Харассмент көргендер әңгімесі | Салдары һәм қорғану жолдары

Қазақстандағы жыныстық бопсалау туралы есепке сай, 2012 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, 80% әйел жыныстық бопсаға ұшырағанын айтқан. Соған қарамастан, тек 8% әйел құқықты қорғау шаралары жеткілікті деңгейде деп санаған.

Харассмент көзге ілмейтіндей ұсақ-түйек мәселе емес. Оның салдары әр адамда түрліше көрініс табуы мүмкін. Бұл агрессордың іс-әрекетінің деңгейіне қарай өзгермелі болуы да ықтимал. Көп жағдайда пісіп-жетілген стресс байқалады. Харассменттің жиі кездесетін салдарын төменнен қараңыз:

  • «‎Дұрыс түсінбедім, адамдар бұлай істеуі мүмкін емес»‎ дегендей болған жағдайға сенбеу;
  • «‎Бұл дұрыс емес, олар бұлай ойына келгенін істей алмайды, ісіне жауап беруі керек»‎ дегендей ашу-ыза;
  • «‎Мұның бұлай боларын білуге тиіс едім; ол жерге бармауым керек еді»‎ дегендей өзін-өзі айыптау;
  • «‎Маған ешкім сенбейді, оны [агрессорды-авт.] ештеңе де тоқтата алмайды»‎ дегендей шарасыздық және жалғыздық, адамдардан қашқақтау, депрессия т.с.с.

Қазақстанда 2013 жылы харассментке ұшырағандардың тек 37%-і болған жағдай салдарынан жұмыстан шығып кеткен.

Төменде сексуал харассментті басынан өткерген адамдардың хикаясын ұсынамыз. Кейіпкерлердің өтініші бойынша және жеке бас, психологиялық қауіпсіздігі үшін аты-жөні өзгертілді. Редакцияда олардың әңгімесінің аудио жазбасы не мәтіні сақталған.

Айгерім, 40 жаста

Мен Екібастұз қаласындағы мектепке 1 қыркүйекте әлеуметтік педагог болып жұмысқа тұрдым. Мектепте 1240-қа жуық оқушы болды. Жарты айдай жұмыс істеген соң, шамамен қыркүйектің ортасынан бастап, мектеп директоры тарапынан жыныстық бопса басталды. Оның әйелі мен екі баласы бар еді. Мен шығармашылық адамы болған соң, солардың іс-шараларында өнер көрсеткенмін, бәрі содан басталды деп ойлаймын. Ол жұмыстан шығарам, не қызметіңді көтерем деген секілді ештеңе айтпады. Бірақ қайта-қайта көңіл бөліп, мазамды алатын. Ол менің денеме рұқсатсыз тиісетін, білегімнен сипап, арқама не беліме қол жүгіртетін. Тіпті бір рет бөлмесінде қолымнан шап беріп ұстап алғаны есімде. Үйіңе жеткізіп тастайын деп көлігіне отырғызғысы келетін. Бір рет бастартқан соң, игі ойдағы адам, мұны түсінуі керек деп ойлаймын. Осылай, қазанның 22-не дейін жалғасып жүрді. Кейін мен қалалық оқу бөлімінің инспекторылығына шағымдандым. Алайда ол жерде айтарлықтай ештеңе істемеді. Сосын одан да жоғарғы органға жүгіндім. Бұл жағдай барлығына белігілі болған соң, мектептегі жұмысшылар екіге бөлінді, бірі директорды жақтап, оны қолдауға қол жинап жатты, келесілері мені түсінетінін айтып демеу болды. Себебі директордың өктемдігінен зардап шеккен жалғыз мен емес, маған дейін де болған екен. Дегенмен, жұмыс істеу адам төзгісіз деңгейге жетті. Бір жылдай стресс жағдайында жүрдім, ата-анама бар жағдайды ашып айтпадым. Директор қызметінен босатылды, қазір қатардағы мұғалім. Бірақ ондай адам бойжетіп келе жатқан қыздар оқитын мектепте, жалпы білім саласында қалай жұмыс істейтінін түсіне алмаймын. Ал мен 15 маусымға дейін жұмыс істедім де, декреттік демалыста болған жұмысшының оралуына байланысты шығып кеттім. Жақында сот өтті, үкім біздің пайдамызға шешілді. Оны моральді зиян тигізені үшін өтемақы төлеуге міндеттеді. Бірақ ол бір ай ішінде апелляцияға шағым беруі мүмкін. Одан бәрін күтуге болады.

Айтуар, 22 жаста

Бір жыл бұрын менен әлдеқайда үлкен кісімен [ер адам – ред.] жақсы араластым. Оның сексуал орентациясының қандай екеніне әлі сенімді емеспін, бірақ күмәнім бар. Бір жылдай араласып жүрген соң үйге қонаққа келді, ұйықтайтында қасыма жатып жүрді. Онымен бауыр ретінде араласқандықтан маған онысы таңсық көрінбеді. Алайда жиі кеудемнен ұстап, сілкитіні, денеме тиіскісі келіп тұратыны бар еді. Оның бұл қылығы басында түсініксіз көрінді. Ұйықтағанда құшақтап жататын. Бірде, түнде мүшемді ұстауды шығарды. «‎Жынды ма»‎ дегендей, қолын итеріп жіберетінмін. Үйге келген сайын құшақтап алып, жібермейтін. Бетімнен сүйіп жатып, көзін көзіме тура қадағанда ернімнен сүйгісі келетініндей болып, жүрегімді айнытып жіберетін. Ол үйде жүргенде бұл қылықтары бірнеше күнге жалғасты. Сосын өзімді ыңғайсыз сезініп, бөлек жатып, қашқақтайтын болдым. Ол «‎неге мені бір жерге шақырмайсың, неге маған көңіл бөлмейсің?»‎ дегендей әңгіме айтатын. Онымен сол қылықтары үшін араласпай кетсем де, оған мұны айтпадым. Бірақ іші сезетін сияқты. Мен өзімді толерант адаммын деп есептейтін едім, бірақ өз басымда осындай жағдай туғанда, қабылдау қиын екенін түсіндім. Шынымды айтсам, оның нақты кім, қайда және қалай болғанын айтқым да, есіме түсіргім де келмейді. Менде тек эмоцияналды тұрғыда шок болды. Бұл жағдайды бір адам ғана біледі. Осы әңгімені әзіл-қалжыңмен жеткізу оңайырақ. Ал жаңағы адамның өзін жеккөріп кеттім.

Сұлтан, 28 жаста

Ойланып қарасам, басымнан бірнеше жыныстық бопсалау өткен екен. Атын атағым келмейтін бір қалаға іссапармен бардым. Сол қаланың әкімшілігімен түрлі жоба жасап жүретінбіз. Шара біткен соң, олар бізді қонаққа шақырды. Шақыртуын қабыл алып, бардық, шарап іштік. Сосын сол жердегі бір келіншек бильярд ойнауға ұсыныс жасады. Ойын барысында өзі үстелге бар денесімен жатып, бөксесін шығара берді. Мен байқасам да, көрмегендей болып жүрдім. Кейін ақырындап, шеттегі орындыққа кетіп қалдым. Ол қыз артымна келіп, санымнан сипап, жүріп қайтуды ұсынды. Бірақ мен бірнеше рет меселін қайтарып тастадым.

Ертеректе, бірінші курста оқып жүргенімде университетке дәріс оқуға шенді кісілер келді. Олар қазір де «‎жоғарғы»‎ жақта. Дәріс біткен соң солардың бірі, ер адам, маған «‎сені қыдыртайын, кешке кел, жұмыс тауып берем»‎ дегенге саятын әңгіме айтты. Мен ол кезде тым жас едім, ойымда ештеңе жоқ, бардым. Сөйтсем, Ірі сауда орталығының жанынан пәтер жалдап қойған екен. Ол өзінің жалғыз екенін айтып, жанында қалуымды өтінді. Ойымда ештеңе жоқ, тағы да келістім. Кейін, түнге жақын уақытта ол мені құшақтап, бетімнен сүйе бастады. Кейде ішіп алған үлкен кісілерде сондай қылықтар болатындықтан, айтарлықтай мән бермедім. Біраз уақыт өткенде ол мас болып ұйықтап қалды да, мен жанына қонбай үйге қайтып кеттім. Кейін естуімше, ол солай жас ер балаларды өзіне тартып, жұмысқа тұрғызатынын айтып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлейтінін естідім. Бұл мәселені университет мұғалімдері де біледі, тек олар оның құзыретінен, әмірінің ұзаққа жететінін білетіндіктен үндемейді.

Жыныстық бопсалаудың салдарынан зардап шегушінің экономикалық проблемалары, физикалық және психологиялық травмалары пайда болып, еңбек ету, ақылы жұмысын, бала бағу мен білім алу мүмкіндігін жоғалтуы мүмкін. Бұл тұста жұмыс беруші де зардап шегеді: бұған жұмысқа кешігіп келу немесе мүлде келмей қою, зейінін жоғалту, дедлайнды созу және т.б. болуы ықтимал.

Сексуал харассменттен қалай қорғануға болады?

Жыныстық бопса үйде, жұмыста, қоғамдық орында немесе тағы басқа кез-келген жерде болуы мүмкін. Біз төменде харассменттен қорғану жолдарын ұсынамыз. Алайда, бұл зардап шегушінің өзін әлденеге айыптау емес, тек сақтық шаралары екенін ескеріңіз. Жыныстық бопсаға әрқашан агрессор жауапты.

  • Өзіңізге қауіпсіз орта құруға тырысыңыз, кеңседе жалғыз кездесу жасамаңыз немесе есікті ашып отырыңыз;
  • Жұмыста не оқуда агрессор сізді кездесуге шақырcа, барғыңыз келмейтінін нақты айтыңыз, егер қой дегенді түсінбей хат жазса, жазғандарын сақтап жүріңіз;
  • Әріптесіңіз не басқалары денеңізге рұқсатсыз тиіссе, күлмей, байсалды түрмен олай істемеуі керектігін айтыңыз;
  • Сіз әйел болсаңыз, ер әріптестеріңіз өзара жыныстық тақырыпта әңгіме айтса және бұл сізге ыңғайсыздық тудырса, оған араласпаңыз, мұндай әңгіменің ұнамайтынын басып айтыңыз;
  • Басшыдан не әріптестен сыйлықтың кез-келген түрін аларда абай болыңыз;
  • Ұнатпайтын адамның барлық шақырту, ұсыныстарына жоқ деңіз;
  • Көшеде артыңыздан біреу аңдыса, ашық жермен жүріп, артыңызға бұрылып, дауысыңызды қатты шығарып, сол адамды меңзеп, оған не керек екенін сұраңыз;
  • Харассмент шектен шығып, қайталана берсе, сізге ыңғайсыздық тудырып, оқуыңызға не жұмысыңызға кедергі келтірсе, бұл туралы өзіңіз сенетін адамға айтыңыз немесе психолог көмегіне жүгініңіз, агрессормен жеке қалмауға тырысыңыз не өзіңіз сенетін басшыға шағымданыңыз;
  • Агрессордың электронды поштасына хат жазып, оның қылықтары сізге ыңғайсыздық тудыратыны туралы ашық айтыңыз;
  • Жұмыс орнында жыныстық бопсалауға ұшырасаңыз HR бөліміне шағым жазыңыз, дәлел не куәгер болса соны да атап өтіңіз;
  • Білім беру, медициналық, не мемлекеттік мекемелердің қызметкерінің тарапынан жыныстық бопсаға ұшырасаңыз басшыларына шағымданыңыз;
  • Егер сізді далада/көшеде, жұмыста не оқуда біреу ұстап, сипап, жыныстық қатынасқа түсуге шақырса я мәжбүрлесе, бірден полицияға хабарласыңыз;
  • Егер сіз жыныстық бопсалаудың басқа да түрлеріне тап болсаңыз бірден заңгерлермен кеңескеніңіз жөн.

Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған – CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz