Харассментпен қалай күрескен тиімді?

Бүгінде харассмент қоғамда белсенді талқыға түсіп, жиі айтылып жүргеніне қарамастан Қазақстанда заңдық негізде анықтамасы мен жыныстық бопса үшін жауапқа тартудың арнайы механизмі жоқ. Дегенмен, әдетте бұл мәселе туралы айтқанда прогрессшіл көрінетін Батыстың да харассментпен күресудің бірізді әрі мінсіз жүйесі жоқ. Басқаша айтқанда, харассмент мәселесіне жағдайды жан-жақты саралап келмесе, күрес тиімсіз, тіпті кейде кері әсері болуы да мүмкін. Бұл материалда артық қыламын деп тыртық қылмау үшін не істеу қажет, харассментпен қалай күрескен дұрыс деген сауалға жауап іздедік.

Harvard Business Publishing зерттеуі көңіл көншітетін нәтиже бермеген. Көп компания жұмысшыларына өткізетін оқу бағдарламалары да, олар енгізген шағымдарды қарау процедуралары да жұмыс орнындағы жыныстық бопсалау мәселесін шешуге көмектеспеген. Шын мәнінде, екеуі де жұмысшылардың наразылығын мен кадрдың кетуін көбейткен.

Компаниялар жұмысшыларына арнап өткізген жұмыс орнындағы харассмент туралы трениңнен кейін жыныстық бопса көрсеткіші төмендемеген, керісінше, жәбірленушінің өзіне кінә тағатын еркек саны артқан, ал әйел менеджерлердің жұмыстан кетуі жиілеген. Неге олай десеңіз, мәселе тренингтердің қалай өтетініне байланысты. Трениңде еркектердің жиі харассмент жасайтынына көп ацент қою оларды қорғаныс позициясына өтуіне, кейін жәбірленушінің өзіне айып тағуына, “жыныстық бопса туралы жала жапты” деуіне алып келуі мүмкін.

Одан бөлек, басылымның жазуынша, компания әдетте харассердің кінәсіне дәлел табылса оны қосымша трениңдерге жібереді, осылайша бұл жағдайды одан әрі ушықтыра түседі.

Ал өшпенді жұмыс ортасы компанияның барлық жұмысшысына, жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан да компаниялар мәселені шешуге өздері мүдделі болуға тиіс. Бірақ шындығында, психолог, PhD Бреди Уилсонның сөзінше, “Кейбір компаниялар жыныстық бопсалау туралы шағымдарды жұмысты бәсеңдетеді және қажетсіз шығын ретінде қарастырады,-дейді.

Жоғарыда айтылған зерттеуді жыныстық қудалауға қарсы күрес бойынша оқу бағдарламаларын зерттеген психология преффесоры Элисса Перри де қолдайды. Оның пікірнше, Медианың харассментке назар аударуы көп компанияның жыныстық бопса туралы оқу бағдарламаларын қабылдауға итермелеуі мүмкін, бірақ кейбір күрес түрі харассментке қарым-қатынасты өзгертуге немесе жыныстық бопсалауды азайтуға әсер етпейді. Жаңа қызметкерлерге арналған бір реттік оқыту тиімсіз және, әдетте, сот істерінен қорғану жолын іздейтін компаниялар тарапынан жасалған көзбояушылық,-дейді.

Ендеше, қалай күрескен дұрыс?

Әйел және гендерлік зерттеулермен айналысатын Шерин Поттер сөзінше, адамдарды куәгерлікке бейімдеу — қазір мәселені шешетін тиімді жол. Оншақты жыл бұрын олар колледжде куәгерлердің зорлық-зомбылыққа араласу бағдарламасын іске қосқан, бүгінде ол 300-ден астам кампуста қолданылады. Жобадағы әрбір адамның міндеті — қажетсіз іс-әрекетті түбімен жоқ қылу. Бұл “бірдеңе көрсеңіз, әлдене айтыңыз (немесе істеңіз)” деген тәсіл. Оқудан өткен студенттер көшеде өтіп бара жатып сексисттік қалжың естісе, оны тоқтаттады, кеште жаңа танысқан мас жұпты алдаусыратады. Қызығы, тәсіл өте тиімді екені айтылады.

Харассментпен күресте әлеуметтік қозғалыстар мен құбылыстардың, мәдени-этикалық нормалардың да ықпалын ұмытпаған жөн. MeToo қозғалысының ықпалымен 2016-2018 жылдар аралығында жұмыстағы әйелдерге бағытталған харассмент көрсеткіші айтарлықтай азайған.

2016 жылы әйелдердің 25%-і жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу туралы хабарлаған, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 16%-ке дейін; әйелдерге қажетсіз жыныстық контексте көңіл бөлу 66%-тен 25%-ке дейін төмендеген. Алайда гендерлік қысым туралы хабарлау 2016 жылы 76%-тен 2018 жылы 92%-ке дейін өскені байқалған.

Әдетте әлеуметтік-психологияда сексуал харассментке ұшыраған жәбірленуші өз-өзінің құнын түсіреді, алайда MeToo секілді қозғалыстар олардың жалғыз емес екенін көрсетеді, батыл болуына, басынан өткен жағдайды айтуына көмектеседі.

Қорытынды

Әлбетте, жоғарыда айтылған түрлі шаралардан бөлек, сексуал харассментті заң жүзінде реттеген жөн. «‎БҰҰ-әйелдер»‎ ұйымының 2017 жылғы дерегіне сай, әлемнің 75-тен астам елінде жұмыс орнында жыныстық бопсалауға заң жүзінде тыйым салынған. Қазақстандағы заңдарда жыныстық бопсаға қатысты нақты бір түсінік не анықтама жоқ. Конституцияда, «‎Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы»‎ заңда, Еңбек кодексінде АҚШ, Еуроодақ, Аустралия секілді елдердегідей жыныстық бопсаның нақты анықтамасы мен мұны кемсіту деп танитын жағдай қарастырылмаған.

Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған — CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz