Балаларымызға қаншалықты қорғанбыз?

1 маусым — халықаралық балаларды қорғау күні. Қазақстанда балаларға қатысты жазатайым жағдайды жиі естуге болады. Мысалы, 2019 жылы астанада 5 бала өртенген үйде көз жұмды. Балаларын үйге қалдырып жұмысқа кеткен ата-ананың Алматы мәслихатының депутаты Ермахан Ибраимов “түк көрмегендік” деп атады (видеоға тайм-код: 18:31). Біз балаларымызды қаншалықты жақсы қорғап жүрміз? Factcheck.kz осы және басқа да деректерді талдады.

Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жазуынша, әлемде 1990 жылдан 2020 жыл аралығында 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім 12,6 миллионнан 5 миллионға дейін азайған, яғни 60%-ке кеміген. Ұйым дерегіне сай, 2016 жылғы 5 жасқа дейінгі балалардың 1000-ға шаққандағы жарақаттан өлгендер көрсеткіші бойынша Қазақстан мен бізге іргелес елдерді орташа көрсеткіште деуге келеді.

Балаларымызға қаншалықты қорғанбыз?
5 жасқа дейінгі балалардың 1000-ға шаққанда жарақаттан өлгендер көрсеткіші. ДДСҰ, 2016 жыл

Қазақстандағы жағдай

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балалар басқа себептерге қарағанда сыртқы фактор әсерінен көбірек өледі. Өлімнің сыртқы себептеріне көлікке қатысты, суға бату, тұншығу және отқа байланысты өлім жатады.

Балаларымызға қаншалықты қорғанбыз?
Қайтыс болған балалардың өлім себебі бойынша бөлінісі

Алайда сыртқы себептерден болған өлім саны абсолют мәнде азайып келе жатқаны байқалады.

Биыл 11 мамырда астанадағы көп қабатты үйлердің бірінде 3 жасар баланың терезеге қолымен асылып тұрғаны, оны Сәбит Шонтақбаевтың құтқарып қалғаны туралы видео тарады. Экспресс К сайты желі қолданушыларына сілтеп, “Қазақстанды Ресеймен қатар балалардың терезеден құлауы бойынша “әлемдегі лидерлердің” бірі деп атап жатқанын” жазды. Әлемде мұндай статистика жүргізілмейтіндіктен мұндай нарративті тексере алмаймыз. Дегенмен жеке елдерге қатысты деректі табуға болады.

Ұлттық статистика бюросының бізге берген мәліметіне сай, 2022 жылдың қаңтар-наурызында 0-14 жас аралығындағы 2 бала ғимараттан не құрылыстан құлап қайтыс болған. Бұл көрсеткіш кейінгі 5 жылда айтарлықтай өзгермей келеді.

2021 жылғы 0-14 жас аралығындағы бала санын ескерсек, еліміздегі әрбір 220-бала терезеден құлап қайтыс болған.

Ресейде 2020 жылдың жазында балалардың терезеден құлап, зардап шеккендер өткен жылмен салыстырғанда 4 есе өскен, алайда терезеден құлау салдарынан қаза болғандар 11,6%-ке кеміген. Жалпы алғанда, Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы терезеден 1 339 бала құлап, 145 бала қаза тапқан. Мұндай себеппен қайтыс болғандар 2017 жылы — 106, 2018 жылы — 123.

Халықаралық деректер

“Дамыған елдерде жаңа туған нәрестенің өмір сүру мүмкіндігі басқа елдерге қарағанда 50 есе жоғары”,-деп жазады БҰҰ балалар қоры — ЮНИСЕФ. Ұйымның 2018 жылғы есебінде Жапонияда, Исландия мен Сингапурда туған нәрестелердің Пәкістанда, Орталық Африка Республикасы мен Ауғанстанда дүниеге келген нәрестелерге қарағанда өмір сүру мүмкіндігі көп екені жазылған. Ал Қазақстан сәби өлімі көрсеткіші бойынша 184 елдің ішінде 122-орынға тоқтап, көрші елдерге қарағанда көш ілгері екенін көрсеткен.

  • Нәресте өлімі — 1 жасқа дейінгі;
  • Бала өлімі — 5 жасқа дейінгі адам өлімі.

2018 жылы ЮНИСЕФ-тің Атқарушы директоры Генриетта Фор “Ширек ғасырда 5 жасқа дейінгі балалардың өлімін екі есе азайтқанымызға қарамастан, біз бір айға толмаған сәбилердің өлімін азайту мақсатында осындай нәтижеге қол жеткізе алмадық”,-деген. Ұйым есебіне сай, өмір сүру деңгейі төмен елдерде нәрестелер өлімінің орташа көрсеткіші тірі туған мың балаға 27 жағдай, өмір сүру деңгейі жоғары елдерде бұл көрсеткіш 3 жағдайға тең. БҰҰ-ның балалар өлімін бағалау жөніндегі ведомствоаралық тобының ақпаратына сай, Қазақстанның 2020 жылғы бұл көрсеткіші 8,92-ге тең.

Әлемдегі жағдайға қарасақ, 5-14 жас аралығындағы балалар көбіне жол-көлік оқиғаларынан, рак пен диарея ауруларынан қайтыс болады.

Балаларымызға қаншалықты қорғанбыз?
5-14 жас аралығындағы балалардың өлім себебі.
Әлем, 2019 жыл

Балаларды қайтсек қорғаймыз?

ЮНИСЕФ-тің 2016 жылғы есебіне сай, күніне 15 000 бала 5 жасқа жетпей өлген, оның 7 000-ы өмірінің алғашқы 28 күнінде қайтыс болған. Дегенмен 2016 жылы 5 жасқа дейін өлген бала саны 2000 жылмен салыстырғанда азайған. Алайда, жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітімнің үлесі сол кезеңде 41%-тен 46%- ке дейін өскен. Сонымен қатар, елімізде бала өлімі көрсеткіші төмендеп келе жатыр. Бұған қоса ЮНИСЕФ туғанына 28 күн болған балалардың өлу себебін зерттеген. Ұйым мұндай жағдайларда арзан технологиямен бала өлімінің алдын алуға болар еді деп алаңдайды.

Денсаулық сақтау саласы бойынша сарапшы Қанат Суханбердиев Қазақстанның нәресте өліміне қатысты “қызық” жағдайға тап келгенін айтады.

Суханбердиевтің сөзінше, бүкіл әлемде нәресте өлімі бірінші кезекте алдын алуға болатын себептерді жою есебінен төмендейді. Ал Қазақстандағы жағдай басқа. Оның айтуынша, елде стандарттар мен алгоритмдер сақталмайды, неонатологтардың тапшы, білім мен тәжірибе жеткіліксіз және антибиотиктерді қолданудағы бірыңғай тәсіл жоқ.

Әлбетте, адам өлімін не жарақатын ешкім болжап білмейді. Алайда, нәресте өлімі себептерінің алдын алуға болады. Оның келесідей жолдары бар:

  • Туа біткен дефектілердің алдын алу;
  • Мерзімінен бұрын босану, аз салмақ және олардың салдарының мәселесін шешу;
  • Жүктілікке дейін және босанғанға дейінгі күтім;
  • Нәрестелердің ұйқысына арналған қауіпсіз орта құру;
  • Жасырын ауруларды анықтау үшін неонатальды скринингті қолдану.

Бұдан бөлек, бала қауіпсіздігі үшін ата-ана қамқорлығы маңызды. Сарапшылардың айтуынша, алты жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдырмау керек. Оларға терезенің ашық қалуы, тоқ және ыстық не жанғыш заттар қауіп төндіреді. Ал терезедегі торлар балаға жалған қорғаныш сезімін беруі мүмкін, бірақ шындығында тор бала салмағын көтере алмай оңай құлап кетеді. Мұның алдын алу үшін терезеге арнайы пластик торлар орнатуға болады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz