Азаттық радиосы қаңтар құрбандарының тізімін жариялады

1 маусымда Алматыдағы Novotel қонақ үйінде Азаттық радиосының журналистері «Қаралы қаңтар» кезінде қайтыс болған адамдардың тізімін жариялап, арнайы жобаны таныстырды. Жоба авторларының мәліметінше, қайтыс болған кемінде 188 адамның аты-жөні белгілі. Бұл туралы Factcheck.kz хабарлады.

Бұған дейін билік өкілдері тек 238 адамның қайтыс болғанын айтып, қанды оқиғадан бес ай өтсе де олардың атын атамаған.

Шараға Азаттық радиосының (Radio Free Europe/Radio Liberty) президенті Джейми Флай және қазақ редакциясының директоры Торокул Дооров қатысты. Бұған қоса қаңтар трагедиясы кезінде жақындарынан айырылғандар, құқық қорғаушылар және жобаға ат салысқан журналистер, әрі медиа өкілдері болды.   

Шара модераторы әрі Азаттық радиосының бас продюсері Қасым Аманжол билік өкілдерін тізімді жарияламады деп сынады.

Жаңа Қазақстан тарихында Қаңтар қасіреті сияқты мұндай деңгейдегі ауыр қылмыс, ауыр оқиға, үлкен сынақ қазақ халқының басында болған емес. Азаттықтың сіздерді осы шараға шақыруының басты себебі – оқиғадан қаза болған 238 адамның тізімін жасауға талпындық. Билік мұны жариялаған жоқ. Бес ай бойы біз Қазақстандағы тәуелсіз, азат медианың өкілі ретінде осы азаматтарды іздедік, қаза болғандардың аты-жөнін түгендедік, көпшілігімен сөйлестік. Көпшілігінің үйіне бардық, артындағы жесірін, жылап қалған жетімімен тікелей тілдестік. Бұл әрекетке журналистік парызымызбен, өзіміңздің міндетімізбен бардық. Бұл жұмыс енді ғана басталды деуге болады.

Қасым Аманжол.
Азаттық радиосы қаңтар құрбандарының тізімін жариялады
Жоба авторы Дархан Өмірбек тізім қалай жиналғанын және қайтыс болғандар туралы ақпаратты қай жерде толтыруға болатынын түсіндірді.

Шарада сөз алған Ар.Рух.Хақ құқық қорғау ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қазақстан билігін қаңтарда қайтыс болғандар жайлы ақпарат жарияламай тұрып, “референдум өткізгелі жатыр” деп сөкті.

Сонымен бірге, адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтис қаңтар оқиғасы кезінде оқ атқандар “жазасыз қалуы мүмкін” деп алаңдайды.

Азаттық радиосы қаңтар құрбандарының тізімін жариялады
Евгений Жовтис. Фото: Азаттық радиосы.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ атуға кім бұйрық бергенін анықтау талабы болды. Видео болса да, бейбіт адамдарды кім өлтіргені аталмады. Қаңтар оқиғасында да осы қайталанып отыр. Ең қорқыныштысы — оқ атқандар, азаптағандар өзін жазасыз қалғандай сезінеді. Қаңтар құпиясы ашылуы керек. Кінәлі адамдар жазасын алуы керек.

Евгений Жовтис.

Контекст

  • Биыл қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты наразылық акциясы өтті. Кейін митиң соңы қантөгіске ұласты. Қазақстан билігі дәлел келтірмей шетелде арнайы дайындықтан өткен “террористер” жайлы айтты.
  • Бұған дейін адам құқығын қорғайтын халықаралық HRW ұйымы Нұр-Сұлтанды қаңтар қырғынын тәуелсіз зерттеуге бірнеше рет үндеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz