Access Now: 2021 жылы әлемде интернет 182 рет күштеп өшірілген

Access Now ұйымының сарапшылары әлем елдерінде билік тарапынан интернеттің өшірілуіне байланысты “Сандық авторитаризмнің оралуы” атты есеп жариялады. Сарапшылардың есептеуінше, 2021 жылы 34 елде 182 рет интернет өшірілген.

Жарияланған есепке сай, Үндістан интернетті кем дегенде 106 рет бұғаттаған. Бұған қоса бұл көрсеткіш бойынша төртінші жыл қатарынан алғашқы орында. Сонымен қатар, есепте Мьянма билігі интернетті кем дегенде 15 рет өшіргені жазылған.

Access Now ұйымының мәліметінше, Қазақстан билігі екі рет, ал Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанда интернетті бір рет өшірген. Жалпы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде интернет аймақ бойынша алты рет өшірілген.

Сарапшылардың жазуынша, былтыр 18 елде митиң өткен тұста ұялы байланыс жиі ажыраған. Оның арасында Қазақстан да бар. Бұдан бөлек Facebook, Twitter және TikTok желілерін әдейі бұғаттау ұдайы өскен.

Ал 2022 жылдың басынан сәуір айының ортасына дейін 10 елде интернет 15 рет өшірілген. Сарапшылардың бағалауынша, жалпы шығын 3,79 млрд долларды құрады. Ресей интернетті әдейі бұғаттау бойынша басқа елдерге қарағанда көбірек зардап шеккен — 2,93 млрд доллар.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz