Әлем мен Қазақстан, жыныстық бопса һәм 11 сұраққа жауап

2021 жылғы тамызда БАҚ Екібастұз мектептерінің бірінде жыныстық бопса туралы іске “нүкте қойылғанын” хабарлады: директор тарапынан “шектен тыс көңіл бөлу” сезген екі педагог моральдық залал үшін өтемақы алды. Бұған дейін сот оқу орнының басшысына қорлайтын әрекеті үшін 42 мың теңге айыппұл салған.

Қазақстандағы жыныстық бопса жайында заң жобасы туралы мәселе көтеріп жүрген заңгерлердің көзқарасы бойынша, “нүкте” туралы айтуға әлі ерте. Бұл жағдайда отандық заңнаманың жетілмегені сонша, ер адамға өзінің жетекші лауазымында қалуға және алда басқа білім беру мекемелеріне қиындықсыз жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Біз төменде басқа елдерде заңнаманың қалай жұмыс істейтінін түсінуге әрі түсіндіруге тырысамыз, сонымен қатар жиі қойылатын 11 сұраққа жауап береміз.

Қазақстандық заңнама “жыныстық бопсаны” қалай анықтайды?

Қазақстандық заңда мұндай термин жоқ. Жыныстық бопса үшін жауапкершілік Еңбек кодексінің, Қылмыстық кодекстің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірқатар бабында ішінара қарастырылған. Оның үстіне әр бап құқық бұзушылықты өз бетінше айқындайды.

Құқық бұзушылық сипаттамасыДереккөз
Басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін
әдепсіз түрде қорлау
ҚР ҚК 131-бабы. Қорлау
Ерекше цинизммен ерекшеленетін әдепсіз
әрекеттер жасау
ҚР ҚК 293-б. Бұзақылық
Жеке тұлғаны қорлауӘҚБтК-нің 434-бабы. Ұсақ бұзақылық
<…> былапыт сөйлеуден, әбес қылықтар (белгілер) мен
заттар көрсетуден, <…> лайықсыз мінез-құлықтан,
мазақ қылудан көрінген құрметтемеушілік таныту
ӘҚБтК 80-1 бабы. Медицина және (немесе)
фармацевтика қызметкерлерінің заңды
қызметіне кедергі жасау
ӘҚБтК-нің 409-бабы ҚР-ның білім, дене
шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу
Тәрбие жұмысын жалғастыруға үйлеспейтін өнегесіз әрекетҚР ЕК-нің 52-бабы. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері

Құқық қорғау органдары “жыныстық бопса” термині болмауын қалай түсіндіреді?

Бірнеше жыл бұрын Vласть интернет-журналы бас прокуратурадан бұл термин заңнамалық деңгейде айналымға қашан енетінін сұрады. Ведомствода бұл мәселені қараудың қажеті жоқ екенін айтты: мұндай іс-әрекет ҚР ҚК-нің 123-бабындағы “жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттердi жасауға мәжбүр етуде” қамтылған.

Демек, қажетті қылмыстық бап бар. Заңда жаңа терминді бекітудің керегі не?

Қолданыстағы заңнама жәбірленушінің заң бұзушылық туралы мәлімдеу құқығын шектейді. Полиция жыныстық бопса құрбанын келесі жағдайларда қорғай алмайды:

  • оған зорлық жасалған жоқ;
  • ол құқық бұзушыға тәуелді емес, оған бағынбайды;
  • зардап шегушіні бопсаламаған;
  • қоқан-лоқы болмаған.

Термин болмаса, қазақстандық заңнама балаларды да нашар қорғайтын болғаны ма?

Жоқ, балалардың жағдайы басқа. Заңгерлер балаларға қатысты “жыныстық бопса” терминін қолданбауға кеңес береді, өйткені бұл келісім тұжырымына негізделген. Бала заң бойынша кез-келген әрекетті жасаудан бастарта не келісе алмайды, сондықтан біз “жыныстық сипаттағы азғындық әрекеттер” туралы айта аламыз. Бұлар үшін жауапкершілік ҚР ҚК-нің 124-бабында қарастырылған.

Сонымен қатар, азғындық әрекет физикалы не интеллектуалды болуы мүмкін. Біріншісі жыныстық сипаттағы әртүрлі манипуляцияны қамтиды, екіншісіне жыныстық тақырыптағы дөрекі әңгімелер, порнографиялық бейнелерді көрсету және т. б. жатады.

Егер біз ересектер туралы айтып тұрсақ, “жыныстық бопса” термині нені меңзейді?

Халықаралық тәжірибе жыныстық бопса түрлі формада көрініс табуы мүмкін дейді:

  • физикалық харассмент — қолмен тиісу, құшақтау немесе сүю;
  • вербал харассмент — ұятсыз, қорлайтын сөздер немесе әзілдер айту; сексуал сипаттағы шақырулар; жеке өмір туралы қорлайтын сұрақтар, әйелдің немесе ер адамның сырт бейнесі туралы пікірлер.
  • бейвербал харассмент — адамға жөнсіз жалтақтау, жыныстық мазмұндағы қорлайтын суреттерді, видеоларды көрсету немесе сыйлық беру;
  • психологиялық зорлық — ыңғайсыз не қажетсіз әңгімелер мен сұрақтар, өтініш пен ұсыныстар. Физикалық не сексуал тақырыптағы талаптар арқылы дұшпандық жұмыс ортасын қалыптастыру;
  • орынсыз әрекеттер, порнографиялық материалдарды мәжбүрлеп көрсету.

Екіұшты қарау мен бейәдеп қалжың үшін жауапкершілікке тартуды ұсынасыз ба?

Жоқ, жыныстық бопса мәселесінде оның формасы — екінші орындағы проблема. Заңгерлер контекстке назар аудару қажеттігін айтады. Егер адам үшінші тараптың кез-келген жағымсыз әрекетінен кейін депрессияға ұшыраса, қорланса, намысы тапталса (жеке шекарасы бұзылғаннан), осы сезім “бұл жыныстық бопса болды ма, жоқ па?» деген сұраққа нақты жауап береді.

Жыныстық бопсаны анықтаудың басқа қыры не өлшемі бар ма?

Жоқ. Жәбірленуші мен агрессор жынысқа бөлінбейді және бұл кез-келген жаста болуы мүмкін. Сексуал харассмент бір адам тарапынан қайталанбауы да ықтимал. Бопса куәгерлердің болып-болмауына қарамастан және барлық жерде, соның ішінде адам өзін қауіпсіз сезінетін жерде де — үйде, туыстары не достарының үйінде болуы мүмкін. Жыныстық бопсаны бейтаныс тұлға ғана емес, тіпті туысы не досы сияқты кез-келген адам істей алады.

Адамның жыныстық бостандығына міндетті түрде қауіп төнуі керек қой, иә?

Жоқ, міндетті емес. Халықаралық құқықтағы жыныстық бопса туралы анықтаманы қарасақ, (мысалы, Еуропа Кеңесінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы Конвенциясында) тек жыныстық еркіндік қана емес, адамның ар-ожданын қорғауға да көңіл бөледі.

Әлеуметтанушылар мен психологтардың зерттеуіне сай, жыныстық бопсалау секс және сексуалды қалаумен емес, күш пен үстемдік сезімімен байланысты. Сондықтан жыныстық бопса белгілі-бір иерархия ішінде, бір тұлға екіншісіне тәуелді кез-келген қарым-қатынаста болуы мүмкін. Wonderzine-дың жазуынша, көбіне агрессор жағдайды бақылауда ұстап тұрып басқаның шекарасын бұзғаннан ләззат алады.

Сонда жыныстық бопса қарапайым буллиңнен несімен ерекшеленеді?

Буллиң — “жай ғана” агрессия танытып, әлімжеттік көрсету; әдетте оның астарында нақты бір себеп жатпайды деп түсіндіреді Meduza. Жыныстық бопса болса, мысалы, адамның жынысы басқа болғаны үшін ғана құқығын таптауға болады, сый-құрметке лайық емес дегенге саятын алалау формасына жатады.

АҚШ-та, жыныстық қудалауға қарсы күрестің терең тарихы мен салыстырмалы түрде сәтті тәжірибесі бар елде — нақты жыныстық бопса туралы Федералды заң жоқ. Оның орнына, 1964 жылғы азаматтық құқықтар туралы заңға сүйенеді, ол жұмыс орнында нәсілдік, діни, жыныстық немесе шығу тегі бойынша алалауға тыйым салады.

Ал басқа елдердегі жағдай қалай? Барлығы жыныстық бопса жөнінде дұрыс анықтама қабылдады ма?

Жыныстық бопса деп санауға болатын мінез-құлыққа тыйым салатын заңдар салыстырмалы түрде жақында пайда болған және әр елде түрлі дейді T&P. Ең алдымен, мұндай тармақ еңбек заңнамасына енгізіледі, өйткені көп жағдайда “жыныстық бопсалау” жұмыс ортасындағы қарым-қатынас мәселесі ретінде қарастырылады. Бұдан басқа, елдер өзінің Қылмыстық кодексіне, алалауға қарсы күрес туралы, Адам құқықтары туралы және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалық актілеріне тиісті түзетулер енгізеді.

Мұны Қылмыстық кодекске енгізу үшін не істеу керек?

Харассменттің барлық формасын қылмыстық құқық бұзуға жатқызу дұрыс емес. Кейбір түрлер бойынша мәселелер азаматтық соттарда полицияның қатысуынсыз шешілуі керек. Сонымен, заңгерлер еліміздегі билікке төмендегі кеңесті ұсынады:

  • жұмыс беруші агрессорды жұмыстан шығара алатындай еңбек заңнамасын жетілдіру;
  • жыныстық бопса үшін кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салуға және медициналық, білім беру мекемелерінде белгілі бір лауазымды алуға жол бермеуге негіз болатын механизмді жетілдіру;
  • азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде моральдық зиянды өтеу механизмін жетілдіру;
  • жұмыс берушілерді жыныстық бопса бойынша шағымдарды қабылдауды, осы істерді қарауды, бұзған жағдайда тәртіптік шаралар қабылдауды, жәбірленушіні қорғау мен болжалды құқық бұзушылардың заңнан таюына жол бермеу, сондай-ақ осындай құқық бұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз ететін саясатты қабылдату;
  • жәбірленуші заңда қандай әрекеттерге тыйым салынғанын және полиция оларды қандай жағдайда қорғай алатынын нақты түсінуі үшін әкімшілік және қылмыстық заңнаманы жетілдіру.

Редакция халықаралық заңгер, Құқықтық саясатты зерттеу орталығының бағдарлама үйлестірушісі Аяжан Ойратқа материалды дайындаудағы жәрдемі үшін алғыс білдіреді.

Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған – CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz