Аманжолованың қояндары: вакцинация зияны туралы кең тараған миф

Әлемде COVID-19-ға қарсы вакциналар белсенді түрде жасалып жатыр. Барған сайын жаңа үлгілер сынақтан өтіп жатқан кезде қазақстандық (қазақстандық ғана емес) ақпарат кеңістігінде жалпы вакцинация тақырыбы туралы пікірталастар қайта өршіп тұр.

Әдетте мұндай өзекті тақырыптарда фейк пен жалған ақпарат қатар жүреді. Бұл мақалада біз 17 жылдан бері келе жатқан үлкен нарративке назар аударуды жөн көрдік; онда да бұл нарратив «өмірін» интернетпен санағанда ғана. Шынында, бұл оқиға тамыры Кеңес заманынан бастау алады.

Әңгіме әйгілі медицина ғылымдарының докторы, профессор Аманжолова Раиса Садыққызы (немесе бұрынғы үлгі бойынша Аманджолова) және оның қояндарға жүргізген эксперименті туралы.

Егер сіз вакцинация тақырыбына бір рет қызығушылық танытқан болсаңыз, онда бұл атауды кездестірген шығарсыз. Вакцинацияға қарсылар өз постында, мақаласында және сөйлеген сөзінде осы профессор есімін атап, оның эксперименті туралы жиі айтады.

Аманжолованың қояндары: вакцинация зияны туралы кең тараған миф
Мақалада талданатын Аманжолова кітабының сканы

Біз осы мақалада егжей-тегжейлі қарастыратын эксперимент – қояндар тобының жаңа туған әр ұрпағына вакцина салынғаны туралы. Нәтижесінде олар кері кетті – өлі туу саны көбейді, қалғаны әлсіз, өмір сүруге қабілетесіз және агрессив болып туды. Бесінші ұрпақ соңғы болды, ал кейбір мәлімет бойынша ол мүлдем болмаған. Профессор адамзатта да дәл осындай нәтиже болуы мүмкін екені айтты.

Бұл эксперимент кеңес уағында жүргізілгені айтылады. Оқиғаның өзі қазір таратылған түрінде 2000-жылдардың басында желіде пайда болды.

Аманжолованың қояндары: вакцинация зияны туралы кең тараған миф
Нарратив сипаттамасы мысалы (1796web.com сайты скриншоты)

Аманжолова туралы мақалалар әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 2020 жылдың жаз мезгілі басында профессорлар Ресей дәрігерлерінің мәжбүрлі вакцинацияға қарсы өте күмәнді қауымдастығы мәжілісінде еске түсірілді, ол туралы біз мақаламызда жариялаған едік.

Вакцинация қарсыластары үшін Аманжолова батыр, адамзат үшін күрескер болды және оның эксперименті вакцинацияның зиян екенінің дәлелі саналды. Factcheck.kz осы шынында қызық оқиғаны зерттеп, профессор Аманжолованың есептеулері дұрыстығын, Раиса Садыққызы туралы сөздердің қайсы шындық, қайсы жалған екенін тексерді.

Қысқаша қорытынды

Әңгімені адамзаттың бес ұрпақтан артық вакцина салдырып келе жатқанынан бастайық, ал оның өмір сүру ұзақтығы мен сапасы өсіп келеді, оның ішінде Қазақстан халқы да бар. Сондықтан Аманжолова ізбасарларының жойылу және құрдымға кету туралы негізгі тезисі кейінгі 50 жылдағы мәліметтерді ескерсек, оңай бұзылады.

https://data.worldbank.org/share/widget?indicators=SP.DYN.LE00.IN&locations=KZ-1W

Табылған деректер мен Аманжолованың кітабын зерттегеннен кейін бірден мынадай бірнеше қорытындыға келгенімізді жариялаймыз:

  1. Раиса Аманжолованың профессор және ғалым болғаны даусыз. Бірақ бұл тақырыпты тереңірек зерттегенде біз қайшылықтар мен белгісіздіктерге кезіктік. Бұл адамның жеке басы туралы көп мәлімет жоқ, тіпті бар ақпаратттың өзі көбіне күмәнді дереккөздерден алынады. Оны жеке танитын журналистер профессор қайтыс болған кезге сай келмейді. Аманжоловаға таңылған «бесжылдық адам» деген сияқты кейбір регалия мүлдем болмаған да шығар.
  2. Профессордың қояндарға жүргізген эксперименті туралы айтқан еңбектерін зерттей келе, өкінішке қарай, оны талдап, нәтижелерін дәлелдеуге мүмкіндік беретін эксперимент дизайнын таппадық – бұл мәліметтер негізінен жоқ сияқты. Аманжолованың кейбір идеясымен танысу олардың ендігі ескіргені туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді және бүгінгі таңда олар екпе туралы кез келген мәлімдемеге негіз бола алмайды.
  3. Аманжолованың жұмысындағы бірқатар тұжырым деректерге негізделмеген және оларды сенімді деп қабылдау мүмкін емес. Еңбектің өзіне рецензия жазылмаған, ол сауда базасы баспаханасынан басылып шыққан. Жоғарыда айтылғандарға байланысты Аманжолованың қояндарға жүргізген тәжірибесін сенімді және деректермен расталған факт ретінде қарастыру мүмкін емес. Төменде бұл жағдай толығырақ қарастырылады.

Раиса Аманжолова деген кім?

Басқа жағдайлар сияқты, таралған ақпарат бір адамның атымен тығыз байланысты болса, біз оның жеке басын тексеруді қажет деп санаймыз. Аманжолова атақты профессор деп саналғанына қарамастан, интернетте ол туралы сенімді деректерді табу қиын. Раиса Садыққызы туралы айтылғандардың көпшілігін тек вакцинацияның қауіпті екені туралы ақпарат пен мақалалардан көруге болады.

БАҚ-та Аманжолова туралы алғашқы хронология «Караван» медиа-порталының сайтында жарияланған. 2003 жылы жарық көрген «Адамзаттың қатерлі қатесі» деген мақалада Раиса Аманжолова «Ауру дамуының белгілі фактілерінің белгісіз механизмдері мен «20 ғасырдағы оба» және олардың ұрық деңгейіне дейін жасаруы» атты монографияның авторы екені айтылады. Сол мақалада қояндарға арналған эксперимент туралы бірінші рет сөз болады.

Енді 2020 жылдың мамыр айындағы еске алуға көшейік. Kz.media порталындағы мәжбүрлі вакцинация тақырыбына арналған мақалада профессор есімі тағы да аталады. Қояндарға жүргізілген эксперименттің бұрыннан таныс сипаттамасымен қоса, автор Раиса Аманжолова көп жыл Алматы медицина институтының акушер бөлімін басқарғаны жазылған.

Асфендияров атындағы ҚазҰМУ сайтындағы ақпарат арқасында біз Раиса Садыққызының университеттің акушерлік және гинекология кафедрасын шынымен басқарғанына көз жеткізе аламыз. Бірақ онда оның жұмыс істеген кезеңі көрсетілмеген сонымен қатар оның жеке басына қатысты басқа да мәліметтер берілмейді.

Kz.media порталы мақаласы гомеопатия мен вакцинацияға арналған 1796web.com сайтына сілтеме жасайды. Бұл сайтты посткеңес кеңістігіне танымал гомеопатик дәрігер Александр Коток басқарады. Онда бізді Аманжолова туралы екі мақала қызықтырды, соның бірі – онымен сұқбат.

Аманжолованың қояндары: вакцинация зияны туралы кең тараған миф
Раиса Аманжоловамен сұқбаттан үзінді (1796web.com сайтынан скриншот)

Бұл мақалалардың дереккөзі – «Денсаулық» (2000 жылғы белгісіз саны) және «Денсаулық құпиялары» (2003 жылғы мамыр айындағы саны) журналдары. Біз бұл мақалалар, атап айтқанда сұқбаттар, жоғарыда аталған журналдарда шынымен жарияланған ба деп ойладық. Ол үшін біз Қазақстандағы ең үлкен екі кітапханаға бардық: Астанадағы академиялық кітапхана мен Алматыдағы ұлттық кітапхана.

Тағы бір нұсқасы болды, ол – ресейлік «Денсаулық» журналы. Мақалада оның қазақстандық журнал екені анық көрсетілгенімен, біз оны да тексеруді жөн көрдік. Дегенмен мұнда да біздің іздеуіміз сәтсіз болды. Тағы да кітапханалар арқылы мұндай сұқбаттың ресейлік «Денсаулықта» жарияланбағанын білдік.

Осындай атаумен шыққан мерзімді басылымдардың ішінде «Қазақстан денсаулығы» газеті де бар. Бірақ ол 2012 жылы ғана шыға бастағандықтан, біз бұл нұсқаны алып тастадық. Сондай-ақ, Кеңес Одағы кезінен бастап «Қазақстан денсаулық сақтау саласы» журналы шығып жүрді, онда 70-жылдары Аманжолованың ғылыми мақалалары жарық көрді. Бірақ журнал 2000-жылға дейін шығуды тоқтатты. Оның ізбасары «Медицина» журналы болды.

«Денсаулық құпиялары» журналына келетін болсақ, ол шынымен де бар, бірақ бізге қажет саны Астанада да, Алматыда да табылған жоқ. Дегенмен «Денсаулық» журналына Аманжоловадан алынған сұқбаттың түпнұсқасын табу біз үшін маңыздырақ болды. Ұзақ ізденістен кейін, егер сұқбат болған болса (біз қазір оған күмәнданамыз), ол «Денсаулық» журналында емес, басқа бір ресурста жарияланды деп болжауға болады. Біздің оқырмандар сұқбаты бар сол журналды таба алса, риза болар едік.

Ирина Чичикованың 1796web.com сайтындағы екінші мақаласында профессор туралы қосымша мәліметтер келтірілген:

Аманджолова Раиса Садыққызы – ғылым докторы, профессор. Ол 1918 жылы 18 мамырда Алматы облысы, Шілік ауданы, Қара-Тұрық ауылында дүниеге келген. 1939 жылы ол медицина институтын бітірді. «Дүниежүзі тұрғындарының жүктілік асқынулары және аурушаңдық көбеюі себептері. Алдын алу және терапия қағидалары мен шаралары» (1992 ж.) деген монография авторы. «Материя мен әлем эволюциясы – жансыз-тірі материя, интегралды біртұтас организмдер және олардың аурулары эволюциясындағы табиғаттың негізгі құралдары» заңының авторы ретінде патенті бар. Аманжолова халықаралық ұйымдар берген «Бесжылдық адамы» құрметті халықаралық атағының иегері. Ол – 150-ден астам басылым авторы. «Жатырішілік және жатырдан тыс организмдегі морфологиялық өзгерістер мен жалпы патологияның белгілері дамуының бірнеше себебі және бірыңғай механизмі» тұжырымдамасы авторы. 30 жыл бұрын Кеңес үкіметі кезінің өзінде ол вакциналарға қарсы болды, олар аурудан құтқарады, бірақ ұрпақтарына басқа эпидемияларды әкеледі (мысалы, ЖИТС) деп санады.

Кішкентай үзінді, бірақ мұнда жұмыс істейтін нәрсе бар.

Бәрінен де Раиса Садыққызының қанша жыл өмір сүргені туралы барлық ресурс бір-біріне сай келе бермейтінінен бастайық. Аманжоловамен болған сұқбаттағы жазбада оның өмір сүрген жылдары 1918 – 2014 жылдар деп көрсетілген. Салыстыру үшін жазайық, 2017 жылы «Кешкі Алматы» сайтында жарияланған некролог авторы Сәуле Бекқұлова Аманжолованың 1910 жылы туып, 2015 жылы қайтыс болғанын жазады. Профессорды жеке тани тұра оның отбасы, балалары және кәсіби қызметі туралы аз ақпарат береді. Раиса Садыққызы Кеңес Одағында да, одан тыс жерлерде де танымал болды деп айтылады және оның екпеге қатысты ұстанымы баян етіледі.  Автордың айтуы бойынша, профессордың жарияланымдарына реакция нәтижесінде Ресейде ата-аналардың балаларына вакцина егу немесе екпеу туралы шешімді өзі қабылдайтын заң шықты.

Бірақ ең қызығы бұл емес. 2017 жылдың қарашасында Раиса Аманжолова туралы тағы бір мақала «Спутник» ақпарат агенттігінің өзбек редакциясы сайтында «Рокфеллер пайдасына вакцинация немесе ДДСҰ-ның бүкіләлемдік қастандығы» деген шулы атпен жарияланды. Мақала авторы Ирина Галкина Раиса Садыққызын білетінін, тіпті 90-жылдары одан сұқбат алғанын жазады. Сонымен бірге профессор туралы естеліктерін бөлісе отырып, Галкина Аманжолованың қайтыс болғанына 20 жылдан асқанын айтады.

Түсініп отырғаныңыздай, профессордың өмір сүру ұзақтығы мәселесінде тағы бір проблема туындайды және бәрі одан сайын түсініксіз бола бастайды. Аманжоловамен жеке сөйлескен Сәуле Бекқұлова оның 2015 жылы қайтыс болғанын жазады. Профессормен жеке сөйлескен Ирина Галкина Раиса Садыққызының қайтыс болғанына 20 жылдан асты деп жазады. Екі мақала да 2017 жылы жарық көрді. Қорытынды: бұл авторлардың біреуі өтірік айтады, мүмкін екеуі де. Аманжолова шынымен 90-жылдары қайтыс болды деп есептесек, онда 2000 жылы одан «Денсаулық» журналына сұқбат алынуы мүмкін емес.

Осы арада Бекқұлованың мақаласы осы мақала алдында «Кешкі Алматы» сайтынан алынып тасталды, сондықтан біз архивке сілтеме ұсындық.

Раиса Садыққызының шынымен қашан туғанын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен салық төлеушілерді іздеу қызметін пайдаландық. Дегенмен іздеу нәтиже берген жоқ. Профессор салық төлеуші ​​ретінде тіркелмеген. Байланыс орталығы бұған оның электрон мәліметтер базасы жұмыс істемей тұрып өмір сүргендігі себеп болуы мүмкін деп болжады, сондықтан салық басқармасының архивінен қарау керек. Біздің ойымызша, осы қызмет жұмысындағы қатені жоққа шығаруға да болмайды.

Сәуле Бекқұлованың некрологында және Ирина Чичикованың 1796web.com сайтындағы мақаласында Аманжоловаға «Бесжылдық адамы» атағы берілгені жазылған. Бесжылдық 1991-1995 жылдар аралығын білдіретіні көрсетілген және бұл атақ «Дүниежүзі тұрғындарының жүктілік асқынулары және аурушаңдық көбеюі себептері. Алдын алу және терапия қағидалары мен шаралары»  еңбегі үшін берілген.

«Бесжылдық адамы» атағы туралы ұзақ уақыт іздеуіміз сәтті болмады. Мақалаларда Аманжоловаға бұл марапатты нақты қай халықаралық ұйым бергені көрсетілмеген. Мүмкін бұл «ғасыр адамы» тұжырымдамасының қандай да бір аналогы шығар. Бірақ «ғасыр адамы» деген атақ емес және оны халықаралық ұйымдар да бермейді, көбіне жай ғана талқылау тақырыбы. Шындығында, «бесжылдық адамы» сөз тіркесін іздеу негізінен Аманжолова туралы мақалаларға әкеледі. Бұл атақ тарихта бір-ақ рет берілді, ал профессор жалғыз лауреат деп есептесек те, бұл туралы ашық ақпарат көздерінде ешқандай мәлімет жоқ. Сондай-ақ, біз Аманжолованың шетел басылымдарындағы жарияланым саны (және бар екені) және оның патенті туралы ақпаратты растайтын мәлімет таба алмадық.

Уикипедияда Раиса Аманжолова туралы өте қысқа және тек қазақша жазылған бет бар. Онда оның мансабы туралы аздаған ақпарат табауға болады. Мысалы, оның Самарқан медицина институтын бітіргені және ғылыми мекемелерде және Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-мен қоса, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы болғаны (бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ешқандай ақпарат таба алмады) жазылған. Туған жылы 1918 жыл деп көрсетілен, ал қайтыс болған жылы жоқ. Бұл мәліметтердің дереккөзі ретінде қазақ энциклопедиясы көрсетілген, бірақ ол кітаптың шыққан датасы мен нөмірі жазыламған.

Аралық қорытынды: Раиса Аманжолова шынымен де профессор және ғалым болған және вакциналардың қаупі туралы пікір айтқан. Бірақ біз оның жеке басына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында келтірілген көптеген пікірдің дәлелін таппадық. Мақала авторлары арасында, тіпті, профессордың қанша жыл өмір сүргеніне қатысты ортақ пікір жоқ сияқты.

Дегенмен адамның және оның шығармаларының болғаны рас. Сондықтан біз үшін Аманжолованың вакцинация туралы мәлімдемелері қаншалықты дәлелді екенін түсіну маңызды.

Иммунологтың Аманжолова еңбектеріне деген сыни көзқарасы

Профессордың ғылыми еңбектерін іздеу кезінде 1992 жылы шыққан «Дүниежүзі тұрғындарының жүктілік асқынулары және аурушаңдық көбеюі себептері. Алдын алу және терапия қағидалары мен шаралары» деген жұмысына тап болдық. Осы мақаланы бірлесіп жазған автор, молекулалық биолог және иммунология саласы маманы Әсел Мұсабекова осы және Аманжолованың басқа да еңбектерін зерттеп, ондағы идеялардың факт мазмұны туралы сараптамалық пікір білдірді.

Р.С. Аманжолова монографиясының мұқаба және титул парағы

Әсел Мұсабекованың талдауы

Профессор Аманжолованың қояндарға жасаған зерттеуіне сілтемелер – бұл вакцинацияға қарсы ұйымдастырылған қазақстандық қауымдастықтар негізгі дәлелдерінің бірі. Әдетте олармен Кеңес уағында шындықты айтудан қорықпаған, “сатылмаған” ғалымдар болды ғой деген сияқты ескертпе қатар жүреді. Әдетте интернетте оның 2000 жылы профессордың 1992 жылғы жұмысына сілтеме жасалған «Денсаулық» журналындағы сұқбатын (біз оны таппадық) келтіреді. Мен ерлік жасап, осы жұмысты оқып шықтым («Дүниежүзі тұрғындарының жүктілік асқынулары және аурушаңдық көбеюі себептері. Алдын алу және терапия қағидалары мен шаралары», 1992).

Бұл жұмыста термин көп (оның ішінде жалған ғылымға жататындары да бар) және оларға шамадан тыс жүктелген сөйлемдер, сонымен қатар бірқатар грамматикалық қате бар. Өлген қояндардың қорқынышты фотосуреттері де осында. Дегенмен, өкінішке қарай, эксперимент егжей-тегжейлері көрсетілмеген. Оқырмандар, ең болмағанда, пайдаланылған қояндардың саны және қолданылған статистикалық талдау туралы ақпарат берсе, риза болушы едім. Содан кейін бұл кітапта 1971 және 1972 жылдарға арналған «Қазақстан денсаулық сақтау саласы» журналында жарияланған зерттеулер туралы айтылады.

Бұл мақалалар өз кезегінде XII Халықаралық гематологтар мен трансфузиологтар конгресі және 1969 жылы акушер-гинекологтардың XII съезі материалдарына сілтеме жасайды.  Аманжолова мен оның әріптестері, қояндар туралы жарияланған материалдар да бірінші іс-шараға кірмейді. Екінші шара материалдарын таба алмадым.

Интернетте эксперимент туралы былай делінген:

«Тәжірибелер қояндардың екі тобына жүргізілді: біріншілеріне иммундау жүргізілді (яғни, оларға туберкулезге, дифтерияға, көкжөтелге, сіреспеге және тағы басқасына қарсы вакциналар жасалды), басқалары иммундаудан өтпеді. Бірінші топта шала туған және өлі туған ұрпақ көбейді. Жаңа туған қояндар бір-біріне агрессив қатынас көрсетті, ал кейінірек ерте жыныстық жетілу байқалды. Вакцинация алған қояндардың үштен бірі буаз болмады, ал төл  әкелгендер қояндарын тордан итеріп, езіп тастады. Емізетін қояндарда сүт болмады. Бір қрғашы төлеп жатқанда өлді, оны сырт келбеті даун балаға ұқсайтын аса ірі ұсқынсыз жарып жіберді (оның аяқтары кішкентай, пропорционал емес, ал денесі үлкен болды).

Төменде де осы нәре айтылған, бірақ сәл басқаша

«Тәжірибеге қояндардың 2 тобы қатысты: біреуі туберкулезге, дифтерияға, көкжөтелге және сіреспеге қарсы барлық негізгі екпелерді салды, ал екінші топқа ешнәрсе жасамады. Бірінші топта шала туған және өлі туған қояндар саны екіншіге қарағанда едәуір көп болды. Сонымен қатар, жаңа ұрпақ бір-біріне агрессиві жоғарылауымен және ертерек жыныстық жетілуімен ерекшеленді. Вакцинацияланған қояндардың 30%-і бедеу болды. Дәл сол төлдеген қояндар көбінесе балаларын езеді немесе ұядан шығарып жібереді. Емізетін қояндардың кейбірінде сүт болмаған. Бір қоян денесі тым үлкен және кішкентай аяғы бар даунды еске түсіретін ұрпақ туды. Енесі босанып жатқанда өлді».

Зерттеудің біз табуға болатын барлық егжей-тегжейі осы.

Интернеттегі суреттерде Аманжолова қояндарындағы «қорқынышты вакцинация салдарын» түсіндіретін негізгі механизм вакциналардың «қорғаныс кедергілерін айналып өтіп, тікелей қанға жасалатынында» болып тұр. Бұл жерде тағы да сәйкессіздік бар. Кейінгі 60 жыл ішінде иммунология саласындағы зерттеулер едәуір алға басқанына қарап, бұл түсініктеме ақылға қонымсыз екенін байқаймыз.

Бұл теория жақтаушылары фармакокинетика және фармакодинамика ұғымдарын – дәрінің организмге қалай енетінін, оның таралуы мен бөлінуін, сонымен қатар негізгі жанама әсерлері мен олардың даму механизмдерін зерттейтін ғылым салаларын мүлдем ұмытып кетті. Айтпақшы, барлық вакцина тікелей қанға енгізілмейді, ішілетін вакциналар, мұрынға арналған спрейлер, патч-вакциналар және теріішілік вакциналар (мысалы, БЦЖ) бар. Препарат белгілі бір жүйелік әсер етуі үшін оның қанға түсуі міндетті емес. Біздің денеде теріден басқа да кедергілер бар, олар: тамыр қабырғалары, жасуша мембраналары, гематоэнцефал және плацентар кедергілер. Препараттың шығарылу әдістеріне ерекше назар аудару қажет – мұнда бауыр ферменттері басты роль атқарады.

Профессор Аманжолова еңбектерінде гематоэнцефал кедергісін жиі атайды. Бұл – мидың қан тамырларын түзетін және қаннан заттардың ми тініне енуіне жол бермейтін жасушалар. Вакцинациядан жүйке жүйесінің бұзылуынан қорқу – вакцинациядан бас тартудың ең көп таралған себептерінің бірі. Бұл кедергіні не нәрсе неғұрлым осал ете алады? Мидың анатомиялық құрылымы бұзылуы, ұзақ ұйқысыздық немесе аштық, дене температурасының өте жоғары болуы (42-43 ° C), наркоз. Тиісінше, вакцина компоненттерінің гематоэнцефал кедергі арқылы ену қаупін азайту үшін бұл жағдайлар вакцинацияға қарсы көрсеткіш саналады (оны кез келген вакцина нұсқаулығынан білуге ​​болады). Қазақстанда тіркелген вакциналарға арналған барлық нұсқаулықты Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы сайтынан көруге болады.

Осылайша, «тікелей қанға» немесе «тікелей миға» вакциналардың енуіне байланысты қорқыныш, әдетте, біздің денеміз терімен жабылған қан пакеті емес екенін жақсы түсінбейтін адамдарда пайда болады.

Организмде көптеген қорғаныс кезеңі және антигенге иммун жауабының белгілі бір алгоритмі бар. Вакциналардың әртүрлі компоненті әртүрлі орган мен тінге енудің әртүрлі қабілетіне ие. Бұл қабілет зертханадағы жасушаларда да, жануарларда да (ұсақ сүтқоректілер мен приматтарда) және әрине, үш фазалы клиника сынақтары кезінде кеңінен зерттелген.

Профессор Аманжолованың әйгілі қояндарынан айырмашылығы, бұл зерттеулердің егжей-тегжейі мен әдістемесін ашық ақпарат көздері мен рецензияланған ғылыми мақалалардан табу қиын емес. Инстаграмдағы бірқатар ресейлік дәрігер мен ғалымы жазған «Включи голову» парақшасындағы осы тақырыпқа жасалған талдауды оқуға кеңес беремін.

Қорытынды: Аманжолованың өзі еңбектерінде қояндарға жүргізілген эксперимент туралы бірнеше рет айтқанымен, бұл эксперименттің егжей-тегжейлі сипаттамасын бермейді, бұл оны талдауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, профессордың кейбір идеясы ескірген.

Дереккөздер туралы

Дереккөздер туралы аздап айта кету керек, 1796web.com сайты Аманжолова туралы баяндауды танымал етуге айтарлықтай үлес қосты. Бұл ресурс,  жоғарыда жазғанымыздай, Александр Котокуға тиесілі және гомеопатия мен вакциналарға қарсы риторикаға арналған. Талдауларымызда гомеопатия тақырыбын қозғаған едік. Бұл баламалы медицинаның бір түрі, оның тиімді екені дәлелденбеген және дәлелді медицина өкілдері бұл тұрғыда дауласады. Сонымен қатар, бұл – өте үлкен бизнес. Гомеопатия деген не және ол неге жұмыс істемейтіні туралы ғылыми журналист Анастасия Горбунованың мақаласынан оқи аласыз.

Жалпы, гомеопат дәрігерлер вакцинация мен дәлелді медицинаға өте күмәнмен қарайды, кейде тіпті негатив көзқараста. Вакцинация қаупі туралы екі кітаптың және гомеопатия туралы бір кітаптың авторы Коток вакцинациямен аянбай күрестің мысалына жатады. Ол, тіпті, 2015 жылы ғылымды насихаттаушы Ася Казанцеваның лекциясына барушыларды оған шіріген жұмыртқа лақтыруға шақырды. Айтпақшы, лекция баламалы медицина неге жұмыс істемейтініне арналды. Ресейде гомеопатия жалған ғылымға жататынын айтып өтейік.

Осы мақалада қарастырған Раиса Садыққызының кітабы туралы бірнеше қызық пікірді айтып өткен жөн. Біріншіден, бұл ғылыми редактор мен рецензенттің болмауы. Ең болмағанда олар туралы бір ауыз сөз жоқ, бұл – ғылыми басылым үшін таңғаларлық жайт. Сонымен қатар, кітаптың соңғы бетінде оның Казкооппромснаб баспаханасында басылғаны көрсетілген. Казкооппромснаб – бұл «Қазтұтынуодағы» құрамына кіретін республикалық өнеркәсіптік-коммерциялық фирманың атауы. Демек бұл ғылыми баспа емес. Барлық қарастырылған акторды есепке аласақ, кітап ғылыми басылымға жатпайды.

Аманжолованың кітабын тез тапқанымызбен, бұл кітапқа дереккөз ретінде сілтеме жасайтын ғылыми еңбектерді таба алмадық. 1990-жылдары Раиса Садыққызына сілтеме жасайтын шығармалардың баспа басылымдарын табу үшін барлық кітапхананы ақтару мүмкін емес, ал электрон базалардан іздеу нәтиже бермейді. ҚазҰМУ репозиторийінде табылған (тек 3 материал, оның тек екеуі ғана біздің тақырыппен байланысты) оның басқа мақалаларына да сілтеме жоқ.

Аманжолованың қояндары: вакцинация зияны туралы кең тараған миф

Қорытынды

  • Профессор Аманжолованың тәжірибесі туралы оқиғаның ғаламторда таралғанына кем дегенде 17 жыл болды. Нарратив  ресми бұқаралық ақпарат құралдарында мезгіл-мезгіл пайда болып тұрады, әлеуметтік желілерде хабарламалар түрінде шығады және өз аудиториясы бар вакцинацияға қарсы әртүлі адамның цитатасы келтіріледі.
  • Оның үстіне, бұл оқиғаны қазбалап, мұқият қарасақ, ондағы көптеген фактінің дәлелденбегенін, ал басқалары мүлдем күмәнді екенін байқауға болады.
  • Нәтижесінде көптеген хабарлама авторы мен журналистер бір-бірінен қояндарға жасалған эксперимент туралы бірнеше сөйлемді фактілерді тексермей көшіріп алып, оларды жалған ғылыми дәлелдерін қолдау үшін қолданады.
  • Біздің шағын тергеуіміз бұл нарративті үлкен күмәнмен қабылдау керек екенін көрсетеді. Бұл екпеге қарсы адамдар көрсеткісі келгендей вакцинацияның зиян екенінің дәлелі бола алмайды.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Factcheck.kz