Президент жолдауына фактчек

2020 жылдың 1 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын арнады. Жолдауда әлеуметтік және экономикалық маңызы бар тақырыптар айтылып, біраз мәселе көтерілді. Біз, былтырғыдай, жолдауға фактчек жасадық.

Тоқаев 42500 теңге және басқа елдердегі әлеуметтік көмек туралы

Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллион азаматымыз 42 500 теңге көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Қ. Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов 25 маусымдағы есебінде 16 наурыздан 10 мамырға дейінгі ТЖ режимі кезінде әлеуметтік көмекті 4,6 миллион адам алғанын және 321,9 млрд теңге жұмсалғанын айтады. Ал 1 қыркүйектегі дерек бойынша, шілде айындағы шектеуге байланысты әлеуметтік көмекті  2 391 400 қазақстандық алған. Егер екі жағдайдағы көмекті қоссақ, президент айтқан сомаға жақындайды. Десе де, президент өз мәлімдемесінде ашық деректер жоқ, әлі жарияланбаған деректерге сүйенуі мүмкін.

Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ

Қ. Тоқаев

Үкім: Жалған және манипуляция

Бұл мәлімдеме шындыққа сәйкес келмейді. Мәселен, Жапония Пандемия кезінде әр азаматқа (теңгеге шаққанда) 387 486 теңге, Әзірбайжанда 46 881, Ресейде 57 мың теңгеден берген. Ал АҚШ үкіметі табыссыз қалған әр азаматқа 501 600 теңгеден таратса, Қырғызстан 1 мың сомнан (5 435 теңге) төмен табысы бар отбасыларға әлеуметтік көмек қарастырған.

Азаматтарына өзге елдерге қарағанда көп көмекті Германия үкіметі (2 507 800 теңге) берген. Қорыта келе, басқа елдер азаматтарына көмектеспеді деу жалған және манипуляция.

Тоқаев Қазақстандағы адам саудасы туралы

Қазақстан халықаралық қауымдастық алдында адам саудасымен күрес бойынша ықпалды емес. (Орыс тілінен аударылды)

Қ. Тоқаев

Үкім: Үкім жоқ

Біз бұл мәлімдемені үкімсіз қалдырамыз, себебі президент нақты бір фактілерді келтерімейді, оның үстіне мәлімдеменің өзі факт емес пікірге саяды. Дегенмен, адам саудасына қарсы күрес бойынша Қазақстанда не болып жатқанын талдап көруге тырысайық.

Адам саудасымен күрес және мониторинг бөлімінің 2020 жылғы есебі бойынша Қазақстан екінші деңгейлі мемлекеттер санатына жатқызылды. Дәл осы деңгей санатына жататын мемлекеттер, есеп бойынша адам саудасымен күрес жөнінде “ең төменгі стандарттарды” толық орындамайды деп келтірілген. 

Алайда, көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым жанында ашылған миграциялық деректер порталының жазуынша, қазіргі уауытта адам саудасының таралуын жаһандық немесе аймақтық бағалау индексі жоқ. Себебі адам саудасының қылмысы өте күрделі және динамикалық, әртүрлі контексте жасалатындықтан оның нақты статистикасын көрсету қиын.

Сонымен қатар, әртүрлі елдерде адам саудасы түрлі тұрмыстық және заңнамалық контексте жүреді. Естеріңізге сала кетейік, осыдан үш жыл бұрын біз бұл сұрақты біраз анықтап көрген болатынбыз.

Тоқаев экономика және инвестиция жөнінде

Елдегі барлық азаматтарға түсінікті салық саясатын жасау керек. Қазір 40-қа жуық салық пен алымдар алынады.

Қ. Тоқаев

Үкім: Шындық

Азаматтар жайында айтсақ, расымен де 40-тан аса салық пен алым түрлері қарастырылған. Әйтсе де, қарапайым азаматтар мұның барлығын және барлық уақытта төлемейтінін де ескеру керек.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде азаматтардан Жеке табыс салығы, Көлік салығы, Жер салығы, Мүлік салығы алынады. Ал басқалары болса, тек сәйкес қызметтерді көрсеткенде немесе жұмыстарды жасағанда төленеді. Мысалы, аукционда тауар сатсаңыз, балық ауласаңыз, мемлекеттен жерді жалға алсаңыз деген сияқты. Бұған паспорт жасатқан кездегі консулдық төлемді тағы да қосыңыз. Ал орман қорын пайдалану үшін тек ағаштардан шырын жинасаңыз немесе отын дайындасаңыз ғана төлейсіз.

Жоғарыда аталған алым-салықтардан бөлек мыналар да бар: аукционнан алымдар, жерді пайдаланғаныңыз үшін салық (жерді уақытша пайдаланғаныңыз үшін – бұған шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылық жерлері кірмейді), су ресурстарын пайдаланғаныңыз үшін, аңдардың және орман қорын пайдаланғаныңыз (аңшыларға) үшін, құжаттарды дайындаған үшін мемлекеттік алым (өкілетті орган немесе тұлға беретін 20-ға жуық заңды күші бар құжаттар), консулдық жиындар (ҚР СІМ және елшіліктері көрсететін 12 консулдық қызмет түрі). Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар БЖТ төлейді. Бұл – азаматтардың өздері үшін төлейтін әлеуметтік төлемі.

Және ҚР аумағында жұмысшылардың әлеуметтік төлемдерін жұмыс берушілер (жеке қызмет көрсететін азаматтардан басқа) төлейді.

Әлем соңғы жүз жыл ішінде болмаған күрделі дағдарысты өткеруде

Қ. Тоқаев

Үкім: Манипуляция

Пандемияның кесірінен болып жатқан дағдарысты президент айтқандай “соңғы 100 жыл ішіндегі болған “күрделі дағдарыс” деп атауға келмес. Дүниежүзілік банк (ДБ) мұны “Соңғы он жылдағы ең үлкен экономикалық шок” деп атаған. Сонымен қатар экономика саласының эксперттері келтіріп отырған болжамдар күмәнді әрі нақты емес. Әр маман мен әр түрлі одақтар болашақтың баламалы сценарилерін айтады. 

Global per capita GDP growth.png
Дүниежүзілік банк деректері

1930 жылдардағы “Ұлы депрессияны” ұмытпаған жөн. Әр түрлі санақтарда ол кезде АҚШ-тағы ЖІӨ 25%-ке, әлемдік ЖІӨ 17,6%-ке төмендеген. Ал ДБ биыл әлемдік ЖІӨ 5,2%-ке төмендейді деп болжап отыр. Дүниежүзілік банк келтірген дерекке сенсек  коронавирустың әсерінен болған дағдарыста көбіне туризм саласымен, шикізатты экспортымен айналысатын елдер зардап шегеді. 

Тоқаевтың “Әлем соңғы жүз жыл ішінде болмаған күрделі дағдарысты өткеруде” деген сөзін “Дамушы елдер үшін күрделі дағдарыс болғалы тұр” деп өзгерткен дұрысырақ болар. Еуропа мен Орталық Азияның экономикасы 4,7%-ке төмендейді деп болжанып отыр.“Нарығы қалыптасып келе жатқан елдер мен дамушы елдер жан-жақты қысымға ұшырайды: денсаулық сақтау жүйесіне күш түсіп, сауда мен туризмнің төмендеуі, ақша аударымының қысқаруы, капиталдың шектеулі ағыны, қарыздың өсуі және т.б. Энергия мен өнеркәсіптік тауарларды экспорттаушылар әсіресе қатты зардап шегеді”-Дүниежүзілік банк

Сарапшылардың бағалауы бойынша ЖІӨ-нің үштен бірі көлеңкеде

Қ. Тоқаев

Үкім: Жартылай шындық және асыра сілтеу

Маусымның соңында бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов өткен жылғы көлеңкелі экономика ЖІӨ-нің 23,62 проценті болғанын айтты. Тамыздың соңында да осыған ұқсас сандарды келтірді. Мемлекеттік хатшы Қ. Көшербаевтың басқаруымен өткен ҚР президенті жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысында көлеңкелі экономика ЖІӨ-нің 20 пайызын құрайтындығы келтірілді. Бұл ретте деректердің жекелей сарапшылардың бағалауларынан алынғаны да айтылды. Әйтсе де, бұл – үлкен сан, бірақ, ЖІӨ-нің үштен бірі деуге келмейді.

Тек өткен жылдың өзінді цифрлы майнингке 80 млрд теңге инвестиция тартылды.

Қ. Тоқаев

Үкім : Шындық

2020 жылдың 11 маусымында өткен сенаттың пленарлық отырысында сол кездегі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев сенатор Жеңіс Нұрғалиевтың сауалына былай деп жауап берді: «Біздің халықаралық сарапшылармен бірлесіп дайындаған есебіміз бойынша, алдағы 3 жылдағы 14 ферманы қоса есептегенде, қазірдің өзінде 82 млрд теңге инвестиция тартылды. Болашақта цифрлы майнингті дамыту үшін 300 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады деп күтілуде.»

Қазақстанның блокчейн және криптовалюта қауымдастығының басшысы Есет Бутин  Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында: “Аталмыш салаға инвесторлар тәжірибесі мен арнайы құралдары бар компанияларға барады. Егер құрылғыларды сатып алатын болса, ол инвесторлар меншігіне өтеді және күнделікті табыс әкеледі. Оған өзінің қызметін ұсынатын компания тек қана қызмет көрсетуші, техникалық жабдықтаушы, жобаны дамытушы болады және одан өзінің комиссиясын алады.

Бутин де, Жұмағалиев секілді, цифрлы майнингтің Қазақстанды дамытудағы үлесі зор екенін айтады. Бұның басты себебі – арзан электр энергиясын тұтынатындығы және құрылғыларды суытуға мүмкіндік беретін клиаматтық жағдай.

Қазақстан белсенді түрде биткойн хешрейтін (майнингке арналған құралдың есептеу күші) арттырып жатыр: TokenInsight дерегінше, бір жыл ішінде 335 пайызға өскен. Орташа айлық хешрейт бойынша Қазақстан әлем елдері арасында төртінші орында.

Президент жолдауына фактчек
Дереккөз: Cambridge Centre for Alternative Finance

Тоқаев бала және отбасы жөнінде

Біз жасөспірімдерге қатысты жасалған сексуалдық әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті айтарлықтай қатаңдаттық. Алайда, мәселе әлі де күрделі.

Қ. Тоқаев

Үкім: Шындық

2019 жылдың 30 желтоқсанында президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Олардың қатарында сексуалдық зорлық-зомбылық пен зорлау да бар.

Енгізілген өзгерістерге сай, зорлау және зорлық-зомбылық жасау орташа ауыр қылмыстан ауыр қылмысқа ауыстырылды (Бұрынғы нұсқада 120-баптың 1-тармағы, 121-баптың 1-тармағы – 5 жылдан 8 жылға дейін. Осыған ұқсас жаза жас баланы өлтіру үшін де көзделген.).

“Жасөспірімдерді (балаларды) зорлау мен зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осыған ұқсас жаза жас баланы, жасөспірімді өлтіру үшін де көзделген”, – деді ҚР Бас прокуратурасының орынбасары Марат Ахметжанов.

Контекст

  • Өткен жылғы жолдауында президент балаларға қарсы жасалған қылмыстарды қатаңдатуды тапсырған еді. Қазақстанда зорлау 2000 жылға дейін ауыр қылмыс болып саналған. Одан кейін парламент орташа ауыр қылмыс қатарына жатқызған. Бұл көптеген қылмыстың екі тараптың келісуімен аяқталуына және істі тоқтатуға орай тудырып отырды.
  • Балаларды зорлаған жағдайда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық кастрация қолданылады. 2019 жылдың қыркүйегінлде елде 11 қылмыскерге химиялық кастрация жасалғаны белгілі болған.

Өкінішке қарай, Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасы балалы бола алмайды. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша 20% қазақстандық бұны ажырасудың басты себебі ретінде көрсеткен.

Қ. Тоқаев

Үкім: Манипуляция

Қазақстанда, әзірге, бала көтере алмайтын жұптарды есепке алатын орган жоқ. Ал дереккөз ретінде тек халықаралық және жергілікті коммерциялық емес ұйымдардың мәліметтеріне жүгінеміз. Бұлардынақты дерек деп айтуға келмейді, себебі, сандар шамамен алынады.

Өкінішке қарай, президент қандай әлеуметтік сауалнама екенін айтпады. Сондықтан қанша қазақстандық бедеулікті ажырасудың басты себебі деп көрсеткенін тексеру мүмкін емес.

Қазақстандық репродуктивтік медицина қауымдастығының (ҚРМҚ) деректері бойынша некедегі 15 % жұптың немесе 20 мың отбасының бала көтеруге қатысты мәселесі бар. Иә, 15 пайызды бұл “әрбір алтыншы отбасы” деуге болады. Статистика комитетінің деректері бойынша 2018 жылы 137 791 неке тіркелген. 20 000 неке бұның 14,5 %, демек, бұл расымен де 15 процентке жуық.

Көптеген БАҚ дәл осы ҚРМҚ-ның деректеріне сүйенеді. Алайда ҚРМҚ-на келген отбасының 20 000-да мәселе бар екенін де айта кету керек. Демек, статистика арнайы органдарға келмеген, бақылауда болмаған отбасыларды тіркемейді. Бедеулікті тіркейтін біріңғай реестр немесе орган әлі жоқ. Осы тұста, былтыр репродуктологтар сол кездегі денсаулық министрі Елжан Біртановқа осындай ұсыныс жасағанын да айта кету керек. Ал, осыдан 3 жыл бұрын біз аталмыш тақырыпқа зерттеу жасағанбыз. Оқуға кеңес береміз.

Президент ЭКО жасатуға бөлінетін квоталарды 7000-ға дейін арттыруды тапсырды. Бұл, шынымен де біраз отбасыға бала сүю мүмкіндігін берер еді. Биыл ЭКО жасататындар үшін 1 мың квота бөлінген.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz