13.11 | Нұрқаділовсіз 15 жыл, InternetCA-2020 аяқталды, Twitter-дің сайлауға қатысты саясаты

Заманбек Нұрқаділовсіз өткен 15 жыл

Қазақстанның президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынап, оны “билікті заңсыз иемденіп, жемқорлық жасады” деп айыптаған саясаткер Заманбек Нұрқаділовті өлтіріп кеткеніне 15 жыл толды. 2000-жылдардың ортасында оппозицияда жүрген бірқатар адамның өлімінен кейін Қазақстан билікке қарсы пікірді жаншып, авторитаризмді күшейту жолына түсті, дейді сарапшылар. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.

Бұдан бөлек “Азаттық радиосының” “Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ қазасы” атты деректі фильм түсірді. Авторы – Манас Қайыртай.

Нұрқаділов пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арасы неге ажырады? Саясаткер оппозицияға қалай өтті? Оқ атылған бөлмеге алғаш кірген адам не дейді? Осы және өзге де сұрақтың жауабын әріптестеріміз дайындаған деректі фильмнен көре аласыздар.

Нұрқаділовтің адвокаты, бұрын тергеуші болып істеген Мұстахим Төлеев саясаткердің өлімі сыртқы күштің әсерінен болғанына сенімді. Төлеев марқұмның денесін союға қатысқан. Ол Нұрқаділовтің өлімі туралы ресми анықтама берілмей тұрып, саясаткердің заңды өкілі болған.

13.11 | Нұрқаділовсіз 15 жыл, InternetCA-2020 аяқталды, Twitter-дің сайлауға қатысты саясаты
Луганский көшесі, 105. Алматының жоғарғы бөлігіндегі бетоннан құйылған биік қоршаудың ішінде орналасқан екі зәулім үй. 2005 жылы 12 қараша күні кешкісін осы жерде атылған оқтан биліктен оппозицияға өткен белгілі қазақстандық саясаткер көз жұмды.

– Ол өзін өлтіру туралы ойлаған жоқ. Оны біреулер қасақана өлтірді, – дейді Заманбек Нұрқаділовтің жесірі, әнші әрі Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова.

Бұл оқиға сайлауалды науқан қызып тұрған шақта болды: Қазақстан тәуелсіздік алғалы екінші рет өткелі отырған президент сайлауына дайындалып жатты. Полиция президент сайлауына қатысу ниеті барын жасырмаған Нұрқаділовтің өзіне қол жұмсағанын хабарлады. Марқұмның өз револьверінен атылған оқтың бірі оның жүрегіне, екіншісі басына тиген.

“InternetCA-2020 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы” атты интернет форумы аяқталды

Алматыда 11-13 қараша күндері “InternetCA-2020 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы” атты XI аймақтық интернет-форумы алғаш рет онлайн форматта өтіп аяқталды.

Форум дәстүрлі түрде MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Бұл форумда Қазақстан, Беларусь, Украина, АҚШ, Болгария, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сарапшылары тәжірибесімен бөлісті. Онлайн форумда құқықтарды құрметтеу, сот төрелігіне қол жетімділік, пандемия кезінде ақпаратқа қол жеткізу, цифрлық құқықтар мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дезинформация мен фейктерге қарсы тұру туралы сөз қозғалды.

Туиттер 300 мыңға жуық хабарламаны неліктен өшірді?

АҚШ-тағы президенттік сайлауға байланысты туиттер 300 мыңға жуық хабарламаны «жаңылыстыру мүмкін» деген белгімен белгіледі. Бұл туралы әлеуметтік желі басшылығы хабарлады.

27 қазан мен 11 қараша аралығында сайлау туралы жарияланған хабарламада “жаңылыстыру мүмкін” деген белгі болған.

“Бұл цифр осы уақыт аралығында АҚШ-тағы сайлауға байланысты жарияланған барлық посттың 0,2% құрайды”, – деді желі әкімшілігі.

Әлеуметтік желінің қатаң саясаты АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трампқа да әсер етті. Сайлаудан кейін жарияланған постының жартысынан көбіне “жаңылыстыру мүмкін” деген белгі қойылды.

Трамп бірнеше рет әлеуметтік желілерді өзіне қарсы екенін білдіріп, саяси қарсыластарын қолдайды деп айыптады. Әлеуметтік желілер, соның ішінде туиттерде Трамптың айтқанын жоққа шығарады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz