WhatsApp желісіндегі фейктер: әлемдік күрес тәжірибесі

WhatsApp мессенджерін 2014 жылы Facebook 19 млрд долларға сатып алған еді, «үлкен ағасының» басында бар мәселелер WhatsApp желісіне де қатысты. Poynter жетекші фактчекерлерге сұрау сала отырып, қосымшадағы фейк жаңалықтармен не істеу керектігін әлі ешкім таппады деген түйін жасайды.

WhatsApp желісіндегі фейктермен күресу неге қиын?

WhatsApp пайдаланушылар саны 2017 жылдың жазында 1 млрд адам болды. Фейктер де қалыспайды, пайдаланушылар Африкадағы дауыл, Бразилиядағы балаларды ұрлау оқиғасы, Германиядағы сайлау туралы жалған жаңалықтар мен тәуелсіз Каталониядағы дауыс беру туралы хабарламаларға сенер-сенбесін білмегені анық. Бұдан фактчекерлер үшін де, WhatsApp үшін де қосымша жұмыс бар екенін аңғаруға болады. Қосымшаның танымал екенін ескерсек, назар аудармау мүмкін де емес.

«WhatsApp желісінің ерекшелігі пайдаланушылардың бейресмилігі мен қауіпсіздігіне байланысты, – деді Poynter-ге жазған хатында желінің коммуникация бойынша директоры Карл Воог. – Сонымен бірге біз фейк жаңалықтар проблемасын да түсінеміз. Соған қарамастан, негізгі ерекшелігімізді сақтап қалғымыз келеді». Мессенджердің салыстырмалы түрде қауіпсіз  екеніне қатысты Воогпен дауласуға болады, ал фейктердің пайда болу себебі мүлдем бөлек.

Facebook пен Twitter желілерінде жаңалықтар, фото мен видео лек-легімен жарияланатын болса, WhatsApp аздап шашыраңқы. Ақпарат негізінен топтардың ішінде жүреді, ал топта ең көп дегенде 256 адам болады. Хабарламалардың барлығы шифрленген. Дәл осы факторлар фактчекерлердің жұмысын қиындатады: хабарламаның қайда және қашан вирусқа айналатынын болжап білу мүмкін емес. Қазіргі кезде WhatsApp желісіндегі белсенділікке мониторинг жасайтын бағдарлама жоқ.

Facebook фактчек ұйымдарымен әріптестік жасағаннан бөлек пайдаланушыларды медиасауаттылыққа үйретуге де әрекет етуде. Бұл ретте Кенияның сынақ алаңы болғанын айта кеткен жөн, елдегі сайлау кезінде әлеуметтік желілер жалған ақпарат таратудың ең негізгі көзі болды. Соған орай кениялық пайдаланушы үшін жазбаның рас-өтірігін тексеруге мүмкіндік беретін нағыз нұсқаулық жасауды көздеп отыр.

Оқырманға қалай жол табу керек?

La Silla Vacía деп аталатын колумбиялық фактчек ұйымы Whatsapp арқылы таралатын ақпаратты тексеруді алғашқылардың қатарында қолға алды. La Silla Vacía журналисі Хуан Эстебан Льюин бұл қосымшаны қара жәшікпен салыстырады: «Whatsapp желісіндегі хабарламаңды қанша адам оқитыны белгісіз. Ондағы жалған ақпарат ағынына тосқауыл қоя аламыз деп ойламаймын».

Қостанайда жоғалып кетті делінген бала. 2016 жылғы фейк хабарлама

Фактчекерлер оқырманға тікелей шыққанды жөн көреді. Chequeado, Africa Check және Boatos.org оқырмандарынан күдікті ақпаратты редакцияның арнайы аккаунттарына жіберуді сұрайды. Сонымен бірге, тексерілген ақпаратты алғашқы таратушының мәліметімен салыстыруды ұсынады.

«Адамдар кейде әлеуметтік желіде пікір айтудан қорқады. WhatsApp бұл ретте қауіпсіз болып көрінеді, сондықтан құпия жоспарларын сол жерде талқылағанды дұрыс көреді», – деп есептейді Гулин Кавус. Ол қызмет ететін Teyit.org Халықаралық фактчек желісіне кіреді.

Chequeado бас директоры Лора Зоммер оның пікірімен келіседі: «Мұнда бастапқы ақпарат таратушыны табу әлдеқайда қиын, өйткені мұндағы ақпарат көзі журналистер үйреніп қалған дереккөздерге ұқсамайды. Журналистер халықтың не туралы айтып жатқанынан хабардар болуы керек, халық біздің ойымыздағыны айтпауы мүмкін».

Бразилияда WhatsApp желісін 100 млн адам пайдаланады. Boatos атты жергілікті фактчек ұйымы қосымша арқылы оқырманға тікелей тексерілген ақпаратты жібереді. Ұйымда қызмет істейтін Эдгар Мацуки күніне екі смартфоннан 500-ге жуық хабарлама алатынын, бұл ұйымның сайты үшін айтарлықтай ауыр екенін айтады. Дегенмен, Мацуки мұның жақсы жағы бар деп есептейді: «Біз белгілі бір алгоритмдерге тәуелді емеспіз, аудиториямен тікелей байланыс жасай аламыз. Әрі платформамызды жетілдіру тәсілдерін де ойластырып жүрміз».

Льюиннің сөзінше, Колумбияда қосымша орта және төменгі тап арасында үлкен сұранысқа ие. Былтырғы Колумбия төңкерісшіл қарулы күштерімен (FARC) бейбітшілікке келу жөніндегі референдумға қол қойғаннан кейін WhatsApp негізгі ақпарат көзі болып қалған.

Ол фейк бұл фейкке ұқсамайды: географиялық ерекшелік

Льюиннің айтуынша, фейктердің көпшілігі ең басында WhatsApp желісінде пайда болмаған, олар интернеттен алынып, кейіннен осы қосымша арқылы таралған. Africa Check аға зерттеушісі Кейт Уилкинсон мұндай фейктердің ең негізгі мақсаты эмоция тудыру екенін айтады. Бүкіл әлемде фейктер бір-біріне ұқсайтындай көрінгенімен, олар әр аймақта әртүрлі.

Аргентина мен Колумбияда хабарламалар негізінен саясат тақырыбында, соның ішінде жергілікті және мемлекеттік сайлау туралы. WhatsApp желісінде сайлаушылардың бюллетеньде жануарларға аяусыз көзқарасқа қарсы дауыс бергенін, бұл олардың дауыстарын жоққа шығарғанын айтқан бір мем тараған еді, Chequeado соның рас-өтірігін анықтаған. Колумбиялық La Silla Vacía аптасына кемінде бір WhatsApp хабарламасына фактчек жасайды. Солардың ішіндегі ең көп тараған тақырыптар – FARC және келесі жылы өтетін президент және конгресс мүшелерінің сайлауы.

Ал африкалық фейктердің саясатта шаруасы жоқ. Уилкинсон: «Көп жағдайда жалған ақпарат арқылы қандай да бір қауіпті, соның ішінде қылмыстық іс, зорлық-зомбылық немесе жайсыз ауа райы туралы айтады», – дейді. Әйгілі африкалық фейктердің бірінде Африканың оңтүстігіне қатты дауыл жақындап келе жатқаны, ол Йоханнесбургке де жететіні айтылған болатын. Шын мәнінде дауыл оны жанап өтіп кеткен.

Мұндай хабарламалар өз алдына, соңғы бірнеше жылда саяси жағдайдың ушығуына орай әдетке айналған фейктер мүлдем бөлек. Уилкинсонның айтуынша, оқырмандар редакцияға хабарламаларды тексеріп беруге жібереді екен, олар шынымен қауіп төнген жағдайда халыққа көмектескісі келеді, қорыққаннан немесе ашуланғаннан емес. «WhatsApp – өте жақын араласатын алаң. Қандай да бір қауіп туралы ақпарат алсаң, оны әрі қарай тарату ықтималдығың жоғары».

Дегенмен бұл солай бейресми құрылған платформадағы дебанкинг процесін жеңілдетпейді. Фактчекерлердің фейктерді анықтауға тырысқан әрекетінен нәтиже шығатын-шықпайтыны әлі күнге дейін белгісіз, өйткені оны өлшейтін ештеңе жоқ.

Poynter сұрау салған фактчекерлер атқарып жүрген жұмыстарын тікелей WhatsApp басшылығымен талқыға салмағандарын айтады. Ең жаманы, кейбір фейктер қайтып оралуға бейім келеді. «Бір жарым жыл бұрын ақ-қарасын анықтаған бір жалған ақпарат өткен аптада тағы келіп тұр», – дейді Льюин.

Дегенмен, жағдай соншалық жаман емес. Льюин La Silla Vacía жұмысының нәтижесіз де емес екенін айтады. «Қазір қандай да бір ақпаратты «алдымен тексеріп алу керек» деп айтатындар  бар. Біз оқырманға және краудсорсингке арқа сүйеуіміз керек. Өйткені фактчекинг сайтын айналдыру оңай емес», – дейді ол.

WhatsApp хабарламаларға мониторинг жасау тәсілін ойлап тапқанға дейін (контент шифрленген болғандықтан, мұның ықтималдығы өте төмен) фактчекерлер оқырманмен қоян-қолтық жұмыс істеуіне тура келеді. Мұндай ауқымды мәселе үшін, әлбетте, табылған шешім деуге келмейді.

«Адамдарға фейк таратпауды қалай қойдыруға болатынын білмейміз. Сондықтан оның барлық мүмкіндігін қарастыруымыз керек», – дейді Зоммер.

Қауіпсіздік ережесі

Толық нұсқаулықты InformBuro сайтындағы әріптестеріміз дайындаған екен. Оқуға кеңес береміз.

Виктория Ли
Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.