Фактчек | Қазақстанда ғалымдар азайып жатыр ма?

13 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы ғалымдарың санына байланысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz министрдің сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Тайм-код: 37:15:00

Бүгінгі таңда ғалымдар мен зерттеушілердің саны 21,6 мың адамды құрайды.

Саясат Нұрбек, Ғылым және жоғары білім министрі

Үкім: Шындық

2022 жылғы дерек әлі жарияланбаған. Бірақ, Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы мәліметіне сай, Қазақстандағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен (ҒЗТКЖ) айналысқан қызметкер саны – 21 617 адам.

Салыстыра кетсек, 2020 жылы 22 665 адам болған, 2019 жылы 21 843 адам. Яғни ғалымдардың саны, өкінішке орай, қысқартылып жатыр.

Саясат Нұрбек, Ғылым және жоғары білім министрі

Үкім: Шындық

Статистика бюросының ақпаратына сай, 2020 жылы ғалымдар саны 22 665, ал 2019 ғалымдардың саны 21 843.

Соңғы он жылдағы ғалымдар санының динамикасын төмендегі инфограммнан көре аласыз.

Осы 21,6 мың адамның ішінде оның 7 525-і жас ғалымдар, бұл жалпы ғалымдардың 35%-ын ғана құрайды.

Саясат Нұрбек, Ғылым және жоғары білім министрі

Үкім: Техникалық қате

ҚР Ұлттық ғылым академиясының 2021 жылғы “Ғылым жөніндегі ұлттық баяндамасында” жас ғалымдар санатында 35 жасқа дейінгі (құжаттың 153 бетінде) адамдарды жатқызған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы ҒЗТКЖ-мен айналысатын 35 жасқа дейінгі адам саны – 6 708. Бұған 35 жастағыларды қосқанда ғана министр айтқан 35% (7 525 адам) шықты.

Контекст

  • Білім және ғылым министрлігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен 2022 жылдың 11 маусымында Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрліктері болып бөлінген.
  • Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл саясаты, ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілген.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі (2021). Әлеуметтік ғылымдар магистрі (2023). OMS (Online Media School, 2020) және OFA (Online Factcheck Academy, 2021) түлегі.

Factcheck.kz