Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ төрайымы азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті

12 сәуірде Нұр-Сұлтанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрайымы, Швеция сыртқы істер министрі Анн Линде азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Кездесу жайлы Линденің өзі Twitter-дегі парақшасында хабарлап, сурет жариялады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

“Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдерімен бағалы кездесу өтті. Сөз бостандығы және теңдік сияқты адам құқығы мәселелерін талқыладық” деп жазды ол.

“Құқықтық медиа орталық” жетекшісі Диана Окремованың айтуынша, кездесу жабық форматта өткен.

“Жалпы танысу сипатындағы кездесу болды. Біз өзіміздің кім екенімізді, немен айналысып жүргенімізді айттық. Яғни, ол азаматтық қоғам өкілдерімен танысты. Өзіміз кездесіп отырған мәселелер мен оларды шешу жолдары жайлы айттық” деді ол.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрайымы Анн Линде осы аптада Орталық Азия елдеріне ресми сапарын Қазақстаннан бастаған болатын. Ресми тұлға Twitter-дегі парақшасында дүйсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездескенін хабарлады. Ол кездесудің “жемісті” болғанын атап өтіп, елдегі реформаларды қолдайтынын білдірген. Дегенмен кездесуде адам құқығы ахуалы талқыланғаны-талқыланбағаны белгісіз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz