«Тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығы» – ғалымдар атын жамылған антиваксерлер

Өткен аптада әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығының» «Сараптаманың кешенді қорытындысы» SARS-CoV-2-нің алдын алу үшін иммунопрофилактикалық препараттарды талдау» атты құжаты тарала бастады.

Тарап жатқан файл

Зерттеу кезінде авторлар қолданыстағы COVID-19 вакциналары вирусқа қарсы тұра алмайтынын немесе бұл инфекцияға қарсы иммунитет қалыптастыра алмайтынын білді. Сондай-ақ, препараттың адам денсаулығына аса қауіпті екені айтылады.

Авторлар өз жұмысында ДДСҰ-ның ресми сайты, The Lancet ғылыми журналы және АҚШ-тың азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау жөніндегі басқармасы (FDA) сияқты халықаралық дереккөздерге сілтеме жасайды. Бұл ұйымның бірінші релизі емес.

Осыған байланысты Factcheck.kz редакциясы «Тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығы» қандай ұйым екенін және олар жариялаған құжаттағы вакциналар туралы айтылғандар қаншалық рас екенін тексеруге шешім қабылдады.

Қысқаша қорытынды:

  • «Тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығы» – ковид-диссиденттер мен қастандық теоретиктері қауымдастығы, COVID-19-дың шығу тегі жасанды деп, балаларды чиптеу туралы, әлемдегі жасырын элита жайлы және сол сияқтылар туралы жалған ақпарат таратады.
  • Олардың әрекеті артында Ресейдің «Қайта өрлеу жалпыхалықтық одағы» (ОСВР) – секта белгілері бар қастандық теоретиктері қауымдастығы тұр (Ресей құқық қорғау органдары мәліметі бойынша). Ұйым жетекшісі Светлана Лада-Русь (бұрынғы Пеунова) рептилоид келуімен ақырзаманның болатынын болжады және ол қазір Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша, соның ішінде алаяқтық пен денсаулыққа зиян келтіру бабы бойынша халықаралық іздеуде жүр. Қауымдастық материалдары ОСВР уеб-сайтында арнайы бөлімде жарияланды.
  • «Қауымдастық» әлеуметтік желілерде дезинформацияны өте белсенді таратады және қолдаушыларын бұған барынша үлес қосуға шақырады. Олардың аккаунттында он мыңдаған жазылушылар бар. Олардың кейбіреуі «вакцинаторларға» қарсы партизан соғысын бастауды ұсынды.
  • Олар таратып отырған құжат – ғылыми зерттеулер атын жамылған жалған және манипуляциялық мәлімдемелер жиынтығы. Біз осы тұжырымдардың көпшілігін бірнеше рет талдадық.

«Қауымдастықтың» «Ресейдің Қайта өрлеу жалпыхалықтық одағымен» байланысы

«Дәрігерлердің тәуелсіз қауымдастығы» деген ұйым өзін Ресейден келген дәрігерлердің сараптамалық қауымдастығы ретінде көрсетеді, бірақ ресми түрде мұндай ұйым жоқ. Ол Ресей Федерациясының Әділет министрлігі порталындағы коммерциялық емес ұйымдардың тізіміне немесе СПАРК ақпараттық ресурсы мәліметтер базасына енгізілмеген.

Ресми сайтында ұйымның 2019 жылы Мәскеуде құрылғаны айтылған. Сол кезде Халық өкілдері съезі өтті, оған 1200 адам қатысты. Ұйым құрылымы бекітілді, оның он бөлімшесінің бірі әлеуметтік саясат және денсаулық сақтау комитеті болды. Онда белсенділермен бірге кәсіби дәрігерлер де қосылды.

«Қауымдастықтың» құрылғаны туралы өзі былтыр наурызда Ресейде жарияланды. Авторлар «Ресейдегі эпидемия мен қорқынышты ауру туралы айта бастағанда, не болып жатқанын түсінген Комитет дәрігерлері үнсіз қала алмады, олар елге ПЛАНдемия мен дүрбелеңнің басталуынан басқа ештеңе болмайтынын айтты».

Айта кететіні, «Халық өкілдері съезі» – вакцинаға қарсы насихат пен қастандық теориясын тарататын тоталитарлық секта белгілері бар атышулы ұйым «Ресейдің Қайта Өрлеу Жалпыхалықтық Одағының» (ОСВР) кезекті отырысы. Екі ұйым бірігіп жұмыс істейтінін білуге болады. Бұған «Мәскеу ОСВР» паблигі репосттары «Қауымдастықтың» Telegram-каналында жиі кездесетіні, ұйымның электрон поштасы ОСВР негізінде құрылғаны және материалдар бұрын ОСВР уеб-сайтында жарияланғаны дәлел.

«Тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығы» - ғалымдар атын жамылған антиваксерлер
Қауымдастық сайтының басты беті

Жақында ОСВР уеб-сайтын Роскомнадзор бұғаттады. Еске сала кетейік, бұл ұйым «КСРО-ның жойылған мемлекетін жандандыруды» көздейді және Ресей Федерациясын «барлық белгісі бойынша отар» саналатын «заңсыз жалған мемлекет» деп атайды.

«Возрождение одағының» өзі іс жүзінде Ресей Федерациясы аумағында тыйым салынған ұйымдар тізіміне Ресей Федерациясының Әділет министрлігі енгізген «Воля» партиясы «ізбасары» саналады. Біз айтқан ОСВР басшысы – емші, психолог және саясаткер Светлана Лада-Руське ерекше назар аудару керек.

Қысқаша айтқанда, Лада-Русь әлемге ақырзаманның келуі мен Нибиру планетасынан рептилоидтардың келуін болжады, президенттікке және басқа да жерлерге сайлауға түсуге тырысты, соңында алаяқтық ісіне күдікке ілінді, кейін қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру (алдын ала келісім бойынша адамдар тобы) бабы бойынша сотталды. Емшінің құрбаны әйел науқас болды.

Қазір Светлана Лада-Русь қашып жүр, бірақ соған қарамастан интернеттегі даулы әрекеттерін жалғастырып жатыр. Мысалы, ол қаржылық көмек ұсынысымен «Обманутая Россия» видеожобасын жүргізеді, онлайн-психолог қызметін көрсетеді, авторлық құқығы қорғалған кітаптарды сатады, өзінің YouTube-каналында және интернетте қоғамдық қабылдау жүргізеді.

«Тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығы» - ғалымдар атын жамылған антиваксерлер
Лада-Русь уеб-сайты басты бетінің скриншоты

Сонымен қатар, тиктокта үнемі жаңартылатын «Светлана Лада-Русь шығармашылығы» деген аккаунты бар, оның 47 мыңнан астам жазылушысы бар. Аккаунт сипаттамасында тек архивтегі жазбалар жариялайтыны айтылғанымен, олардың арасында Пеунованың өзекті тақырыптардағы – вакциналар мен маскалар қаупі туралы мәлімдемелерін табуға болады.

Офлайн кездесулерде және әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату

Қауымдастықтың өзі де жалған ақпарат пен қастандық теорияларын белсенді түрде таратып жатыр. Олар вакцинация мен маска режиміне қарсы қарарларды үнемі жариялайды, дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізеді. Біздің редакция мен шетелдік фактчекерлер бұл мәлімдемені талдап қойған.

Мысалы, 7 маусымда YouTube-тегі «А если честно» каналында Міндетті вакцинацияға қарсы Ресей дәрігерлері қауымдастығының онлайн-отырысы өтті (бұл да Лада-Руське байланысты көрінеді). Спикерлер сөзі көптеген фейк және қастандық теориялары үзінділерімен толықты (тимеросал, полиомиелитке қарсы вакцинадағы sv40 вирусы, КПК-да үзілген ұрық жасушалары, Билл Гейтс және т.б.).

Сондай -ақ, интернетте «Тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығы» төрайымы Алина Лушавина бар видеоролик таралды, онда ол коронавирус тудырған жұмбақ күштер, жаһандық қастандық теориясы және балаларды болашақта шиптеу туралы айтады. Барлық мәлімдеме манипуляция және ғылымға қарсы риторика болды.

Айтпақшы, Алина Лушавина да, Светлана-Лада Русь та, Delfi -дегі біздің әріптестеріміз білгендей, бұрын Самарада жұмыс істеген. Ол – Самара диагностикалық орталығы невропатологы, бірақ кейінгі уақытта Ресей аймақтарында сөз сөйлеу үшін көбірек шығып жүр, бұл ресми сайттағы ақпаратта көрінеді. Шекарадан өту қиындықтарына қарамастан, ұйымның 2020 жылдың 20 тамызындағы көшпелі отырысы Будапеште де өтті.

«Қауымдастықтың» жеке You-Tube-каналы болмаса да, ұйым төрағасының сөйлеген сөзі мен сұхбаттары басқа ақпарат көздерінде үнемі жарияланып тұрады. Сонымен қатар, олардың 30 мың жазылушысы бар Instagram аккаунты, 16 мыңнан астам мүшесі бар ВКонтакте тобы және Telegram-каналы бар. Осы материалды жазу кезінде каналдың 25 мыңнан астам жазылушысы болды.

Ең белсенді жұмыс Telegram-да жүзеге асырылады. Админстрация көбінесе вакцинаға қарсы «#Разоблачено», «Будильник. Новостной», «НЕТ ПРИНУЖДЕНИЮ!» немесе «ОСВР Москва» сияқты каналдар ақпаратын бөлісіп отырады. Тіпті ашық фейктер де кездеседі: мысалы, қайтыс болды деген қыз туралы жаңалықтарда нейрон желісі жасаған әйел бейнесіндегі Илон Маск портреті тұрады (қазір бұл пост жойылды).

«Тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығы» - ғалымдар атын жамылған антиваксерлер
Постта jopae otvalille синдромы туралы айтылады. Ал бұл «қыздың» бет-бейнесі – бұл нейрон желісі өңдеген Илон Маск келбеті. Сурет Instagram желісіндегі «Илона Нейро ТП» аккаунтынан алынды, оның авторы нейрон желісін цитата жасауды және қыздардың фотосуретін Илон Маск бетімен үйлестіруді үйретті.

Сондай-ақ, КВИ-ге қарсы вакциналар салдарынан болатын өлімге әкелетін жағдайлар туралы, «мәжбүрлі» вакцинациядан бас тарту туралы нұсқаулықтар немесе ұйым «эксперттерімен» тікелей эфирлер туралы айтылатын авторлық посттар бар. «Қауымдастық» каналы жазылушыларды мезгіл-мезгіл туыстары мен достарының арасында осы ақпаратты таратуға шақырады.

Медиазона хабарлауынша, чатқа қатысушылардың кейбіреуі партизан отрядтарын құруды және ормандарға кетуді ұсынды. Авторлар өмір сүру үшін қандай заттар мен өнімдерді сатып алуы керек екенін және қажет болған жағдайда қазылған жерлерді, жер қазып, қорғанысқа дайындалу қажет болатынын егжей-тегжейлі айтып берді. Балама ретінде олар вакцинациядан қашқандарды паналатуға дайын, оның есесіне үй шаруасына көмектесуге болатын фермерлер телефонын жариялады.

Вакцинаға қарсы іс бойынша сот ісі

Сонымен қатар, ұйым өкілдері тіпті вакцинацияға қарсы ұжымдық іс қозғауға тырысты.

Осы жылдың басында «Дәрігерлер қауымдастығы» төрағасы тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне ұжымдық әкімшілік іс түсті. Қоғамдастық мүшелері департаменттің «Спутник V», «ЭпиВакКорона» және «Ковивак» вакциналарын тіркеу туралы шешімдерін заңсыз деп тануды сұрады.

Бірнеше күннен кейін Мәскеудің Тверской соты талап арызды қанағаттандырмады, өйткені Денсаулық сақтау министрлігі әрекетінде өтініш берушілердің құқықтары бұзылғанын байқамады. Лушавина айтуынша, осы уақыт аралығында «осы дәрі-дәрмектерге қатысты» сот ісіне 5 мыңнан астам адам қосылған.

Медиазона хабарлауынша, талап қоюды дайындау мен беру кезінде «Қауымдастық» мүшелеріне «Пациенттерді қорғау лигасы» президенті, адвокат Александр Саверский кеңес берген. Қаңтар айында оның өзі Жоғарғы Сотқа екі талап арыз берді: бірінде ол маска тағу режимін және әлеуметтік дистанция сақтауды жоюды талап етті, екіншісінде үкіметтің 2020 жылғы 31 қаңтардағы коронавирусты қоғамға қауіпті аурулар тізбесіне енгізген қаулысына қарсы шықты. Сот екеуін де қанағаттандырудан бас тартты.

Сонымен қатар, былтыр маусым айында Қатысушылар көрермендерді Роспотребнадзорға, Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігіне, басқа мемлекеттік органдарға және Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путинге жолдаған мәжбүрлі вакцинацияға қарсы тағы бір қарарға қол қоюға шақырды. Ол ОСВР сайтында жарияланды және 26 мыңнан астам қол жинады.

«Тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығы» «зерттеуіндегі» өтірік пен манипуляциялар

Әуелі вакциналардың қауіпті екені туралы зерттеу атын жамылып, әлеуметтік желілерде таралатын ұйымның «кешенді қорытындысын» «Қауымдастық» мүшелері сырттан ешқандай экспертті тартпай-ақ өздері құрастырғанын айтып өтейік. Олардың есімін және кейде өзін-өзі түсіндіретін өмірбаянын сайттан табуға болады.

Бұл ресми зерттеу емес екенін ескеру маңызды, себебі ол бірде-бір сараптамадан немесе сараптамалық тексеруден өтпеген және тек оны жүргізген ұйымның интернет-ресурсында жарияланған. Сонымен қатар, оны құрастыру үшін авторларға екі-ақ апта уақыт қажет болды, бұл да күдік тудырады.

Осы құжаттың негізгі тезистеріне талдау жасайық. Айтып өтейік, біз барлық дерлік мәлімдемені бірнеше рет талдадық.

Пікір: «SARS-CoV-2 вирусынан туындаған коронавирус инфекция алдын алуға арналған вакциналар адамдар үшін сапалы, тиімді және қауіпсіз емес. Вакциналарды әзірлеу кезінде ғылыми стандарттар талап ететін сынақтардың түрлері мен кезеңдерінің БАРЛЫҒЫ ӨТІЛМЕГЕН және өткен кезеңдерде айқын бұзушылықтар бар. Ғылыми мәліметтер бойынша, барлық зерттеу циклі 5 жылдан 15 жылға дейін созылуге тиіс. Алайда бұл шарттар бұзылды».

Үкім: Жалған және манипуляция

Жалғаны мынау: ДДСҰ мақұлдаған барлық вакцина тиімділігі мен қауіпсіздігін тексерген қатаң үш сатылы сынақтан өтті. Бұл тақырып бойынша егжей-тегжейлі есептерді әзірлеушілердің өздері де, денсаулық сақтау саласындағы халықаралық сарапшылар да жариялады. Сонымен қатар, халықаралық реттеушілер вакцинаның жанама әсерлерін әлі де бақылап отыр.

Манипуляциясы мынау: біріншіден, тестілеу ДДСҰ-ның барлық қабылданған стандартына сәйкес жүзеге асырылады, бірақ қысқа уақыт ішінде жағдайдың маңызын ескеретен ережелер де айтылады. Екіншіден, зерттеу вакциналарды сынау уақытын едәуір асыра көрсетті. Кей жағдайда вакциналар жасауға 5-6 ай ғана уақыт кетеді. Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдары да, ДДСҰ да COVID-19-ға қарсы вакциналардың дамуы, кандидат вакциналарды әзірлеу кезеңдері мен сынақ кезеңдері туралы кеңінен ақпарат берді.

Еске салайық, ДДСҰ-ның вакциналарды клиникалық бағалау жөніндегі нұсқаулығы бойынша, клиникаға дейінгі зерттеулер in vitro (яғни сөзбе-сөз, сынауықта, жасуша модельдерінде) немесе in vivo – жануарлар модельінде жүргізіледі. Клиникаға дейінгі және зертханалық мәліметтер вакцинаның дамуы мен өндірісінің егжей-тегжейін, бақылаудың сынақ есептерімен бірге қамтиды, олар адамның әрі қарайғы клиникалық сынақтарын дәлелдеу үшін жеткілікті болуы керек.

Сонымен қатар, FDA барлық вакцина үшін дәрі-дәрмектер сәйкес келуі керек жоғары қауіпсіздік стандарттарына ие. Вакцина ресми түрде мақұлданып, адамдарға қолданылғаннан кейін FDA және АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы ықтимал проблемалар мен ауыр жанама әсерлерді бақылауды жалғастырады.

Көптеген мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым вакцинаның сапасын бақылау мен бақылауға қатысады. Сондай-ақ, АҚШ-та вакцина қауіпсіздігін зерттейтін бүтін бір институт бар. Ең бастысы, бұл мәліметтердің барлығы ашық.

Пікір: «SARS-CoV-2 вирусынан туындаған коронавирус инфекцияның алдын алуға арналған вакциналар адамда SARS-CoV-2 вирусынан туындаған коронавирус инфекциясы сияқты белсенді және пассив иммунитет қалыптастырмайды».

Үкім: Жалған

Бүкіл әлем ғалымдары COVID-19-ға қарсы вакциналар аурудың таралуын болдырмайтынын және иммунитеттің дамуына ықпал ететінін бірнеше рет дәлелдеді. Бұл он мыңдаған адамдар қатысқан көптеген зерттеу мен клиникалық зерттеулер арқылы, сондай-ақ, вакцинация нәтижелері арқылы расталады. Бұны ДДСҰ, CDC немесе EMA сияқты денсаулық сақтаудың халықаралық реттеушілері растады.

Қазіргі дәрі-дәрмектер әртүрлі тиімділік деңгейлерімен COVID-19-ға қарсы иммунитетті қамтамасыз етеді деп нақты айтуға болады. CDC мамандары бірнеше рет COVID-19-ға қарсы вакцинация мен өзін және басқаларды қорғау бойынша халықаралық ұсыныстарды сақтау ғана COVID-19-дан жақсы қорғаныс болады деп мәлімдеді.

Nature журналында жарияланған зерттеу бойынша, COVID-19-ға қарсы вакциналардың көптеген клиникалық сынағы олардың инфекцияның таралуын тежейтін қабілетке ие екенін көрсетті. Сонымен қатар, вакциналар барлық адамды қорғауды қамтамасыз етпесе де, олар популяциядағы вирус жүктемесін едәуір төмендетеді және ауру ағымын жеңілдетеді.

Пікір: «SARS-CoV-2 вирусынан туындаған коронавирус инфекцияның алдын алуға арналған вакциналарды профилактикалық егу SARS-CoV-2 вирусынан туындаған коронавирус инфекциясы сияқты жұқпалы ауруды жоя алмайды».

Үкім: Манипуляция

Вакцинация «вирусқа қарсы күресті өз мойнына алмайды», бірақ ол иммун жүйесін вирусты тануды және онымен күресуді үйренуге итермелейді. Вакцинация мақсаты – антигенді организмге жеткізіп, оны иммун жүйесіне «ұсыну». Сонымен қатар, вакцинациядан кейін коронавирусты жұқтыруы мүмкін, өйткені ешбір вакцина адамды 100% қорғай алмайды. Бірақ вакциналардың клиникалық сынақтары олардың ауыр аурулардан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен жақсы қорғайтынын көрсетті.

Пікір: «SARS-CoV-2 вирусынан туындаған коронавирус инфекцияның алдын алуға арналған вакциналарды қабылдау салдарынан адам денсаулығына зиян келтіру қаупі ТЕЗ және оларды қолдану тиімділігінен бірнеше есе жоғары».

Үкім: Жалған

Вакцинаның организмге коронавирус инфекциясынан гөрі көп зиян тигізетіні туралы ешқандай дәлел жоқ. Вакциналарда денені нақты қауіппен күресуге үйрететін қауіпсіз, әлсіреген вирус немесе оның бір бөлігі ғана бар. Халықаралық эксперттер вакцинацияның пайдасы ықтимал қауіптен әлдеқайда жоғары екенін үнемі растайды. Оның үстіне, бірқатар ел тәжірибесі дәл қазіргі пандемиямен күрестің басты қаруы жаппай вакцинациялау екенін көрсетеді.

Вакцинадан кейінгі ауыр жанама әсерлер ықтималдығы өте аз және оның салыстырмалы қауіпсіздігі клиникалық сынақтар арқылы расталады. Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі және ауыр зардаптары ықтималдығы жоғары. Бұл пандемия кезінде жиналған кең көлемді деректер арқылы расталады. Сондықтан денсаулық сақтау саласы табиғи иммунитеттің қалыптасуын емес, вакцинация жолын таңдады.

Зерттеулер мен тәжірибе көрсеткендей, вакцинацияланған адам вирус жұқтырған кезде жеңіл түрде ауырады. Мұндай жағдайларда ауруханаға жатқызу өте сирек кездеседі және көбінесе олар вакцинаның тікелей әсерімен байланысты емес.

Вакцинадан кейін кейбір адамның дене қызуының жоғарылауы немесе бұлшықеттерінің ауыруы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін, бірақ бұл инфекцияның нәтижесі емес, дененің иммун реакциясы. Бұл сіздің организміңіз вакцинаға жауап беріп жатыр дегенді білдіреді, яғни вируспен күресуді үйреніп жатыр.

Вакциналардың тиімділігі дәлелі ретінде Бразилияның Серрана қаласы мысалын қарастырайық. Оның небәрі 45 мың халқы бар және барлық ересек адамға вакцина салғаннан кейін коронавирустан болатын өлім 95%-ке төмендеді.

Адамдар қытайлық CoronaVac (Sinovac) вакцинасын алды. зерттеушілер  вакцинациядан бас тартқандар да ауруға аз шалдығып, өлім саны да төмендегенін анықтады. Ғалымдар пандемияны халықтың кем дегенде 75%-і вакцинаның толық мөлшерін алған жағдайда бақылауға болады деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, вакцинацияланбаған балалар мен жасөспірімдер арасындағы аурудың азайғаны байқалады.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz