HRW қаңтар трагедиясын жан-жақты тексеруге тағы үндеді

“Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз күнгі негізгі мәлімдемесін “Жаңа Қазақстан” идеясын жарнамалау үшін пайдаланды, бірақ қаңтар оқиғасы кезіндегі адам құқығын өрескел бұзу жайттарын жою мәселесіне келгенде күмілжіді”. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының 18 наурызда жасаған мәлімдемесі осылай деп басталады.

Азаттық радиосының жазуынша, HRW Нұр-Сұлтанды қаңтар қырғынын тәуелсіз зерттеуге тағы үндеп, Қазақстанның халықаралық әріптестері оны соған көндіруі тиіс деді.

HRW ұйымы бұған дейін де билікке үндеу жасап, кемінде 230 адамның өмірін қиған қанды оқиғаны халықаралық сарапшылармен біріге отырып, тәуелсіз зерттеуге шақырған.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі адам құқығын өрескел бұзу жайттары тәуелсіз әрі әділ зерттелуі тиіс. Президент Тоқаевтың халыққа жолдауында тәуелсіз зерттеу жүргізіп, кінәлілерді жазаға тартатындығын айтпауы көңілді қатты құлазытады.

Ұйымның Еуропа, Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.

Ұйымның мәлімдеуінше, президент жолдауында ведомствоаралық тергеу тобы мен тергеу жұмыстары туралы ғана атап өткен. Тоқаев бұл тергеу топтарының тәуелсіз орган еместігін де айтпаған. Күштік құрылымдардың ұсталғандарды азаптауы мен зәбір көрсетуі жан-жақты зерттелмесе, өзге тәуелсіз комиссиялар араласады деп те үміттендірмеген.

Ұйым кемінде 17 адам өлген 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде азаптаулар мен полицияның халыққа оқ ату жағдайлары қажетті дәрежеде тексерілмей қалғанын алға тартып, “көбі осы жағдай қайталана ма деп қауіптенеді” деді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz