Фейк | Испания химтрейлды ресми мойындаған алғашқы алғашқы ел

Әлеуметтік желіде Испанияның батыс елдері арасында бірінші болып химиялық аэрозольді шашқанын мойындағаны жайлы ақпарат тарап жатыр. Мұндай ақпарат тек желі қолданушылары емес, кейбір сайттар да таратқан. Желідегі жазбаларда AlertaDigital сайтына сілтеме жасалған. Біз бұл ақпарат туралы толық тексеріп, қашан және қалай тарағанын анықтадық.

Хабарлама: Испания тұрғындарға химиялық аэрозольды шашқанын ресми түрде мойындаған батыстағы алғашқы ел. Төтенше жағдай хабарламасында коронавирустың салдарынан әскери биохимиялық бөлімшесінің ноу-хау және басқа мүмкіндігі бар екені айтылған. 2015 жылы испаниялық конгрессмен Еуропарламентте бір жайтты анықтады. Оның сөзінше, Испания ауа-райы агенттігінің 4 қызметкері елде қорғасын диоксиді, күміс йодиді және диатомит шашқанын мойындаған. Мемлекеттік метеорологиялық агенттіктің төрт қызметкері ұшақтардың Испания жерінде қорғасын диоксиді, күміс йодиді және диатомит шашқанын мойындады. Испанияның Денсаулық сақтау министрлігі NBC Қарулы Күштер бөлімшесіне (ядролық, биологиялық және химиялық), сондай-ақ, UME-ге биоцидтерді ауада қолдануға рұқсат берді.

Желідегі тараған жазба.

Үкім: Фейк

Бұл фейк Испанияда бұрыннан тарап жүр, сонымен бірге, Еуропарламентте де 2015 жылы талқыланған. Испанияның мемлекеттік метеорологиялық агенттігі Newtral.es сауалына бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаған. Бұдан бөлек, Еуропарламент комиссиясы да зерттеу жүргізіп, ақпараттың жалған екенін айтқан. Ал бұл ақпаратты 2021 жылы жариялаған AlertaDigital сайтында кликбейт, фейк және қастандық теориясы туралы жиі айтылады.

Бұл фейк ақпарат интернетте бұрыннан тарап жүр. 2015 жылы 16 ақпанда қастандық теориясы жиі жарияланатын блогта төрт испаниялық метеорологтың “зерттеуі” жарияланған. Блог мәтінінде бұл ақпаратты 2014 жылы қазанда Испаниядағы танымал Cadena Ser радиосында айтылғаны жазылған. Сонымен қатар, эфирдегі жазба өшірілгені де айтылған.

Сонымен қатар, Cadena Ser ғылыми бөлімінің басшысы Хавьер Грегори Newtral.es журналистеріне мұндай материалды эфирге тіркемегенін айтты. Бірақ қастандық теориясын жақтаушылардың бірі Самора қаласындағы басқа радиода мұндай мәлімдеме жасауы да мүмкін екенін ұмытпайық.

Химтрейл туралы хабарламаның кеңінен тарағаны сонша, тіпті PDECat (Каталонияның Еуропа бойынша демократиялық партиясы) депутаты Рамон Тремоса 2015 жылдың мамыр айында Еуропарламентте депутаттық сауал жолдаған. Ол фейк мәтінді қайталап, мына сұрақтарды қойды:

Еуропалық комиссия Испания метеорологтарынан осыған байланысты есеп алғанын растай ала ма? Бұл туралы Еуропалық комиссия қандай пікірде? Еурокомиссия Испания үкіметі коммерция үшін мұндай шешімін қабылдады деп санай ма? Атап айтқанда, үкімет азық-түлік корпорацияларына, энергетикалық компанияларға, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпке қаншалықты мүдделі?

Рамон Тремостың депутаттық сауалы

Ал комиссияның жауабында бұған қатысты Испания метеорологтарынан ешқандай есеп алмағаны айтылған. Бұған қоса комиссия Испания үкіметімен бірге тергеу жүргізіп, Испаниядағы климаттың өзгеруіне арналған әскери геоинженерия жасалмағанын хабарлады. Сонымен қатар, мұндай әдістің орынсыз екенін де айтты.

Еурокомиссияның жауабы:

  • Комиссия Испания метеорологтарынан осы мәселеге қатысты есеп алған жоқ.
  • Комиссия Испания үкіметімен тергеу жүргізіп, Испаниядағы климаттың өзгеруіне арналған әскери геоинженерия жасалмағанын хабарлайды.
  • Комиссия экологиялық проблемаларды шешу үшін геоинжинирингті орынсыз деп санайды. Себебі экологиялық залалдың бастапқы мәселесімен күресу қажет.

Химтрейл жайлы қастандық теориясы қайдан шықты?

Конспирологиялық теория 1990 жылдары пайда болды. Ол кезде стратосферада/ионосферада белгілі бір заттардың шашырауы арқылы ауа райына қалай әсер ететіні талқылана бастады. Конспирологтардың айтуынша, 1990 жылдардың ортасынан бастап Үкімет (әдетте АҚШ үкіметі деп аталады, бірақ кейде басқа үкіметтерді де айтады) ауа-райының өзгеруін, сананы бақылауды, химиялық/биологиялық қаруды сынауды, өнімге залал келтіру жолымен акциялар бағасын айла-шарғы жасауды және (бұл қазір біз байқап отырмыз) аурулардың таралуын қоса алғанда, жер шарын химиялық агенттермен жасырын зақымдату үшін азаматтық авиация ұшақтарын пайдаланады.

2011 жылы АҚШ-та, Канадада және Ұлыбританияда жүргізілген сауалнама респонденттердің 16,6% бұл теорияға сенгенін көрсетті.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz