Харассмент теориясы: зерттеулер не дейді?

Жыныстық бопса немесе харассменттің кез келген түрі — құқық бұзушылық деп танылғалы бері азаймай келе жатқан қылмыс. Оны стереотиптен ауғаны үшін «жаза» деуге де болады. Себебі жұмыс орында көбіне еркек-шора қыздар, қызға ұқсаған еркектер немесе түрлі азшыл топтар мен елден ерекшеленетін адамдар сексуал харассментке өзі қатарлыларға қарағанда көбірек ұшырайды.

Социомәдени тұрғыдан қарағанда, жыныстық бопса — еркектердің үстемдік етуіне мүмкіндік беретін гендерлік рөлдердің әлеуметтену нәтижесі. Бірақ эволюционисттердің бұған қатысты ойы мүлде басқа, ал әлеуметтанушылар бұл туралы нәзік түсініктің көп екенін айтып, нақты ғылыми анықтама беруге келгенде түрліше сөйлеуі мүмкін. Дегенмен, осы тақырып төңірегінде ғылыми жұмыстарға сүйеніп, жан-жақты талдап көрейік.

Жалпы, тиісті заңнамасы бар елдерде жыныстық бопса латын тілінен аударғанда «бұл — осы үшін» дегенге саятын quid pro quо мен дұшпандық жұмыс орны деген екі алалау формасына бөлінеді. Біріншісінің мақсаты зардап шегушіні жұмысқа алу/мансабының өсуі/оқуға мүмкіндік болуы үшін жыныстық қатынасқа түсу туралы шарт болса, екіншісі алалаудың түрлі типін, жұмыста дұшпандық орта құруды қамтиды.

Айырмасы: біріншісінде агрессор іс-әрекеті арқылы зардап шегушінің үстінен қарап, жетістігі (жыныстық қатынас) мен жазалауды бақылай алатын екі адамның ғана арасындағы қарым-қатынас, ал екіншісінде бірнеше агрессор істейтін, көп мақсаты болатын сексисттік атмосфера. Бүгінде ғалым-заңгерлер мен соттар жыныстық бопсалауды анықтау үшін осы екі түрлі түсінікті пайдаланып келеді.

Сала төңірегіндегі психологтар сексуал харассменттің үш категориясын ұсынады:

Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу — жыныстық «ойнауға» әкеледі және жұмыс пен оқу үшін секс талабын қояды.

Ұнамсыз жыныстық көңіл бөлу — бұл да жыныстық «ойнауға» әкеледі, алайда кәсіп пен мансапқа қатысты талаптар қоймайды не секске түсу үшін қоқан-лоқы көрстепейді. Бұл категорияда қажетсіз/жауапсыз/ұнамсыз романтикалық ұсыныстар болады және агрессор қой дегенді ұқпайды, бұған тиісу, құшақтау сынды іс әрекет те кіреді.

Гендерлік харассмент — жыныстық бопсалаудың ең кең тараған түрі. Оның аясына сексуалды «әріптестік» ұсынатын вербал, бейвербал қарым қатынас формасымен қатар жүретін белгілі бір жынысты кемсіту, қорлау кіреді. Гендерлік харассменттің өзі екіге бөлінеді: сексисттік өшпенділік пен дөрекі бопса. Біріншісіне әйелдерді кемсітетін қалжың мен комментарийлерді, оларды басшылық қызметке лайық емес деп, ғылыммен айналысуға өресі жетпейтін адамға теңейтін ой-пікірлерді мысал етуге болады. Мұндай алалау түрі «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» дегендей мақалда көрініс табады. Екіншісіне адамның жынысына бола қаралайтын терминдер, мысалы, әйел жұмысшыны «жезөкше» деп атау жатады.

Ер де, әйел де жыныстық бопса көруі мүмкін болғанымен, олардың ішінде гендерлік ерекшелігі барлары көбірек қорлыққа ұшырайды (мұның ең классикалық мысалы, еркектер ішінде гейлер, әйелдер ішінде лесбияндар).

Харассмент теориясы: зерттеулер не дейді?
Жыныстық бопса бір-бірінен ерекшеленетін, бірақ байланысты үш класификацияға бөлінеді.

Қызық факт: Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу мен ұнамсыз жыныстық көңіл-бөлудің түбінде сексуалды қызығушылық жатса (мысалы әйелді эксплуатациялау), гендерлік харассмент түбінде әйелдерге/гендерлік нормаларды бұзғандарға деген өшпенділік жатады.

Жыныстық бопсаға не түрткі болады?

Эволюциялық көз-қарасқа сай, еркектердің жыныстық қатынасқа және көп ұрпақ қалдыруға бейімдігі оларды сексуал харассмент жасауға итермелейді, алайда бұған қызығушылық танытпайтын әйелдер тарапынан қолдау таппайды. Ал еркектің басқа ерлерді қудалауы бәсекелестікті азайтуға деген талпыныс деп түсіндіріледі. Бірақ бұл тұжырым жеткілікті деңгейде зерттелмеген және концепция тұрғысынан проблематикалы. Оның үстіне бұл ой сексуал харассменттің кей формасын назарға ілмейді және гендерлік стереотипті бұзған әйел мен еркектің қудалану себебін түсіндіре алмайды.

Социомәдени гендерлік көзқарасқа сай, еркектердің «күшті, мықты» болатынын күту жыныстық бопсаға түрткі болатын және ақтайтын күшті құрылым. Әйелге үстемдік, гомосексуалға өшпенділік, доминанттық сияқты маскулиндіктің гегемондық нормалары еркектерге жыныстық бопса жасауға мүмкіндік береді және сол арқылы «еркектігін» дәлелдеу амалы болады. Бұдан бөлек, осал жәбірленуші гипотезасы неге әйелдер мен түрлі азшылық көбірек жыныстық бопса көретінін, күшпен қорқыту моделі гетереосексуал еркек үстемдігін сақтағысы келгені үшін әйелдер мен азышылықты қорқытатынын түсіндіреді. Ал әлеуметтік билік неліктен мигрант әйелдер, қызмет көрсетуші персонал мен даяшы және т.б көбірек зардап шегетінін айқындайды.

Негізі, ғылыми ортаның өзінде сексуал харассмент кең тараған. Бұл туралы АҚШ-тың Ұлттық ғылым, инженерия және медицина академиясының есебінде жазылған. Мұндай қарым-қатынас дарынды зерттеушілердің жұмыстан кетуіне түрткі болған. Сонымен қатар АҚШ-тағы сексуал харассментке қарсы күресу шаралары жеткілікті деңгейде тиімді емес екенін көрсетіп, оның көбіне адамды емес, ұйымды қорғайтыны анықталған. Бұдан бөлек харассмент университет қабырғасында кең тараған, ал университет басшылығы «жұлдыз» профессорлардың сөзін сөйлеп, мұны доғару үшін іс-шара қабылдамау факторлары да анықталған.

Психолог Серікгүл Сали Factcheck.kz-ке адамның харассер болып шығуына бала кездегі тәрбиеден кеткен қателік себеп болады дейді.

Адамдарда 8 тип болады, соның бірі ғана осындай іс-әрекетке баруы мүмкін: тек 20%-і осы типпен дүниеге келеді. Олардың балалық шағындағы психикасы қалыптасу кезінде (ол тазалыққа үйренетін уақыт) ата-ана оның психикасын қай бағытта дамытады — соған байланысты психикада бір күй қалады. Сол қалған күй ересек адам болып өскен кезде түрлі адами қалауларының орындалуы-орындалмауына байлансты фрустрациялық күйге өтеді. Яғни түрлі қалауы орындалмай, үсті-үстіне жиналған кезде осы типтегі адамдар өзінің жыныстық қалауын дұрыс емес жағынан іске асырғысы келеді. Дұрыс емес деп — зорлық-зомбылық, қорлау, жәбір көрсету әрекеттерін айтамыз.

Әрбір адамның психикасы оны жыныстық ләззәт алуға итермелейді. Оны адам басқармайды, психика адамды басқарады. Ой психиканың қалауына қарай өзгереді. Психика ойдан үлкен. Адамның ойы мұның бұрыс екенін, бұл бейәдеп екенін біліп тұрса да, психика өз дегенін істетеді.

Серікгүл Сали
Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған – CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz