ДДСҰ, Даллес, Рокфеллер, дүниежүзілік үкімет және халық санын басқару – қастандық теорияларын талдау

COVID-19 пандемиясы кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызметінің ерекшелігіне байланысты халықаралық аренадағы басты жаңалықтар жасаушылардың біріне айналды. 2020 жылы жалған ақпараттың аса көбейгендігін ескере отырып, күткеніміздей ДДСҰ-ның айналасында әртүрлі аңыздың таралуына куә бола аламыз.

Жақында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бір конференцияның видеосы тарады. Онда бір адам дүниежүзілік денсаулық сақтауды бақылауға алу және оған әсер ету үшін ДДСҰ Рокфеллердің ақшасына құрылғанын айтады. Оған қоса,  ДДСҰ-ның бірінші президенті цитатасын келтіреді, онда ұйым президенті адамдардан жекешілікті шығару керек екені туралы айтқан-мыс және 1974 жылғы АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік туралы меморандумынан бала туу деңгейінің стихиялық төмендеуі үшін әлеуметтік-психологиялық алғышарттар құру қажеттігі туралы айтылған-мыс. Осының бәрін видеодағы спикер АҚШ-тың  соғыстан кейінгі әлемнің басқа аймақтарына және оның, әсіресе Ресейге қарсы стратегиясының бөлігі ретінде ұсынады.

Таралған видео

Оқырмандар сұрауы бойынша Factcheck.kz видео мазмұнын тексеруді шешті.

Алдын ала қорытынды

Мақала өте көлемді болып шықты, сондықтан сіздерге қорытындыны алдын ала ұсынамыз. Видеодағы бірнеше пікірден тұратын үш тұжырымды тексердік. Оның барлығы дерлік жалған және манипулятивті. Бір пікір – жартылай шындық. Біз тексеріп отырған фактілер бір-бірімен аса байланысты болмаса да спикер оларды байланыстырып, оларды бір қастандық туралы дискурсқа кіріктіруге тырысады. Бұл – пропаганда үлгісі, былай өте сендіретін көрінуі мүмкін, бірақ дұрыс тексерілген кезде кез келген пропаганда сияқты бұзылып кетеді.

Қайда? Кім? Қашан?

Әуелі хабарлама дереккөзін анықтап алу қажет. Видеодағы дыбыс сай келмегендіктен басында дыбыс оған еш қатысы жоқ роликке салынғандай болып көрінеді. Дегенмен дыбыстың осы видеоға тиесілі екенін анықтадық. Хабарлама авторы түпнұсқадан үзінді қиып алғанда синхрондауы дұрыс болмай қалған сияқты.

Ролик басында жоғарғы оң жақ бұрышта экранның «халықаралық», «әскери» және «форум» сөздері көрінетін бөлігін байқауға болады. Сөйлеп тұрған адамның да аты-жөні көрінеді – Ковальчук Михаил Валентинович. Осы деректерді пайдалана отырып, біз Youtube-тен Ковальчук мырзаның, шамамен 9 минуттық толық сөзінің видеосын таптық, ол 4 қазанда 2020 жылы «Научи хорошему 2.0» каналына жүктелген.

Видео сипаттамасында Михаил Ковальчуктың бұл сөзі «Психологиялық қорғаныс. Тарих үшін күрес – болашақ үшін күрес» деген дөңгелек үстелде айтылғаны жазылған. Бұл шара 25 тамызда «Әскер-2020» халықаралық әскери-техникалық форум аясында өткен. Бастапқыда ролик Никита Михалковтың «Бесогон» авторлық бағдарламасының эпизодында пайда болды. Роликтен көріп отырғаныңыздай, Михалков сол дөңгелек үстелге де қатысты.

Михаил Ковальчук – кеңес және орыс физигі. Шамасы, өте танымал және құрметті адам. Оның барлық жетістігі туралы Уикипедия парақшасынан оқи аласыз.

Халықаралық әскери-техникалық форум – бұл Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі ұйымдастыратын жыл сайынғы іс-шара.

Биыл форум 23-29 тамызда өтті. Ковальчук қатысқан дөңгелек үстел, жоғарыда айтылғандай, 25 тамызда өтті. Форум өткізілген орын – Мәскеу облысындағы «Патриот» көрме орталығы.

Төменде роликтегі Михаил Ковальчуктің негізгі пікірлерін тексереміз.

ДДСҰ, Даллестер, Рокфеллердің жүрегі мен ақшасы және қастандық

Пікір: ағайынды екі Даллестер, біреуі – ОББ-ның (Орталық барлау басқармасы) директоры, екіншісі – мемлекеттік хатшы, олар жетінші жүрегімен қайтыс болған Рокфеллердің толық қамқорлығы мен қаржылай қолдауының арқасында қазір біз “ұрттап” жатқанның бәрін бастады. Мінеки, қараңыздар: біріншісі, олар халықаралық (Дүниежүзілік – автор ескертуі) денсаулық сақтау ұйымын құрды. Олар оны адамдарды емдеу үшін емес, әлемдегі денсаулық жағдайын бақылауға алу үшін және вакцинация арқылы әсер ету үшін жасады.

М.Ковальчук

Үкім: Жалған

Әуелі мынадай анық нәрсеге назар аударыңыз – Рокфеллерге ешқашан жүрек ауыстыру бойынша жеті операция жасалмаған. Бұл – ағылшын тіліндегі сатиралық жаңалықтар порталының арқасында тез тарала бастаған фейк. Екіншіден, ДДСҰ-ны ағайынды Даллестер емес, БҰҰ-ға мүше елдер құрды. Үшіншіден, Рокфеллер қоры алғашқы кезеңдерде ДДСҰ-ға маңызды қолдау көрсеткенімен, бұл қаржыдан гөрі сараптама жағынан болды, ал ұйымның қызметі негізінен оған мүше елдердің міндетті жарналары есебінен қаржыландырылды.

Пікірдің соңғы сөйлемі толығымен алыпсатарлық сипатта және тексерілетін фактілерді қамтымайды. Оны сол күйінше қалдырдық.

Толығырақ: Рокфеллер жүректері

Дэвид Рокфеллердің (Джон Рокфеллердің немересі) жеті жүрегі туралы фейк Ресейдің «Панорамасына» ұқсас сатиралық жаңалықтар басылымы Worldnewsdailyreport.com порталынан тарала бастады. Сайттың не туралы екеніне өзіңіз көз жеткізе аласыз. Біріншіден, «Where facts don’t matter» (фактілер маңызды емес жерде – ағылшын тілінен) деген ирониялы слоган көзге бірден түседі.

«Біз туралы» деген бөлімде авторлар былай деп жазады: «World News Daily Report — Тель-Авивте шыққан, бүкіл әлемдегі библиялық археология мен басқа да құпияларды жариялауға арналған америкалық еврей сионистік газет».

Сол бөлімде мынадай дисклеймер бар: «WNDR өз мақалаларының сатиралық сипаты мен олардың мазмұнының ойдан шығарылған сипаты үшін толық жауапкершілік алады. Осы веб-сайттағы мақалаларда кездесетін барлық кейіпкер, тіпті нақты адамдарға негізделгендері де толық ойдан шығарылған және олардың тірі, өлі немесе өлі емес сияқты кез келген адамдар арасындағы ұқсастығы – бұл жай ғана ғажайып».

2015 жылдың сәуірінде сайтта Дэвид Рокфеллер 99 жасында алтыншы жүрек трансплантациясын сәтті жасағаны туралы жаңалық (архивке сілтеме) жарияланды. Сатиралық порталдардың ең жақсы дәстүрлерінде автор көптеген мәлімет келтіреді, оқиға тарихын баяндайды, мақаланы ойдан шығарылған Рокфеллердің цитаталарымен сұйылтады және соңында миллиардерге екі бүйрек трансплантациясы жасалғанын және оның 200 жасқа дейін өмір сүруді жоспарлап отырғанын қоса кетеді. Жаңалықтың “өтіп кеткені” сонша, ол 152,5 мың рет ретвиттелген. Кейінірек мақала жойылды, бірақ олар оны архивтей алды.

2016 жылдың қыркүйек айында Anonhq.com 101 жастағы Рокфеллер жүректі ең көп трансплантациялау бойынша рекордты жаңартты деген жаңалық жариялап, қастандық теориясын іліп әкетті. Аноним автор миллиардердің жетінші рет трансплантация жасап, осы салада рекордшы болғанын хабарлады. Кейін бұл жаңалық бастапқыда Scorched Earth News сайтында жарияланғаны (оның сілтемесі қазір істемей тұр), сосын оны Anonymous.com сайты сол жерден алғаны, содан кейін ғана Anonhq сайтында пайда болғаны бегілі болды.

Жаңалықты Heavy және Leadstories сияқты басылымдар тексеріп, оның шындыққа сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасады. Адамдардың медициналық карталары құпия болғанымен, Дэвид Рокфеллердің қандай медициналық процедуралардан өткенін ешкім біле алмаса та, трансплантация туралы хабарламаның түпнұсқасы сатиралық сайтта жарияланды, бұл осы оқиғаның жалғандығына жақсы әсер етеді. Медициналық тұрғыдан жүректі жеті рет ауыстыру мүмкіндігін айтарлықтай күмәнді деуге бола ма? Оның үстіне, оның екеуі 100 жас жамасында жасалған-мыс.

Бір қызығы, интернеттің орыс тілді сегментінде бұл нарратив, мысалы 2017 жылы Рокфеллер қайтыс болған соң Газета.ru “Рокфеллердің сегіз жүрегі” деген атаумен материал шығарған соң таралды. Онда миллиардер жасаған операциялар туралы байыпты айтылады. Сатиралық порталдан алынған ақпарат ішінара қолданылады. Сонымен қатар, шамасы, мақала авторы мұның жалған екенін біледі, тіпті оны баяндап жатқанда айтады да. Бұл оған ешқандай сілтеме жасамай жаңа «мәліметтерді» қосуға кедергі болмады. Қазнетте осыған ұқсас оқиға, бірақ ендігі жеті жүрек туралысы Baigenews веб-сайтында пайда болды. Кез келген сенімді дереккөздерге сілтемеле берілмегені де байқалады.

ДДСҰ-ны кім құрды?

ДДСҰ-ның құрылғаны туралы әңгіме бір қарағанда байқалғаннан әлдеқайда бос сөзді. Оның үстіне, АҚШ мұнда басты роль атқармайды. 1945 жылы сәуірде Сан-Францискода Біріккен Ұлттар Ұйымын құру конференциясы кезінде Қытай Республикасы мен Бразилиядан келген делегаттар халықаралық денсаулық сақтау ұйымын құруды және оның жарғысын әзірлеу үшін конференция шақыруды ұсынды. Демек, Аллен мен Джон Даллестің және олардың елінің бұған еш қатысы жоқ (мүмкін бұл әңгіме біздің ресейлік әріптестеріміз өте жақсы талдаған жалған «Даллес жоспарымен» байланысты шығар).

1946 жылы 15 ақпанда БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі Бас хатшыға осындай конференция шақыруды тапсырды. Дайындық техникалық комитеті Парижде 1946 жылдың 18 наурызынан 5 сәуіріне дейін жиналды және 1946 жылдың 19 маусымы мен 22 шілдесі аралығында Нью-Йорктегі Халықаралық денсаулық сақтау конференциясында ұсынылған жарғы бойынша ұсыныстар әзірледі. Осы ұсыныстар негізінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жарғысы әзірленді және қабылданды, оған 1946 жылы 22 шілдеде БҰҰ-ның 51 мүшесі және басқа 10 елдің өкілі қол қойды.

Жарғы 1948 жылдың 7 сәуірінде ғана күшіне енді, бұл кезде оған қол қойған 61 үкіметтің 26-сы өздерінің қолдарын ратификациялады. Олардың арасында АҚШ болған жоқ. АҚШ Конгресінде жаңа ұйымға кіру қажеттігі туралы ұзақ пікірталас болды. Оқшаулану идеясы сол кезде-ақ жойылып бара жатқан еді, бірақ оның адал жақтаушылары болды. Америкалықтар ДДСҰ-ға 2,2 айдан кейін, 1948 жылы 21 маусымда, бір жылдық ескертумен ұйымнан біржақты шығуға құқылы болу шартымен қосылды (Дональд Трамп оны 2020 жылы пайдаланды). Кеңес Одағы атынан Ресей, Беларуссия және Украина (ол кезде БҰҰ-ға бірден үш одақтық мемлекет таныстырылды) қолдарды алғашқылардың бірі болып ратификациялағанын айтып кеткен жөн. Рас, сәл кейін кеңес блогы ДДСҰ-ны тиімсіз деп санады, тек 7 жылдан кейін ұйымға оралды.

Рокфеллер қаржысы

Қазіргі уақытта Рокфеллер қоры (РҚ) – ДДСҰ донорларының бірі. Қордың жарнасы айтарлықтай аз және қазіргі кезде салымдардың жалпы сомасының 0,1%-не тең – міндетті және ерікті. Бұл Қазақстан салымынан сәл көп, ол 0,09%-ке тең, бірақ көптеген басқа қордың салымынан едәуір аз. Сол Сауд Арабиясының Королі Салманның гуманитарлық көмек орталығының үлесі 0,48%-ке, Билл мен Мелинда Гейтс қорының үлесі 11,65%-ке тең.

ДДСҰ жұмысының алғашқы кезеңінде РҚ-дан жобалық гранттар және қызметкерлерге арналған стипендиялар түрінде біраз қаржы алды. 1949 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Американың аймақтық кеңсесіне айналған және Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы болып өзгертілген Панамерикалық санитарлық бюроға да РҚ қаржылық қолдау көрсетті.

Дегенмен ДДСҰ жоспарлаған бюджеттің көп бөлігі қатысушы елдердің міндетті жарналарымен жабылды. Мұндай жағдайда РҚ тарапынан «толық қаржылық қолдау» туралы айту орынсыз болар еді. Дегенмен қор басқа салаларда ДДСҰ-ға маңызды әсер етті. Энн-Эмануэль Бирн Public Health журналына осы ұйымдардың қарым-қатынасы туралы қызық және егжей-тегжей мақала жазды.

РҚ-ның 1913 жылы құрылған Халықаралық денсаулық сақтау бөлімі (International Health Division — IHD) болды. Ведомство Еуропада, Латын Америкасында және Кариб бассейнінде безгек, сары безгек, анкилостомент және сол кездегі басқа көп таралған аурулармен күресетін компаниялармен айналысты. Оған қоса, ол түрлі медициналық мекеме мен министрліктердің қолдауы арқылы әртүрлі елдегі және колониядағы денсаулық сақтауды институционалдауға қатысты.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Ұлттар лигасы өзінің денсаулық сақтау ұйымына (LNHO) ие болған кезде, ол ішінара IHD үлгісінде болды. РҚ LNHO-ға маңызды қолдау көрсетіп, ұйым қызметкерлерінің жартысын қаржыландырды және қызметкерлер жинауға және сарапшылар табуға көмектесті.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ұлттар Лигасы бірнеше себепке байланысты дағдарысқа ұшырады және оның агенттіктері әлсіреді. 1943 жылы 44 елдің келісімі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының көмек және қалпына келтіру әкімшілігі (UNRRA) құрылды, оның міндеті «Ось» державаларынан босатылған елдерге көмек беру болды. Ұйымның көп бөлігіне АҚШ, Ұлыбритания және Канада демеушілік жасады.

UNRRA құрылымы Рокфеллер IHD үлгісінде жасалды, ал IHD директоры Уилбур Сойер UNRRA денсаулық сақтау бөлімінің бастығы болды. Ұйым 4 жыл жұмыс істеді. Ұлттар Лигасының денсаулық сақтау ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының көмек және қайта құру әкімшілігі ДДСҰ-ның тікелей бастамашысы болды деуге болады.

Рокфеллер қорының ДДСҰ-ға әсері сараптама мен адами ресурстар саласында көбірек болды. IHD-мен жұмыс істеген LNHO және UNRRA қызметкерінің көпшілігі ДДСҰ қызметкерлерінің бірінші буынын құрады. IHD сарапшыларының тәжірибесі мол болды, олар денсаулық сақтау мәселелері бойынша ДДСҰ-мен бастапқы кезеңінде белсенді жұмыс істеді.

Уақыт өте келе ДДСҰ қызметі қарқын ала бастаған кезде Рокфеллер қоры өзінің денсаулық сақтау бөлімінің қызметін жалғастыру туралы мәселе көтерді. 1951 жылы IHD тоқтатылды,  қор басқа жобаларға көшті. Шешім шығаруға, басқалармен қатар, ДДСҰ бұрын IHD айналысқан істермен айналысып жатқаны түрткі болды.

Брок Чисхолм және ДДСҰ-ның қастандық теориясы

Пікір: Оның (Рокфеллер – автордың ескертуі) жақын серіктесі және жолдасы Чисхолм 1948 жылы ДДСҰ-ның алғашқы президенті болды. Міне, оның цитатасы: «Әлемдік үкіметке келу үшін адамдардың санасынан олардың жекелігін, отбасылық дәстүрлерге, ұлттық патриотизмге және діни догмаларға деген сүйіспеншілігін шығарып тастау керек. Бала тәрбиесінің негізі болып табылатын шындық пен жалғандық ұғымдарын жою, ақсақалдардың тәжірибесіне деген сенімнің рационал ойлаумен алмастырылуы – бұл адамның мінез-құлқын өзгерту үшін қажет кешіктірілген мақсаттар». Бұл – 1948 жылғы меморандум.

М.Ковальчук

Үкім: Манипуляция және жалған

Таңғаларлығы, бұл – “өлмей келе жатқан” нарратив. Ол, шамамен 1970 жылдары пайда болды және бүгінгі күнге дейін таралып жатыр. Біз Чисхолмның әлемдік үкімет туралы айтқанын, ең болмағанда, Ковальчуктің сөзін келтіріп айтқаны туралы ешқандай дәлел таппадық. Бала тәрбиесі туралы екінші сөйлемге келетін болсақ, ол шынымен де бар, бірақ бұл жерде контекстіден тыс шығарылған. Цитатаның меморандумдар мен ДДСҰ-ға ешқандай қатысы жоқ – бұл Чисхолм ұйымға кірмес бұрын жазған лекциялары мен мақалаларына негізделген.

Чисхолмның Рокфеллермен тығыз достығы туралы пікірді тексеру мүмкін емес. Рокфеллер қорының ДДСҰ-мен ынтымақтастықта болғанын ескере отырып, екі адам жұмысқа байланысты кездесіп қалатынын болжауға болады, бірақ біз олардың серіктес әрі дос екені туралы сенімді ақпарат таппадық.

Чисхолм фразасының оқиғасы бірнеше онжылдықтан бері бар, ал біз таба алған ең алғашқы дереккөз өткен ғасырдың 70- жылдарынан бастау алады. Ағылшын тілінде былай:

«To achieve world government it is necessary to remove from the minds of men their individualism, loyalty to family traditions, national patriotism, and religious dogmas… The reinterpretation and eventual eradication of the concept of right and wrong which has been the basis of child training, the substitution of intelligent and rational thinking for faith in the certainties of the old people, these are the belated objectives… for charting the changes in human behavior».

Осы фразаны іздеу жүйесіне жазса, ол пайда болған барлық дерлік ресурс қастандық немесе діни сипатта екенін байқайсыз. Көбіне әлемдік басқару туралы фраза кездеседі, ал бала тәрбиесі туралы екінші бөлім көп таралмаған. Бұл нарратив негізінің мықты болуында ішінара Чисхолмның өзінің да кінәсі бар. Әрі қарай неге олай екенін түсіндіреміз.

Дегенмен әуелі бұл фраза айналымда қаншалықты ұзақ жүргенін қарастырып көрейік. Мысалы, Левеллин Б. Дэвистің «Why so many christians are going home to school» (еркін аударма: Неге аса көп христиан үйде білім алады) кітабында кездеседі. Кітап тегін қолжетімді болмағандықтан, бұл сөздердің кітапта бар-жоғын Google Books арқылы тексердік.

Дегенмен фразаны бұдан ертеректегі дереккөздерден де кездестіруге болады. 1982 жылы оны жазушы Энтони Ральф Эпперсон өзінің «The unseen hand: an introduction to the conspiratorial view of history» (Көрінбейтін қол: тарихтың қастандық көрінісіне кіріспе) кітабында осы фразаны келтірді. Ол 368-беттегі 33-тарауда көрсетілген. Эпперсон келтірген дереккөзге назар аударайық, The Utah Independent, 1977 жылдың қыркүйегіндегі сан. Газеттің бұл санын таба алмадық, өйткені ол туралы ақпарат аз.

Брок Чисхолмның өзі осыған ұқсас сөзді қашан айтты? Іздеу бізді оның 1946 жылы жарияланған The psychiatry of enduring peace and social progress; the William Alanson White memorial lectures» (Мықты әлем мен әлеуметтік прогресс психологиясы; Уильям Алансон Уайт мемориал лекциялары) лекция серияларына апарды. Атауына таң қалмаңыз – Чисхолм мамандығы бойынша психиатр дәрігер болған.

«The reestablishment of peacetime society» (Бейбіт қоғамды қалпына келтіру) лекциясында Чисхолмның бала тәрбиесі туралы әлгі фразасын кездестіруге болады. Дегенмен оның мұны не үшін айтқанын түсіну үшін контекстіні ұғу қажет. Төменде оның ойларының мәнін қысқаша жеткізуге тырысамыз.

Чисхолм әлемнің созылмалы аурумен ауыратынынан бастайды және бұл ауру жақында қауіпті бола бастаған, ал болашақ бұлыңғыр көрінеді. Әңгіме адамзат жасаған екі соғыс туралы болып отыр. «Әлем халықтары арасында салыстырмалы түрде аз адам соғысты қалайды немесе одан ләззат алады, ал көптеген адам соғыстарда азап шегетін сияқты болып көрінгенімен, адам ғасырлар бойы осы мағынасыз қылықтарын сақтап келеді», – дейді Чисхолм.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы оқиғаларға қарап, ол пессимист тұрғыдан, әр 15-20 жылда үлкен әскери қақтығыстар болатынын айтып өтеді. Үшінші дүниежүзілік соғысты қалай болдырмауға болатынын және ондағы психотерапияның ролін талқылай отырып, Чисолм адамның мінез-құлқын өзгертуге тырысу керек деген қорытындыға келеді. Ол адамдардың соғыс жүргізу себептерін тізеді және оның бәрі невротикалық симптомдардың белгісі санайды.

Олардың көбісін санап шығу оңай – жалған наным, изоляционизм, орынсыз нәрселерге эмоционал және сыни тұрғыдан сену қабілеті, материалға немесе билікке деген шамадан тыс ұмтылу, өзгелерден шамадан тыс қорқу, басқаларды басқару тағдырына сену, кек алу, жағымсыз фактілерден аулақ болу және тиіс шаралар қабылдауға бейімдік. Оның бәрі белгілі және олар невротикалық сиптомдар деп танылған… Барлық психиатр бұл симптомдардың қайдан шыққанын біледі. Біздің бәріміз көтеріп жүрген кемшілік, кінә және қорқыныш ауыртпалығы осы сәтті жетілуге қабілетсіздік негізінде жатыр.

Б.Чисхолм

Демек, автордың пікірінше, әлемдегі барлық адам үшін қауіпсіз және жайлы өмірді қамтамасыз ету сияқты шаралармен қатар, қазіргі және алдыңғы ұрпақтарға ұқсамайтын және соғыстарға апаратын невротикалық қажеттігі жоқ адамдардың саны жеткілікті болуы керек.

Одан кейін Чисхолм адамдарға сәтті жетіліуіне нендей күш кедергі келтіретінін ойланады. Ұзақ талдағаннан кейін ол «Барлық өркениеттің жалғыз ең төменгі ортақ белгісі және осы бұрмалаушылықтарды тудыруға қабілетті жалғыз психологиялық күш – бұл мораль, дұрыс пен бұрыс концепциясы, «жақсылық пен жамандықты тану ағашының жемісі» деп бұрыннан сипатталып, ескертілген у» деген тұжырымға келеді.

Дәл осы сөздерден бастап Чисхолмның өте қарама-қайшы ойлары басталады, соның кесірінен ол көп сынға ұшырады, әсіресе діни ұйымдардан сын көп айтылды. Оның ойынша, балаларға ата-аналар, мұғалімдер, діни қызметкерлер, саясаткерлер, газет және басқа адамдар үйрететін жақсы мен жаман (ненің игі және ненің күнә екенін) түсініктері балалардың еркін және өз бетінше ойлауына жол бермейді. Әртүрлі наным ауыртпалығын жүктеу арқылы адамзат өзін ойлау қабілетінен айырады. Ал бұл ауыртпалықпен күресу сөзсіз түңілуге, өзін төмен сезінуге, неврозға және өмірден ләззат ала алмауға әкеледі.

…Біздің жергілікті ізгілік сипаты қандай болғанына қарамастан оларға толық адал және мойынсұнуды үйретті. Бізге мұсылмандар, индустар, еврейлер, демократтар немесе республикашылдар (біздің Канадада Гриттер немесе Торилар), капиталистер, кәсіподақ қызметкерлері, социалистер немесе коммунистер, католиктер, методистер немесе басқа кез келген адам тобы қателесетінін немесе тіпті оларды зұлым деп үйретті. Дүниежүзіндегі адамның бәрінің ішінен тек біздің өз ата-анамыз бен мүмкін олар таңдаған бірнеше адамның айтқандары дұрыс болып есептелетін. Біз кінәлау мен қорқыныш, біздің өлмейтін жанымызға қауіп төндіру арқылы ғана олардың шындығынан бас тарта алдық. Мұндай білім барлық дерлік адамзат үшін әмбебап болды.

Б.Чисхолм

Чисхолм жетілген азаматтардың ұрпағын өсіру кез келген ел жасай алатын ең үлкен және ең маңызды жұмыс деп тұжырымдайды. Кедейлік пен азаптан құтқару түріндегі сыйақы өте үлкен болады. Осыдан кейін ол кейінірек ДДСҰ туралы қастандық теорияларының біріне айналған әртүрлі газет пен кітапқа таралып кеткен әлгі сөздерді айтады.

Балаларға білім берудің негізінде тұрған дұрыс пен бұрыс ұғымдарын қайта қарау және жою, қарттардың сенімін ақылды және рационалды ойлаумен алмастыру – кез келген дерлік тиімді психотерапияның кешігіп қойылған мақсаттары… Балаларға жергілікті нанымдар мен сенімдерді таңду тоқтатып, өздеріне ыңғайлы уақытта жағдайды бағалап, өз шешімін қабылдауы үшін әр мәселенің барлық жағын беру орынды емес пе?

Б.Чисхолм

Бұл контекстіде Чисхолм үлкендер балаларын өздерінің дұрыс және бұрыс туралы түсінігіне (әрдайым дұрыс бола бермейтін) үйретеді деген ойын жалғыстырады, соңында, оның ойынша мұның бәрі өзі бұған дейін атқан проблемаларға алып келеді. Ол мұндай ойларын көптеген сөз сөйлеуінде айтып, аудиторияның ашуына тиді. Аудитория оны пәрменді атеист және қарсы сектант деп санады.

Әлемдік үкімет туралы сөйлемге келетін болсақ, ол бұл лекция топтамасында жоқ. Чисхолмның басқа да танымал лекциялары мен баяндамаларының стенограммаларын қарап шыққаннан кейін Ковальчуктың роликтегі келтіргенімен бірдей ештеңе таппадық. Байқағаныңыздай, Чисхом, индивидуализмді оны жоюға шақырған жоқ, керісінше, белсенді түрде алға тартты.

Дегенмен ол әлемдік үкімет туралы жиі айтатын, бірақ ол біз талдап отырған роликте көрсетілгендей емес. Ол, шынымен де, патриотизмнің немесе ұлтшылдықтың көріністерін ұнатпады, дәстүрлер мен діни догмаларға қарсы болды, өйткені олар адамдарды бір-бірімен күресуге шақырады деп санады.

Бұл жерде Чисхолмның Бірінші дүниежүзілік соғысқа Канада әскері жағынан қатысқанын, содан кейін психиатр ретінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде солдаттармен тікелей жұмыс істегенін, кейінірек Канада әскерінің медициналық қызметінің генералы дәрежесіне дейін көтерілгенін айтып өткен жөн. Мұндай әскери тәжірибе оның дүниетанымына әсер етті.

Чисхолмның ойынша, әлемдік үкімет үшінші дүниежүзілік соғыстан сақтанудың бір әдісі болар еді, соғыстан кейінгі жылдары оның басталуы уақыт мәселесі деп саналды. Ол кезде әлемдік үкімет туралы жиі айтылатын, бірақ мүлдем қастандық теориясы аясында емес. Бұл термин бойынша саясаткерлер мен сарапшылар мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін және қақтығыстардың алдын алатын кез келген беделді органды нұсқады. Халықаралық бейбітшілікті қамтамасыз ету жолында үлкен үміт артылған БҰҰ-ны құрудың ішінара себебі де – осы.

* Чисхолм өмірінің кейбір мәліметін Джон Фарлидің “Брок Чисхолм, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және қырғи қабақ соғыстан” алынды.

NSSM 200 және халықтың өсуін бақылау

Пікір: Содан кейін 1974 жыл – АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік туралы меморандумы. Халықтың саясаты Америка Құрама Штаттарының экономикалық мүдделері үшін өте маңызды болып келеді: «Туу деңгейінің стихиялы түрде төмендеуінің әлеуметтік-психологиялық алғышарттары жасалуы керек … Біз өз қызметімізді дамушы елдерде осы елдерге қарсы бағытталған дамыған елдің саясаты ретінде қабылдамауымыз керек». Сосын PlayBoy журналы шығарылды, ол моральды бұза бастады.

М.Ковальчук

Үкім: Жартылай шындық және манипуляция

1974 жылғы Ұлттық қауіпсіздікті зерттеу туралы меморандумның бар екені рас және ол АҚШ-тың халық санына қатысты саясатын ұсынады. Онда болашақта халықтың тым көп болу қаупі туралы айтылады және әлемдегі түрлі экономикалық және әлеуметтік мәселелерден, АҚШ-тың мүдделеріне зиян келтірмеу үшін тууды төмендетудің түрлі жолдары талқыланады. Рас, қолда бар деректерге сәйкес құжатта сипатталған саясат ешқашан орындалмаған.

PlayBoy журналының меморандумға еш қатысы жоқ. Ол бұл оқиғадан 20 жыл бұрын шыға бастады.

«Әлемдік халық санының өсуінің АҚШ-тың қауіпсіздігі мен шетелдік мүдделерге әсері» туралы Ұлттық қауіпсіздікті зерттеу туралы меморандум (National Security Study Memorandum, NSSM 200 деген атпен танымалырақ) 1974 жылы 10 желтоқсанда “құпия” деген белгімен шықты. Құжат келер жылы 1975 жылдың 26 қарашасында қабылданды. Кейін, 1980 жылы (басқа деректер бойынша 1989 жылы) құпиясыздандырылды.

PCAAB500

Құжат көлемі 100 беттен асады, сондықтан онда айтылғандардың мазмұнын қысқаша жеткізуге тырысайық. Зерттеу авторларын әлемдегі бұрын-соңды болмаған халық санының өсуі алаңдатады. Олардың пайымдауынша, егер туу коэффициенті осы деңгейде қалса, онда 2075 жылға қарай ғаламшардағы адамдардың саны 12 миллиардқа жетуі мүмкін. Сонымен бірге, демографтардың айтуынша, 10-нан 13 миллиардқа дейінгі диапазон әлем халқының тұрақтылық деңгейі болып саналады.

Сонымен қатар, кедей елдердегі халықтың өсуі бай елдердегі өсімнен едәуір жоғары екендігі байқалды – жылына 2-ден 3,5% -ке дейін, қарыссы – жылына 0-1,5%. Ең үлкен өсім онсыз да тығыз қоныстанған, әлсіз ресурс базасы бар аймақтарда тіркелді. Авторлардың пікірінше, халық санының өсуі әсіресе ең кедей, ең тез өсіп келе жатқан аз дамыған елдерде азық-түлік қажеттіктеріне айтарлықтай әсер етеді, өйткені қазіргі кезде жыл сайын 10-20 миллион адам аштықтан өледі.

Оған қоса, аз дамыған елдер барлық азаматтың сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайтындықтан экономикалық проблемалар пайда болуы мүмкін, бұл өз кезегінде отбасы табысының төмендеуі және жұмыссыздық сияқты проблемаларға әкеледі. Бұл проблемалар қылмыстың көбеюіне, қоғамдағы тұрақсыздыққа, ішкі және сыртқы көші-қонға әкелуі мүмкін.

Авторлардың пікірінше, аз дамыған елдердің саяси тұрақсыздығы, халықаралық аренадағы тұрақсыздыққа әкеп соқтыруы мүмкін, бұл АҚШ-тың және Америка Құрама Штаттары дамуына мүдделі басқа елдердің ұлттық қауіпсіздігі үшін тәуекелдер туғызады. Табиғи ресурстардың үлкен қоры бар аз дамыған елдердегі тұрақсыздық бұл осы ресурстардың негізгі тұтынушыларының бірі – АҚШ үшін қолайсыз. Кеңірек алғанда, әлемдік экономикалық, саяси және экологиялық жүйелерге елеулі зиян келу қаупі бар.

1972 жылы әлем халқының жартысына жуық өсуіне жауап берген 13 мемлекет маңызды роль атқарады және олар халық өсуіне көмек беру бағдарламасында басымдыққа ие болуы керек. Бұл елдерге Бангладеш, Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Филиппин, Тайланд, Египет, Түркия, Эфиопия, Нигерия, Бразилия, Мексика және Колумбия жатады.

Құжат бұдан әрі халықтың өсуі бағдарламасын халықаралық деңгейде ілгерілету бойынша бірқатар ұсыныстан тұрады. Олардың қатарына контрацепция, отбасын жоспарлау, жас ұрпақты шағын отбасылар құруды қалауға тәрбиелеу, бала мен ана өлімін азайту, денсаулық сақтауды жақсарту, әйелдердің материалдық жағдайын жақсарту және олардың мүмкіндігін кеңейту кіреді.

Туу коэффициентінің төмендеуі өсімнің толық нөлге тең келуін білдірмейді – құжатта ең жақсы нұсқа – бұл ауыстыру деңгейінде туу деңгейіне қол жеткізу, бұл орта есеппен екі баласы бар отбасыны білдіреді.

Авторлар мұндай саясатты үшінші әлем елдерінің басшыларының қатысуынсыз ілгерілетуге болмайды, олар өте белсенді қатысуы керек деп санайды. Солай бола тұра, АҚШ қызметі аз дамыған елдерге қарсы индустриаландыратын ел саясаты ретінде қабылданбауы керек. Сондықтан АҚШ аз дамыған елдердегі реформаларды өздерінде де қолдауы керек.

Басқаларды біздің ниетімізге сендіруге көмектесу үшін біз жеке адамдар мен ерлі-зайыптылардың балалар саны мен олардың туу аралықтарын еркін және жауапкершілікпен анықтауға және сол үшін ақпарат, білім мен құралдарға ие болу құқығына баса назар аударатындығымызды және біздің ешқашан өзгермейтін жалпы әл-ауқатты жақсартуға мүдделі екенімізді білдіру керек. Біз қағидаттарды іргелілету үшін мынадай Халық өсуі саласындағы бүкіләлемдік іс-қимыл жоспары берген өкілеттікті пайдалануымыз керек: 1) ата-ананың жауапкершілігі мен баласы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті білдіреді және 2) елдер халық санының өсуіне саласындағы саясатты талдау бойынша өзінің тәуелсіздігін жүзеге асырарда көршілері мен дүниежүзінің аман-саулығын есепке алуы керек.

NSSM 200

Айта кетейік, Халық өсуі саласындағы бүкіләлемдік іс-қимыл жоспарын БҰҰ мүшелері сәл кейінірек, 1974 жылдың тамызында  Бухаресте өткен Бүкіләлемдік конференцияда қабылдады. Бұл құжат та кейбір аймақтағы халық санының тез өсуіне алаңдаушылық білдіріп, осындай реформаларға кеңес береді. Авторлар жиі айтатынындай NSSM 200 ішінара соған негізделген. Құжаттардың айырмашылығы, БҰҰ халықаралық ұйым ретінде елдерді дипломатиялық жолмен өздерінің халық саны өсуі саласындағы саясат туралы ойлануға шақырды, ал NSSM 200 авторлары мәселеге ұлттық мүдделер тұрғысынан қарап, неғұрлым белсенді саясатты сипаттады.

Дегенмен құжаттың ешқашан жұмыс істемегендігі туралы дәлелдер бар. Америкалық сарапшы Стивен Дуглас Мамфорд Life and death of NSSM 200: how the destruction of political will doomed a U.S. population policy (NSSM 200-дің өмірі мен өлімі: саяси ерік-жігердің жойылуы АҚШ-тың халық саны өсуі саласындағы саясатының қалай жойылатыны ретінде) деген кітабында былай дейді:

1975 жылдың 26 ​​қарашасында Американың халық саны артуымен күрестегі саяси ерік-жігерінің шегі аяқталды … Шек 6 жылға жетпеді, содан кейін қарқын бірден төмендеді, содан бері біздің бұлжымастығымыз жыл сайын азая бастады.

Мамфордтың айтуы бойынша, проблема неде болды? Өте қысқаша – саясатта. Құжат Никсонның кезінде жазылған еді, ол оны жүзеге асыруға батылы бармады, өйткені өз сайлаушыларының католик бөлігінен қол үзгісі келмеді. Құжатқа қол қойған Джеральд Форд АҚШ-тағы Католик епископтарының ұлттық конференциясының және абортқа қарсы болған Ватиканның қолдауы алаңдатты. Одан кейінгі президент Джимми Картер де саяси мақсаттар үшін олармен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысты.

Әрі қарай Мамфордтың айтуынша, қарқын жоғалды. Оның көп кітабы ватикан лоббилеріне арналды. Сондықтан оны NSSM 200-дің сәтсіздікке ұшырауының басты себептерінің бірі ретінде қарастырады деп жорамалдауға болады.

Кейбір өңірде халықтың өсуін төмендету мәселесі ендігі құпия емес және бірнеше оншақты жыл бойы талқыланып келеді. БҰҰ-ның дүниежүзі халықтарының болашағы туралы былтырғы есебінде 47 аз дамыған ел халқы жылдам өсіп келе жатқандар қатарына жататыны және бұл жағдай болашақта тұрақты даму мақсаттарына жетуге кедергі келтіретіні хабарланды. Дегемен туу деңгейінің төмендеуіне және/немесе эмиграцияның өсуіне байланысты халқы азайып жатқан елдер де бар. Қазіргі уақытта барлық дерлік елде халықтың қартаюы байқалады. Жалпы алғанда, әлем халқының саны 1950 жылдан бастап кез келген уақытқа қарағанда баяу қарқынмен болса да өсіп жатыр.

Қорытынды

Талдау көрсеткендей, тіпті мемлекеттік ведомстволар ұйымдастыратын ауқымды іс-шараларда да ұзақмерзімді жалған нарративтерге негізделген өте күмәнді пікірлер өтіп кетуі мүмкін. Қастандыққа бейімдік қастандық теориясын жасайтын адамның тәжірибесіне немесе білім деңгейіне байланысты емес деген зерттеулер расталады.

Жалған ақпаратпен күресуге үлес қоса аласыз: Объективтікті сақтау үшін Factcheck.kz редакциясы жарнамадан бас тартып, мемлекеттен, ірі компаниялар мен саяси топтардан алшақ болу принципін ұстанып, олардан тәуелсіздігін сақтап келеді және мұны дәл сіздің қолдауыңыз жүзеге асырады. Біз шығынның ұтымды жоспарланатынан кепілдік береміз. Халық қаржысы жобаның одан әрі орнықты болуына және ақпараттарды және мемлекеттік қызметшілер, шенеуніктер мен сарапшылар пікірін тексеруге мүмкіндік береді.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz