20.01 | “Ақ жолды” қолдаған азаншы, ұйғырлар геноциді, АҚШ “қарсылас елден” дрон алмайтынын жариялады

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Помпео Қытайды “ұйғырларға қарсы геноцид жасады” деп

19 қаңтарда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Қытай билігін Шыңжаңдағы ұйғырларға және басқа этникалық, діни өкілдеріне геноцид жасады деп айыптады. Бұл туралы DW сайты хабарлады.

Мемлекеттік хатшы мәлімдемесінде бейбіт тұрғынның бостандығын шектеу, күштеп азаптау, жұмысқа жегу, діни көзқарасы мен өзінің пікір айту құқығын шектеу, қамау секілді жалпы адамзатқа қарсы қылмыстар айтылған.

Помпеоның айтуынша, Қытай мен Қытай Коммунистік партиясын жауапқа тарту қажет. Вашингтон Пекиннен қамалған ұйғырлар мен басқа этникалық өкілдерді босатуға және оларға қысым жасамауға шақырды.

2020 жылы маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың ұйғырларға қарсы қысымына байланысты санкция туралы заңға қол қойған. Бұған жауап ретінде Қытай билігі бірқатар америкалық шенеуніктерге жаза енгізген.

Трамп АҚШ-қа Ресей, Қытай және КХДР-дан дрон сатып алуға тыйым салды

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ ведомстволарына “қарсылас елден” — Ресей, Иран, Қытай және КХДР-дан дрон сатып алуға тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Жарлық Ақ үйдің сайтында жарияланды.

Құжат “АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қарсылас елдерден” мемлекетке пилотсыз ұшу аппаратын сатып алуға тыйым салады.

“Шетелдік қарсылас” термині КХДР, Иран, Қытай, Ресей немесе сауда министрлігі анықтағандай, АҚШ-тың ұлттық және экономикалық қауіпсіздігі үшін қолайсыз әрекеттердің ұзақ жұмыс істеген кез-келген басқа елді, аумақты немесе үкіметтік емес ұйымды білдіреді”

Жарлықтан үзінді

Сонымен бірге, құжатта дрондарды қолдану құпия ақпаратты жинауға және сақтауға қатысты екені айтылған. Бұдан бөлек “қарсылас елдерден” шығарылған аппараттар ұлттық және экономикалық қауіпсіздікке “қауіп төндіретіні” жазылған.

Таразда азаншы “Ақ жолды” қолдаған парақшалар ілгені үшін жазаланды

Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қала тұрғыны Елдос Қырықбаевты “анонимді үгіт-насихат жүргізді” (Әкімшілік кодекстің 113-бабы) деп айыптап, оған екінші рет 69450 теңге көлемінде (25 АЕК) айыппұл салды. Бұл туралы сотқа қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Тараздағы қалалық мешітте азаншы болған Қырықбаев 10 қаңтардағы мәжіліс және мәслихат сайлауы алдында “Ақ жол” партиясы қолдайтын парақша таратқаны үшін жазаланған. Сот процесі кезінде Қырықбаев өзіне тағылған айыпты мойындап, заңсыз әрекетке барғаны үшін өкінетінін де айтты.

Иә, таратқаным рас. Парақшаларды ешкімнің көмегінсіз, қаражатынсыз шығарып, желтоқсан айында бағаналарға ілдім. “Ақ жолға” дауыс берсе деген ой ғана болды, ешкімді үгіттеп, митингіге шақырмадым, – деді ол сот кезінде.

Сот процесінде судья Данияр Мадимаров 31 дана парақша тәркіленгенін айтып, бір данасын көрсетті. Қырықбаев былтыр 22 желтоқсанда “Ақ жол” партиясының парақшаларын таратқаны үшін “анонимді үгіт-насихат жүргізді” деп айыпталып, 69450 теңге айыппұл алған еді. Тұрғынның сөзінше, ол айыппұлын әлі төлеп үлгермеген.

Қырықбаев бұрын Тараздағы қалалық мешітте азан шақыруы болғанын, саяси белсенділігіне байланысты жұмыстан шығып қалғанын айтады. Ал Тараздағы қалалық мешіттің имамы Ақмамбетов Асхат “ешкім оны жұмыстан шығармағанын” жеткізді.

Оны ешкім жұмысынан босата алмайды ғой. Отбасылық жағдайыма байланысты деп өз еркімен кету туралы өтініш жазып әкелді, – деді ол Азаттық тілшісіне.

10 қаңтардағы сайлау алдында шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, билік сыншысы Мұхтар Әблязов өз жақтастарын биліктегі “Нұр Отан” “көп дауыс алып кетпес үшін” “Ақ жол” партиясына дауыс беріп, осы партияны қолдауға шақырған. Әблязовтың үндеуінен кейін аймақтағы белсенділер ол ұсынған “Ақ жолды” қолдайтын парақшаларды тарата бастаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz