Үндістандағы фактчекингтің жай-жапсары

 

Жарты жыл бұрын Alt News деп аталатын Үндістанның фактчекинг ресурсы пайда болды, бұл туралы Nieman Lab хабарлайды. Бұл елде фейктер Facebook және WhatsApp мобильді қосымшалары арқылы тарайды. Мұнда мобильді интернет кең тараған: Үндістанның интернет және мобильді қауымдастығы келтірген деректерге сай, тек ауылдық аймақтардың өзінде мобильді интернетті пайдалану көрсеткіші 26%-ға артқан.

Фактчекинг жасайтын үшеу

Alt News ресурсында үш адам жұмыс істейді: бұрынғы инженер Пратик Синха, Фейсбуктен Subramanian Swamy атты үнді саясаткеріне пародия жасайтын жасырын парақша ашқан адам және Sam Jawed деген псевдониммен медиа және насихат туралы жазатын автор. Фактчекинг тақырыптары әртүрлі – әлеуметтік желілердегі фейк аккаунттарды талдау мен hate speech видеодан бастап, кең тараған мифтерді, әлеуметтік мәселелерді және саясаткерлердің сөзін таразылауға дейінгі мәселелер бар.

Жобаның Фейсбук пен Туиттерде парақшалары бар және Whatsapp арқылы хабарлама таратады. Alt News сайты негізінен ағылшын тілін білетін аудиторияға арналған. Хинди тілінде азғантай жазба бар, болашақта олардың санын арттыруды көздейді.

Alt News Үндістандағы танымал фейк түрлерін былайша жіктейді:

  • Көпшілікке танымал адамдардың сөзін бұрмалау үшін қайта монтаждау;
  • Буддистер мен мұсылмандардың арасындағы алауыздыққа әлсін-әлсін от тастау үшін ескі видеоларды интернетке қайталап салу;
  • Фейсбукте фейк жаңалықтар тарату үшін ашылатын селебритидің фейк парақшалары.

Пратиктің тәжірибесі

Alt News сайтының негізгі жұмысы фейк жаңалық таратушылар қалдыратын онлайн айғақтарды іздеуден тұрады. Авторлар жалған ақпарат таратуға маманданған Hindutva.info атты танымал сайтты құрушыларды осылай тапқан. Wayback Machine көмегімен алғашқы жазбаларды жариялаған авторлардың аты-жөнін тапқан, олардың бірі интернеттен табылған видеода табысының жоғары екенін айтып мақтанған. Оған Hindutva.info сайтындағы жарнама ғана емес, тағы бір «саржағал» сайт – hitepehit.com да пайда әкелген. Оларға Фейсбуктегі ондаған парақшадан сілтеме салынған, ал бәрінің админі бір адам болып шыққан. Alt News сайтының әшкере етуінен кейін ол парақшалардың біразы жойылған.

Alt News сайтының негізін қалаушы Пратик Синха осындай фейк сайттар арқылы айына 600 долларға дейін пайда тауып отырған жастармен әңгімелескен.

«Олар үшін шындық маңызды емес, – дейді Синха. – Олар үшін парақша ашып, вирусты контент тарату түкке тұрмайды. Ал біздің сайтты оқитындардың үлесі соншалық көп емес. Жұртқа «бұл – фейк», «бұл – фейк» деп қайта-қайта айтасың, соның өзінде олар тек оншақты реттен кейін ғана Whatsapp арқылы бірдеңе таратар алдында ойлануы мүмкін».

Аударған Жұлдыз Әбділда

 

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz