Bellingcat | Бейрутта не жарылды?

Bellingcat‘тағы әріптестеріміз Бейруттағы жарылыстың нақты орны мен апат себебін анықтауға тырысып, зерттеу жасады. Factcheck.kz өз оқырмандарына аталмыш материалды қазақ тілінде ұсынып отыр.

4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00 шамасында Бейрутта өрт және бірнеше жарылыс туралы хабарлама жарияланды. Алайда көп ұзамай бұл оқиға өндіріс ошағындағы кішігірім өрт емес екені белгілі болды.

Көптеген видео мен фото әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Бұл видео өрттің кенеттен үлкен шар секілді, содан кейін үйдің тас-талқанын шығарып, толқын пайда болғанын көрсетеді.

Жарылыс қайда болды?

Қайғылы оқиғаға қатысты видео мен суреттер бір локацияға тоғыстырылған. Ол Бейрут порты докында [кемелерді жөндеуге арналған орын — ред.] мына координат бойынша: 33.901353, 35.518835. Жарылыс басқа жерлерде де болды деп хабарланғанымен, мұны растайтын фотосуреттер мен видеолар жоқ. Мұндай ақпараттың таралуы мен пайда болуына апат аумағының үлкендігі себеп болуы мүмкін.

Сол жақта: үлкен аумақты қамтыған жарылысқа себеп болған апаттың видеосы.
Оң жақта: жарылыс орнының спутниктен түсірілген суреттері (сурет: Google / CNES / Airbus)
Сол жақта: қуаты төмен болған жарылыстың бейнесі, оң жақта: жарылыс орнының спутниктен түсірілген суреті (сурет: Google / CNES / Airbus)

№ 12 қоймада не болды?

Кеме жарылысы немесе әуеден жасалған соққы деп айтатындай ашық дереккөздерде және қол жетімді видеолар анықталмады. Көптеген фото мен видеода жанып жатқан қойма, бірнеше жарылыс, содан кейін алапат жарылыс көрсетілген. Төмендегі видео жарылыстың қалай болғанын егжей-тегжейлі көрсетеді.

Жоғарыда көрсетілген кадрларда эпицентр 33.901353, 35.519006 координатасы бойынша орналасқан доктағы [кемелерді жөндеуге арналған орын — ред.] қойма екенін көруге болады. Әлеуметтік желідегі кейбір пайдаланушылар бұл нысанды 12-қойма деп атайды. Жарылыс Бейрут портының батыс жағында орналасқан қоймада болмағанына (сол жақтағы суреттер) назар аударыңыз.

Видеоның сілтемесі

Мұны порт қоймасының төбесінен түсірілген бейнежазба растайды, жазбада аталған қойманың қалай өртеніп жатқаны, ал көп ұзамай өрттен кейін жарылыс болғанын байқаймыз. Видеода алапат жарылысқа дейінгі алғашқы «кішігірім» жарылыс түсірілген болуы мүмкін.

Бейнекамерадан түсірілген орынды Google картамен салыстыру арқылы насынның нақты орналасқан жерін анықтауға / растауға болады. Бұлны өздеріңіз де жасай аласыздар.

Сол жақта: видеодағы кадр, оң жақта: локацияның Google картадағы бейнесі

Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, видео түсірген ғимаратқа құбыр тіреледі (немесе қуатты сым тартылған), осы детальдың арқасында түсірілген жердің нақты координатасын анықтаймыз: 33.901750, 35.518238, бұл қоймадан 40 метр қашықтықта. Сонымен қатар, бейнежазбада өрт шыққан (координаттары: 33.901353, 35.519006) қойманың солтүстік жағы түсірілген.

Сол жақта: спутниктен түсірілген сурет( Google / Maxar Technologies), оң жақта: бейнедегі кадр

Жарылыстың жойқын күшінен кейін адам тұрған ғимарат қираған болуы мүмкін.

Жарылысқа не себеп болды?

Қайғылы оқиғаның ерекшеліктеріне назар салсақ: қызғылт бұлт және жойқын жарылыстың алдындағы от пен түтін арасындағы жарқылдар. Кейбір жергілікті медиа-аккаунттар порт қоймаларында жарылғыш заттардың дұрыс сақталмауы туралы мәлімет жариялады, бірақ кейінірек Twitter-де бұл ақпараттар жойылды.

Басқа медиалар кем дегенде 2013 жылдың аяғынан бастап портта сақталған аммиак селитрасының 2750 тонналық химикаты туралы жазды. «Әл-Жазираның» хабарлауынша, кеден қызметінің бұл мәселені шешу туралы бірнеше рет берген өтінішіне қарамастан, жүкке қатысты ешқандай шешім қабылданбаған. Соның салдарынан аммиак селитрасы порттағы қоймада сақталды. Селитра туралы ақпарат Ливан президенті Мишель Аунның мәлімдемесімен сәйкес келеді.

Аммоний нитраты әртүрлі жарылғыш заттардың негізгі ингредиенті. Олардың ішіндегі ең танымалы AСДТ. Тимоти Маквей Оклахома-Ситидегі жарылыс кезінде аммоний нитратына негізделген жарылғыш заттарды қолданды. [Тимоти МакВей 1995 жылы 19 сәуірде Оклахома-да федералды үкімет ғимаратын жарып, 168 адамды өлтірді — ред.] Бұл химиялық заттың 2750 тонна күшін есептесек, Бейруттағы жарылыста тротилдің бірнеше эквивалентіне жуық жарылыспен теңесуі мүмкін.

Бірнеше желі қолданушысы жариялаған суретте Бейрут портындағы қоймада дәл осы жүк болғанын және олардың бір-бірінің үстіне қойылған үлкен қапта сақталғанын байқауға болады. Фотодан NITROPRILL деген жазуы бар үлкен қаптарды көруге болады. NITROPRIL (бір L әрпімен) Оrica компаниясы шығаратын аммиак селитрасының сауда атауы. Жазудағы айырмашылықтың болуына байланысты фотодағы қаптарды жасанды деп болжауға болады. Өнімнің атауы жазылған жалғыз нұсқасы — Nitro Prill Bombeamento de Explosivos бразилиялық компаниясының өнімі.

Суреттерде көрсетілген элементтерді доктағы қоймалардың фотосымен салыстырдық. Қойма терезелері, жарық қорапшаларының және есіктердің дизайны Бейрут портында орналасқан қойма дизайнымен сәйкес келеді. Сурет дәл сол жерде түсірілуі мүмкін, бірақ фотода қандай қойма көрсетілгенін нақты анықтау мүмкін болмады.

Сол жақта: Бейрут портында аммиак селитрасын жөнелту кезі бейнеленген болуы мүмкін.
Оң жақта: Спутниктен түсірілген сурет (Google/Maxar Technologies) және өрт шыққан видео.

Салдары қандай?

Жарылыстың радиусы үлкен болды. Бейрут қаласына айтарлықтай зиян келтіргенін дәлелдейтін көптеген сурет пен видео бар. Төмендегі видеодан (баяу жылдамдықпен) қаланың жарылыс салдарынан қаншалықты қирағанын көруге болады.

Жарылыстың жаңғырығы Кипр жағалауына жетіп, терезелер шытынаған (бізде бұл жөнінде кем дегенде бір хабарлама бар): желіде де ұқсас жазбалар болды. Сейсмикалық мониторингтің мәліметінше, осы уақыт аралығында құрылғы сейсмобелсенділікті, ал Бейрутта — 3,5 баллдық жер сілкінісін тіркеген.

Ядролық қару жөніндегі сарапшы Джеффри Льюис алдын ала жасалған тұжырыммен келісті: жарылыс шамамен, 240 тонна тротилға тең болуы мүмкін. Сарапшы бұл тұжырымның әлі нақты емес екенін де айтты.

Жарылыс Бейруттың көптеген ауданын бүлдірді. Эпицентр маңында толығымен қираған ғимараттардан бөлек, едәуір алыс орналасқан нысандар да зардап шекті. Соққының толқыны әйнек пен есіктерді сындырды.

Оңтүстік-батыстан доктар көрінісі

Бастапқы өрт пен бірнеше шағын жарылысты маңында видеоға түсірген адамдар зардап шекті. Кейін алып детонацияның салдарынан сынған терезелердің сынықтарынан жарақаттанды. Ауруханаларда зардап шеккендер көбейді. Материал жазылған уақытта 50 адам қайтыс болды (14 тамызда 178 адам қайтыс болды) және бірнеше мың адам жараланды.

Келесі күні түсірілген фотография порттың толық қирағанын көрсетеді. Қойманың орналасқан жері су толған 150 метрлік кратерге айналды.

Сол жақта: дрон арқылы түсірілген кратердің суреті.
Оң жақта: жарылысқа дейінгі кратердің белгісі бар сурет (Google/Maxar).

Қорытынды

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, кешкі сағат 6-ға дейін Бейрут доктарындағы өрт пен бірқатар кішігірім жарылыс үлкен детонацияны тудырды, тіпті Кипрде де сезілді. Бейрутта көптеген ғимарат қираған, мыңдаған адам жарақат алып, көбі қайтыс болды. Жарылыстың эпицентрі 33.901353, 35.518835 координатасында орналасқан қойма деп айтуға болады. Ресми нақты себебі айтылмағанымен, біраз ақпарат көзі апатты 2013 жылдан бастап портта сақталған аммиак селитрасының (2700 тонна) салдарынан болғанын жазып жатыр.

Қайғылы оқиға экономикалық жағдайы ауыр, инфляцияның өсуі, электр қуатымен қамтамасыз етуден зардап шеккен елде болды. Енді ақпараттық кеңістікте порттағы қоймада не сақталғаны және неліктен мұндай қауіпті заттар қала орталығына жақын орналасқаны жөнінде көптеген нұсқалар жарияланады.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.