Кубада митиңге шыққан мыңдаған адам қамауға алынды

Кубада ел үкіметіне қарсы жаппай наразылыққа шыққан 5000-ға жуық адам ұсталды. Бұл туралы Deutsche Welle сайты хабарлады.

Олардың арасында шамамен 120 белсенді мен журналист бар. DW сайтының жазуынша, полицейлер наразылық білдірушілердің үйіне басып кіріп, қару қолданып алып кетіп жатыр. Куба билігі митиңге шыққан бір адамның қайтыс болғанын растады. Бірақ жергілікті басылымның журналистері қаза болған адам саны бұдан да көп екеніп жазып жатыр.

11 шілдеде митиң басталған соң ел билігі интернетті бұғаттай бастады. AFP агенттігінің хабарлауынша, 14 шілдеде интернет қайта қол жетімді болды.

Германияның Сыртқы істер министрі Хайко Мас (Heiko Maas) Куба билігін бейбіт наразылық акциясында ұсталған барлық азаматты босатуға шақырды. Осыған ұқсас мәлімдеме АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс та жасады.

Наразылық акциясына қатысушылар бостандықты, демократияны және коронавирус пандемиясына қарсы нақты әрекеттерді талап еткен. Франс пресс агенттігінің хабарлауынша, демонстранттар “диктатураға жол жоқ” және “біз қорықпаймыз” деп ұрандатып жатыр.

Митиңге қатысушылар тек пандемия кезіндегі салғырт әрекетке емес, электр қуаты мен азық-түлік жетіспейтіне наразы.

Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ пен куба-америкалық мафияны жағдайды ушықтырды деп айыптайды. Ал АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан наразылық білдірушілерді қолдайтынын айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz