Апталық шолу: HRW Қазақстандағы қысым жайлы, ұйғырлар геноциді және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстанның киелі орындарына бөлінетін миллиардтаған қаржы қайда кетіп жатқанын және желіде тараған ақпаратты тексерді. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Human Rights Watch үкіметтік емес ұйымдардың қысымға ұшырауына алаңдады

Human Rights Watch Қазақстан билігі сайлауда заң бұзушылық болғанын анықтаған үкіметтік емес ұйымдарға қысым көрсетіп жатқанын хабарлады. Адам құқығын қорғайтын ұйым Қазақстан билігінің реформалар жүргізуге және адам құқығы бойынша жағдайды жақсартуға тырысып жатқанына күмән келтіреді.

15 қаңтарда салық органдары “Эхо” үкіметтік емес ұйымының жұмысын үш айға тоқтатып, 1400 доллар (шамамен 586 мың теңге) айыппұл салды. Салық органдарының дерегінше, “2018 жылдан бастап шетелдік қаржыландыру есебі бұзылған”. Алайда ұйым мұндай айыптарды жоққа шығарды.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы тағы бір үкіметтік емес “Еркіндік Қанаты” қоры “қаржылық есеп берудегі заң бұзушылығы үшін” айыппұл төлегенін жазған. Сонымен бірге, MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жақын күндері жергілікті салық органдарына шақырылатынын атап өткен. Оларға да айыппұл салынып, жұмысы тоқтауы мүмкін. Қалған үкіметтік емес ұйымдардың шешімі де енді шығады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Помпео Қытайды “ұйғырларға қарсы геноцид жасады” деп айыптады

19 қаңтарда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Қытай билігін Шыңжаңдағы ұйғырларға және басқа этникалық, діни өкілдеріне геноцид жасады деп айыптады.

Мемлекеттік хатшы мәлімдемесінде бейбіт тұрғынның бостандығын шектеу, күштеп азаптау, жұмысқа жегу, діни көзқарасы мен өзінің пікір айту құқығын шектеу, қамау секілді жалпы адамзатқа қарсы қылмыстар айтылған.

Помпеоның айтуынша, Қытай мен Қытай Коммунистік партиясын жауапқа тарту қажет. Вашингтон Пекиннен қамалған ұйғырлар мен басқа этникалық өкілдерді босатуға және оларға қысым жасамауға шақырды.

Азаматтығы жоқ адамдарға қатысты мифтер

2020 жылдың күзінде Қазақстанда азаматтығы жоқ адамдарды анықтауға және олардың құжат мәселесін шешуге бағытталған республикалық науқан басталған еді. Ол Ішкі істер министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ Әділет министрлігімен, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен (БҰҰ БЖКБ) және серіктес үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп өткізілді. Науқан #IBelong атты әлемдік жобаның бір бөлігі болды.

Қазақстандағы азаматтығы жоқ адамдардың нақты саны белгісіз, өйткені олардың арасына босқындардан басқа да адамдар бар. Мәселен КСРО-ның «қызыл» паспортын уақытылы ауыстырмағандар әлі де кездеседі, олар қазірге дейін құқық қорғаушылар мен көші-қон органдарына жүгінеді. 2020 жылдың басынан бастап 867 адам 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорты негізінде (немесе оны жоғалту бойынша) жаңа құжат жасатқан. Соңғы 5 жылда тек үкіметтік емес ұйымдар азаматтығы анықталмаған 6 мыңнан астам адамды анықтаған. Толығырақ мына сілтемеден оқи аласыздар.

IFCN халықаралық фактчекинг желісі Нобель сыйлығына ұсынылды

Поинтер институты жанындағы халықаралық фактчекинг желісі (IFCN) Нобель сыйлығына ұсынылды. Бұл туралы институттың ресми сайты норвегиялық депутат және экс-мәдениет және білім министрі Трине Скей Грандеге сілтеме жасап хабарлады.

“Біз бұл номинацияның осы марапат бойынша нақтыланған тізімі емес екенін түсінсек те, бүкіл әлемде фактчекерлердің жұмысының маңыздылығын растау ретінде қарастырамыз. Қарапайым сөзбен айтқанда, фактілер маңызды, ал фактілерді тексеру өмірді сақтап қалуы мүмкін” poynter.org хабарламасынан

IFCN әлемдегі фактчекерлердің ынтымақтастығына басымдық береді. Жақында Париж бейбітшілік форумы мойындаған Coronavirus Facts Alliance 70-тен астам елден 99 фактчекинг ұйымын біріктірді. Олар 10000-нан астам фактчекерлердің тергеу банкін құрды. Бұл мәліметтер базасы COVID-19 пандемиясына қатысты мәселелер бойынша нақты ақпаратты ұсынады.

Басқа қандай материал жарияладық

  • Шыңжаңдағы қысым туралы айтып жүрген Қытай қазақтары Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына 21 қаңтарда түнде шабуыл жасалды. Тіркелмеген “Нағыз Атажұрт” ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның айтуынша, Қайша Ақанға шабуыл түнде үйінің маңында жасалған.
  • Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаров салтанатты ұлықтау рәсімінде арнайы кортежден және банкеттен бас тартпақ.
  • Таразда азаншы “Ақ жолды” қолдаған парақшалар ілгені үшін жазаланды.
  • Трамп АҚШ-қа Ресей, Қытай және КХДР-дан дрон сатып алуға тыйым салды.
  • Қазақстанның киелі орындарына бөлінетін миллиардтаған қаржы қайда кетіп жатыр?
  • Twitter ұйғырлар туралы жариялаған жазбасы үшін АҚШ-тағы Қытай елшілігінің аккаунтын бұғаттады.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.