Харассмент туралы 7 миф

Бұған дейін жыныстық бопсаның шығу тегін түсінуге тырысып, психологпен сөйлесіп, мәселені жан-жақты талдауға тырыстық. Енді сексуал харассмент жайында халық арасында кең тараған аңыздарды жинап, оның қаншалықты шындыққа келетінін тексеріп, назарларыңызға ұсынамыз.

Харассмент кәдімгі қырындау ғой, оған қазір әлдеқандай қылып (ғылыми) атау беріп қойған.

Үкім: Жалған және манипуляция

Шындығында «жай қырындау» мен жыныстық бопса арасында көп айырмашылық бар. Біріншісінің артында адамның өзіне қызығушылық әрі екінші тараптан жауап болады және ешкім агрессия танытпайды. Партнерлар кез-келген сәтте «жоқ» деп айта алады. Екіншісінің артында тек сексуалды қызығушылық, билеп-төстеу, жиі қайталау, алалау, кемсіту, төсек қатынасы үшін жұмысқа не оқуға қатысты талаптар қою жатады.

Жәбірленуші үшін бұл терең стресс, депрессия, адамдарға деген сенімнен айырылу, өзін айыптау, жұмысынан айырылуы/қаржылай қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Айналып келгенде, жәбірленуші бұл туралы басқаларға айтса, виктимблеймиңмен аяқталатын жағдай жиі кезігеді. Бейкүнә қырындау мен жыныстық бопса арасындағы шекара нәзік болса да, салыстыруға келмейтін мүлде бөлек қарым-қатынас.

Харассментке тек әйелдер ұшырайды.

Үкім: Жалған

Сексуал харассментке көбіне әйелдер ұшырайтыны шындық болса да, басқа жыныс пен гендерлер де мұның құрбаны болуы таңғалатын жағдай емес. Жыныстық бопса қарама-қарсы жыныс арасында да (әйел еркекке не еркек әйелге жыныстық бопса көрсететін жағдайлар), бір жыныс арасында да (еркек еркеккке не әйел әйелге жыныстық бопса жасайтын кездер) болады. Біз харассмент көрген ерлер мен әйелдер жайында бұған дейін жазғанбыз.

Зорлық-зомбылық та, педофилия да харассмент болып есептеледі.

Үкім: Жалған

Сексуал зорлық пен сексуал харассмент арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Көбінесе заңдық тұрғыдан, сексуал зорлық-зомбылық астарында анусқа, ауызға не қынапқа келісімсіз ену (кіру) жатса, жыныстық бопса кезінде ену (кіру) жоқ. Жыныстық бопсада нақты психологиялық қысым, алалау, бейәдеп қылықтар жасау, өшпенді жұмыс (оқу) ортасын құрады. Психологиялық тұрғыдан, жыныстық бопсаның үш түрінің алғашқы екеуінің астарында төсек қатынасы болғанымен, үшіншісі – гендерлік харассмент түбінде өшпенділік, басыну, кемсіту болады.

Ал педофилияны тіпті жыныстық бопсаға жатқызуға да, жолатуға да болмайтынын осыған дейін жаздық. Сексуал харассмент түбінде (амалсыз) келісім болады, ал бала келісім бере де, бас тарта да алмайды.

Харассмент тек сексуалды сипатта болады.

Үкім: Жалған

Жоқ, жыныстық бопса астарында тек қана төсек қатынасы болмайды, ол «бейәдеп жыныстық қызығушылық пен билікті асыра пайдаланудың қауіпті қосындысы». Бұл жерде алға шығатын мәселе — адамды жынысына, ұлтына, нәсіліне, сексуал ориентациясына және тағы басқа ерекшеліктеріне байланысты өшігу, кемсіту, қорлау және ар-намысын таптаудан ләззат алу сияқты үстемдік сезім. Агрессордың мұндай мінез-құлқына әлеуметтік, психологиялық факторлар әсер етуі мүмкін.

Оның үстіне сексуал харассмент түсінігі кең болғандықтан оған тек төсек қатынасы емес, жәбірленуші үстінен үстемдік сезімі, қоғаммның маскулиндік гегемонияны қолдауы (әсіресе еркектерге қатысты), жәбірленушіні қорлаудан ләззат алуы да кіреді.

Жыныстық бопсаға жәбірленушінің өзі кінәлі.

Үкім: Жалған және манипуляция

Қазақстандық медиа кеңістікте не қоғамда жәбір көрген адамды айыптау кең тараған құбылыс. Әлеуметтің біраз бөлігі жәбірленушіні «дұрыс киінбеді», «өзі тіленді», «тайынша көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» сынды дискурсты пайдалануы мүмкін. Бұған психологтар мен әлеуметтанушылар түрлі анықтама береді. Алайда зорлыққа да, сексуал харассментке де агрессор айыпты, соңғы шешімді қабылдайтын адам да сол. Бұл тақырып төңірегінде алда тарқатылған материал күтіңіз.

Сексуал харассмент көбіне басшылық тарапынан болады.

Үкім: Жартылай шындық

Мұндай стереотип түсінік шындыққа жақын болғанымен, нақты олай айту қате болар еді. Мәселе мынада: сексуал харассментке баратын немесе, мысалы, өшпенді жұмыс ортасын құратын тек басшы емес, өзі қатарлы әріптес те болуы мүмкін. Мысалы, Аустралияның адам құқықтары жөніндегі комиссия дерегінше, респонденттердің жартысы жыныстық бопсалаған агрессордың өзі қатарлы әріптесі болғанын айтқан, ал оннан бірі агрессордың басшылықтан болғанын хабарлаған.

Мұны тиісті заңнамасы бар елдердің соты пайдаланатын түсінік арқылы көрсетейік:

  1. Quid pro quo — «‎мынаны істесең, мынаны істеймін»‎ дегенге саятын қолында билігі бар басшылық тарапынан болатын сексуал сипаттағы талаптар не ұсыныстар;
  2. Өшпенді жұмыс ортасы — бұл әріптес, басышылық, супервайзер не клиент тарапынан болуы мүмкін жұмысшыны қорлайтын, ар-намысын таптайтын пікір не физикалық (сексуалды) қарым-қатынас.

Еуроодақтың жыныстық бопсаға қатысты жүргізген зерттеуіне сай, ең кең тараған жыныстық бопса ретінде әйелдің жеке өмірі туралы әріптестер тарапынан қойылатын сұрақтар деп көрсетілген.

Харассмент көбіне жасы үлкендер тарапынан болады.

Үкім: Жартылай шындық

Қазақстандық медиа кеңістіктегі ақпараттан қоғам ішінде осындай пікір қалыптасқан болуы мүмкін. Бұл жайында зерттеулер аз болса да, Аустралияның адам құқықтары жөніндегі комиссия дерегінше, агрессордың үштен екі бөлігіне жуығы 30 жастан асқан, ал 46%-і 40 жастан асқан адам болған.

Алайда сексуал харассмент билік арқылы қорқытып-үркіту, үстемдік ету, зорлық-зомбылықпен байланысты болғандықтан және агрессор жынысына емес, оның әлеуметтегі орынына қарай бала кезден «ерекек бол» деп бейімдейтін балалықтан басталуы мүмкін. HarassMap есебінде Мысырдағы агрессордың 39%-і жыныстық жетілу жасына жетпеген бала болғаны айтылады.

Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған – CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz