Харассментпен күрес: халықаралық тәжірибе мен Қазақстандағы жағдай

2019 жылғы жұмыстағы жыныстық бопса мен зорлыққа қатысты Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) конвенциясы биыл, 21 маусымда күшіне енді. Оны әзірше Аргентина, Эквадор, Фиджи, Намибия, Сомали және Уругвай секілді алты ел ратификациялады. Енді олар бір жылдан соң конвенция талаптарын орындауға заңды түрде міндетті. Конвенция еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалаудың, соның ішінде жынысына қарай бопсалаудың алғашқы халықаралық анықтамасын береді. Қазақстан ХЕҰ-ның 1993 жылдан бергі мүшесі, соңғы рет 2015 жылы ең төменгі жалақы құнын белгілеу туралы құжатты ратификациалаған.

Жыныстық бопсалау немесе сексуал харассмент — кез-келген жыныстық қарым-қатынасқа қатысты жағымсыз әрекет, жыныстық қызмет көрсету жайындағы өтініштер, сөзбен не әрекетпен істелетін немесе жыныстық сипаттағы қимылдар; егер мұндай әрекеттер жұмысқа кедергі келтірсе, яки жұмысқа қабылдау шарты болып сізді қорласа, ар-намысыңызға тисе, осыны харассментке жатқызуға болады. Жыныстық бопсалау бір жыныс арасында, қарама-қарсы жыныстыларда да болуы ықтимал. Жәбірленуші не агрессор әйел де, еркек те болады.

Stop Street Harassment-тің статистикасына сай, 81% әйел мен 43% еркек өмірінде жыныстық бопсалаудың бір түріне не жыныстық шабуылға ұшырағанын хабарлаған. 77% әйел вербал жыныстық бопсалауға, әрбір екінші әйел (51%) жағымсыз жыныстық тиісуді басынан өткерген. 41% әйел интернетте харассмент көрген, ал әрбір үшінші әйелді аңдыған. 30% әйел жыныс мүшені амалсыз көруге мәжбүр болған. 27% әйел — жыныстық зорлық құрбаны.

Бұдан бөлек мүгедек әйелдер мүгедек емес әйелдерге қарағанда көбірек жыныстық бопсалауға ұшырайтынын хабарлаған.

Еуроодақ деректеріне сай, агрессор көбіне зардап шегушінің жұмысына байланысты әріптесі, супервайзер немесе клиент болған. Жұмыста арына тіл тигізетін жеке өмірі туралы әріптестерінің сұрақтары харассменттің кең тараған түрі. Бұл жерде 86% жәбірлеуші — еркек. Сондықтан да заң жүзінде жыныстық бопсадан қорғайтын механизмді қалыптастыру маңызды.

«‎БҰҰ-әйелдер»‎ ұйымының 2017 жылғы дерегіне сай, әлемнің 75-тен астам елінде жұмыс орнында жыныстық бопсалауға заң жүзінде тыйым салынған. Бірақ бұған қарамастан, жұмыстағы харассмент туралы ортақ анықтама жоқ. Көп ел арнайы антидискриминация заңдарына сүйене отырып белгілі бір тәртіп орнатқан. Көбіне бұл кәсіби жақты да қамтитын гендерлік теңдік заңдарына сүйеніп жасалған. Оған Дания, Бельгия, Кипр, Финляндия және т.б. елдерді жатқызуға болады.

Мальтада жыныстық бопсалау жұмыспен қамту, еңбек қатынастары және ер мен әйел теңдігі туралы Заңда қудалау да, жыныстық бопсалау да адамның жынысына қарай кемсіту деп танылып, бұған тыйым салынады. Заңды бұзған адам қылмыс істеген болып танылып, 2329,37 еуроға дейін айыппұл төлейді немесе алты айға дейін бас бостандығынан айырылуы / шектелуі мүмкін. Кейде екі жаза бірдей қолданылады. Жұмыс беруші жыныстық бопсаны жоймаса не оған бөгет болмаса, ол белігілі бір адамға дискриминация жасады деп саналады. Зардап шегуші өз міндетіне салғырт қараған жұмыс берушінің үстінен Өнеркәсіптік трибуналға шағым түсіре алады. Ал трибунал еңбек шартын бұзып, зардап шегушіге өтемақы төлеуге міндеттеуге құқылы.

Швецияда теңдік жөніндегі заң жұмыс берушіге жыныстық бопсаға қатысты зерттеу жүргізуге нақты әрі қатаң талаптар қояды. Тіпті харассментке қатысты шағым келіп түспесе де, бірақ оны басқа адам көрген болса, жұмыс беруші мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп, мұндай жағдай қайталанбауы үшін іс-шара қолдануға міндетті.

Ұлыбританияда теңдік жөніндегі заңға сай, жұмыс беруші қызметкерлерді клиент секілді үшінші жақтағы адамдардың қысымынан қорғауға тиіс.

Басқа бір елдер гендерлік теңдік тұрғысынан емес, адамның ар-ожданына нұқсан келтіру жағынан жұмыс істейді. Мұның жарқын мысалы — Бельгия. Елде қудлаудың, жыныстық бопсалаудың барлық түрі 1996 жылы қабылданған жұмыстағы әл-ауқат туралы Заңда қарастырылған және қысым көрген қызметкер гендерге қатысты заңның бар екеніне қарамастан осы заңға сүйенуі керек.

Оңтүстік Корея болса 2019 жылы жұмыс орнындағы жыныстық бопса мен кемсіту, қорлау сынды іс-әрекетті болдырмау және бей-жай қарамау нұсқаулығын жариялады. Құжатта жұмыстағы қысым көрсету әрекеттерін анықтау критерийлері көрсетілген. Қабылданып жатқан шаралардың жеткілікті деңгейде тиімді еместігі туралы сынға қарамастан, мұндай нұсқаулықтар жұмыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында теңдессіз қадам.

Заңгерлердің айтуынша, Ресейде жұмыстағы жыныстық бопсаға қатысты нақты заңдық анықтама жоқ. Cодан болса керек, жұмыс орнындағы харассмент туралы істер сотқа сирек жіберіледі. Оны тиісті құқықтық реттеудің жоқтығымен, проблеманы нақты түсінбегендіктен (мысалы, жыныстық бопса деген не, онымен қалай күресуге болады) немесе жәбірленуші тараптың сенімсіздігі және қорқынышымен түсіндіруге болады.

АҚШ-та бейәдеп қылықтар жиі қайталанса немесе ауыр болса, дұшпандық не қорлайтын жұмыс ортасын қалыптастырса, жұмысқа қатысты қолайсыз шешім қабылдауға әкелсе (мысалы, жәбірленушіні жұмыстан шығару немесе кемсіту) бұл сексуал харассментке жатады және ол заңға қайшы іс-әрекет.

Канада жақында «‎C-65»‎ деп аталатын харассмент пен қудалауға қарсы федералды заң жобасын қабылдады. Жобаның ерекшелігі — жұмысшыны да қорғайды, жұмыс берушіге де қолдау көрсетеді. «‎C-65»‎ харассмент пен қудалауға «‎сексуал сипаттағы іс-әрекетті қоса алғанда адамды қорлайтын, арына тиетін немесе физикалық, психологиялық травмаға, ауруға алып келіп соғатын кез-келген әрекет, қылық немесе комментарий»‎ деген анықтама береді. Оның үстіне Канада жоғарыда айтқан Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясын ратификациялау жолдарын қарастырып жатыр.

Харассментпен күрес: халықаралық тәжірибе мен Қазақстандағы жағдай
Жұмыстағы харассмент нормативтік реттелген (қызыл түс) және реттелмеген (сары түс) елдер.
Халықаралық еңбек бюросының баяндамасынан, 2018 жыл.

Қазақстанда жағдай қалай?

Қазақстандағы заңдарда жыныстық бопсаға қатысты нақты бір түсінік не анықтама жоқ. Конституцияда, «‎Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы»‎ заңда, Еңбек кодексінде АҚШ, Еуроодақ, Аустралия секілді елдердегідей жыныстық бопсаның нақты анықтамасы мен мұны кемсіту деп танитын жағдай жоқ. Оның орынына жынысына не басқа ерекшеліктеріне қарай кемсітуден қорғау қарастырылған. Осылайша, елде нақты анықтама емес, жалпылама сипаттағы заңдар болғандықтан Қазақстан позициясы әлі түсініксіз, ал проблемалар ашық қалып отыр.

Халықаралық заңгер Аяжан Ойрат тиісті заңнамалар қарастырылмағандықтан жұмыстағы сексуал харассменттің нақты көрсеткішін білу мүмкін емес дейді.

Жұмыс орнындағы жыныстық бопсалау түрлі формада болуы мүмкін. Сондықтан нақты, толық статистиканы айта алмаймыз. Бізде Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша [жыныстық бопса үшін жазаланған-авт.] мысал бар: әскери бөлімдегі фельдшер шағымданған, сол боп бойынша іс жүргізілген және сол бап бойынша агрессорды жауапкершілікке тартқан. Бірақ ол жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу фактісі болған. Бірақ жыныстық бопсаның формалары әр түрлі болғандықтан және заңнамамен барлығы қамтылмағандықтан біз статистика туралы айта алмаймыз…

Аяжан Ойрат, сарапшы

2012, 2013 жылдары Қазақстанда жүргізілген сауалнамаға сай, әйел-еркек респонденттердің тек 6%-і істі құқық қорғау органдарына берген. Басқа нәтижелері тіпті адам шошытарлық: қоғамдық орында жыныстық бопсаны көріп тұрған адамдардың 25%-і агрессорға қой демес еді. Бұлай жауап бергеннің 55%-і еркек, 10%-і әйел.

Жыныстық бопсаға қатысты Қазақстан тұрғындарын зерттеу қорытындысында адамдар мұндай жағдайда кімге жүгінерін білмейтінін әрі құқық қорғаушы органдар бұл мәселемен айналысатынына сенбейтінін айтқан.

Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған – CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz