Отбасыда үй шаруасын бөлудегі гендерлік теңсіздік

Тамақ пісіру, үй жинау, су мен отын тасу, бала бағу… БҰҰ дерегінше, әйелдер ерлерге қарағанда үй шаруасын кемінде 2,5 есе көп атқарады. Нәтижесінде әйелдердің жұмыс істеуге уақыты болмайды немесе үй шаруасы мен өз жұмысын біріктіріп, шамадан тыс көп еңбек етеді. Factcheck.kz отбасыда үй шаруасын бөлісудегі гендерлік теңсіздік мәселесін талдап, жағдайды жақсарту жолдарын іздеп көрді.

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) мәліметінше, әйелдер мен ерлер үй шаруасымен тең дәрежеде айналысатын бірде-бір ел жоқ. Мәселен, әйелдер жалпы уақытының 75%-інен астамын үй шаруасына арнайды. ХЕҰ ақпаратына сай, нәтижесінде әйелдер ерлерге қарағанда ақысыз еңбекке орта есеппен 3,2 есе көп уақыт бөледі.

Бұдан бөлек, бүкіл әлемде ақысыз еңбекке 16,4 миллиард сағат жұмсалады, бұл күніне 8 сағат жұмыс істейтін 2 миллиард адамға тең. Әйелдердің бос уақыты аз болған соң, олардың еңбек нарығына қатысуы да шектеледі. Сонымен бірге, әйелдердің мұндай ақысыз еңбегі «жұмыс» ретінде қарастырылмай, әйелдің “міндеті” деп саналады.

Ақысыз еңбек пен гендерлік теңсіздік әйел мүмкіндіктерін шектейді

Дүние жүзінде ерлер адам капиталының 62%-ін құраса, әйелдер тек 38%-ін құрайды. Ал табысы төмен және орташа елдерде әйелдер адам капиталының үштен бір бөлігін немесе одан да азын құрайды. БҰҰ дерегінше, ақысыз еңбек жалпы ішкі өнімнің 10-39%-іне тиесілі. Ал бұл өндіріс, сауда немесе көлік салаларына қарағанда экономикаға көбірек үлес қоса алатын еді.

Оған қоса, ақысыз еңбек әйелдердің психикалық және физикалық әл-ауқатына зиян келтіріп, олардың экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін шектейді. Мысалы, 25-54 жастағы жалғызбасты әйелдердің 83%-i жұмыс күшіне қатысады. Бірақ бұл көрсеткіш балалы отбасылардағы әйелдер арасында 48%-ке дейін күрт төмендейді. Бір қызығы, БҰҰ дерегінше, ерлердің жұмыс күшіне қатысуы олардың отбасылық жағдайына байланысты емес, яғни ер адамдардың 90%-інен астамы үшін жанұя құрған ба, жоқ па, бәрібір, жұмысы тұрақты боп қала береді.

Екінші жағынан, әйелдер үй шаруасына арнайы уақыт бөлу үшін парт-тайм (толық емес жұмыс күні) қызмет етеді. Ал БҰҰ хабарынша, мұндай жұмыста жалақы төмен, әрі карьералық өсу мүмкіндіктері аз болады. Нәтижесінде, әйелдер жоғары және басшылық лауазымдарға ерлерге қарағанда аз тағайындалады.

Қазақстандағы жағдай

MediaNet-тің “Қазақстандықтардың әйелдердің ақысыз еңбегіне қатысты ойлары” сауалнамасының қорытындысына сәйкес, қазақстандық әйелдердің 44%-і күн сайын ақысыз жұмысқа алты сағаттан астам уақытын жұмсайды. Бұл ретте жауап берушілердің 14%-і өзінің отбасындағы әйел адам үй шаруасына күніне шамамен 3-4 сағатын; 12%-і 2-3 сағатын; 11%-і 4-5 сағатын; 9%-і 5-6 сағатын; 7%-і 1-2 сағатын және әйелдердің тек 3%-і бір сағаттан аз уақытын жұмсайтынын айтқан. 

Сауалнама нәтижесі Қазақстанда гендерлік теңсіздік патриархалды тәртіп пен гендерлік стереотиптерге, сондай-ақ әйелдерді қолдау бойынша мемлекеттің нақты шараларының жоқтығына байланысты екенін көрсетті. Бұл — ақысыз еңбектегі теңсіздікке әкеледі.

Ал БҰҰ баяндамасына сай, 14 жасқа толмаған баланы анасы бағады. Бала аурып қалғанда онымен үйде қалу, оларды ұйықтату, үй тапсырмасын жасауға көмектесу секілді шаруа көбіне әйелдің мойнында. БҰҰ есебіне сай, Қазақстандық әкелердің 3%-і ғана 14 жасқа толмаған бала күтімімен айналысады.

Әйелдердің ақысыз еңбегімен басқа елдер қалай күреседі?

  • Норвегия, Дания және Швеция — ер мен әйел арасында үй шаруасын теңдей бөлетін ЭЫДҰ көшбасшылары.
  • ЭЫДҰ баяндамасына сай, ұйымдағы 38 елдің үштен екісінде әкеге бала күтімі бойынша ақылы демалысқа шығуға болады.
  • Германия үкіметі гендерлік теңдікті дамыту үшін екі ата-ананың да парт-тайм (аптасына 25-тен 30 сағатқа дейін) жұмыс істеп, балаларды бағуға теңдей уақыт арнауы үшін отбасыларды қаржылай ынталандырады.
  • Бұдан бөлек, 2013 жылдан бастап ЭЫДҰ-ның кемінде жеті елі, оның ішінде Австралия, Австрия, Чехия, Корея, Португалия, Словения және Швеция гендерлік стереотиптер туралы халықты ақпараттандыру бойынша ұлттық науқандар өткізеді. Мысалы, Португалия мен Словениядағы шаралар үй шаруасын тең бөлуге және жұмыс пен жеке өмірдегі міндеттерді ер мен әйелдің бірге атқаруына бағытталған.

Не етпек керек?

  1. Отбасы — кішкентай республика: БҰҰ ұсынысына сай, жанұядағы балаларға гендерлік теңсіздік мәселесі мен әйелдердің құқығы туралы түсіндірген жөн. Бұл болашақта теңсіздік таралуының алдын алады.
  2. Ер баланың ыдыс жуып, үй жинауы — ұят емес. Үй шаруасын отбасының әр мүшесіне теңдей бөлген абзал;
  3. БҰҰ дерегінше, ақысыз еңбек жалпы ішкі өнімнің 10-39%-ін құрайды. Әйелдер құқығы қорғалып, ақысыз еңбекке төлемақы төленер болса, бұл әлемдік экономиканың дамуына үлкен үлес қосар еді.
  4. Стереотиптермен күресу. Гендерлік стереотиптер балалардың “гендерлік рөлдерге” сәйкес келуін талап етеді. Зерттеушілердің айтуынша, балалар мұндай рөлді 3 жастан бастап қабылдайды, әлем ұлдар үшін “кеңейеді” (ұлға көп артықшылық беріледі), ал қыздар үшін “кішірейеді” (мысалы, кір жуып, үй жинаумен тек әйел айналысуы керек). Сондықтан үйде, мектепте, жұмыста және күнделікті өмірде ерлер мен әйелдерге тағылған гендерлік рөлдерге қарсы тұрғанымыз жөн.

Оқи отырыңыз:

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктіліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz