чо (Seiho Cho) бұл заңда қорлау жайлы нақты түсінік жоқ екенін айтып, сынады. Сонымен қатар, Жапонияның оппозициялық Конституциялық-демократиялық партиясы бұл түзетулерге қарсы шықты. Олар заң саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді сынаған кезде қолданылуы мүмкін деп алаңдайды.

Қалай болғанда да, тараптар заңның сөз бостандығына әсерін бақылау қажеттігін хабарлады. Егер заң үш жыл ішінде сөз бостандығына теріс ықпал етсе, қайта қаралады.

Контекст

  • Халықаралық “Шекарасыз тілшілер” ұйымының (RSF) мәліметінше, Жапония 2022 жылғы Дүниежүзілік баспасөз бостандығы рейтиңінде 71-орында. Былтыр 67-орында болған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz