“Қарындасымнан” харассерге дейін: “бас тарту мәдениетіне” мұқтажбыз ба?

MeToo (Мен де) тіркесі алғаш қолданылып, қозғалысы пайда болғалы бері Батыстың танымал жұлдыздарының харассмент жасағаны туралы көп әшкере болды. MeToo қозғалысы 2017 жылы шарықтау шегіне жеткенде Халиудтың ең ықпалды кинопроюсерлерінің бірі Харвей Уайнстейннің харассмент пен зорлық жасағаны анықталды. Сонымен қатар, 80-нен астам әйел Уайнстейннен қорлық көргенін хабарлаған.

Бұл селебритилердің “екінші жағын” анықтауға көмектескен бір ғана жағдай емес. Қозғалыс белсенділері харассменттен зардап шеккендерге көмектесті, әлеуметтік желіде #metoo хэштегі арқылы жазылған посттар харассмент көрген әйелдердің жалғыз еместігін, оларға қоғамның көмектесе алатынын, жыныстық бопсалау жайында айтудың ұят емес екенін көрсетті.

Қозғалыстың көп адамға қол ұшын созғанына қарамастан, оның теріс жағын көріп, айыптаушылар да пайда болды. Оның өкілдері MeToo қозғалысы “бас тарту” мәдениетіне алып келді, ал мұның арты булиңге айналды дегенді алға тартады.

Қазақстанда да ара-тұра әлеуметтік желілерде “ортасында сыйлы, қоғам қайраткері” болып жүрген адамдардың харассмент жасағаны туралы жазбалар шығып тұрады. Пост авторлары көбіне “қарындасым, ағам” деп сыйласқан қарым-қатынастың көбі сексуал харасссментпен не киберхарассментпен аяқталғаны жайлы айтып жатады. Бірақ олардың сөзінше, пост жарияланған соң мұндай жазбамен “сыйлы кісіні” қаралағаны ұят екенін, жай ғана қырындауда тұрған ештеңе жоқ екенін жазушылар да аз болмаған.

Маған харассмент жасаған адам ел алдында қайраткер, ұлттың проблемасын ойлап, ұйықтап, оянатын адам. Мүмкін шынымен ұлт қамын ойлайтын адам ба, білмеймін. Бірақ өзім үшін оның тұлғасы құнсызданып қалды. Психологиялық травма емес шығар, бірақ өзге ел ағаларына сенім бұрынғыдай емес. Әрқашан сақпын. Әр сөзін неге олай айтты екен деп талдаудан өткіземін. Тіпті кейде біреулерге қарап «мұның мойнында қыздардың көз-жасы бар ма екен» деген ойлар болып тұрады

дейді харассментті басынан өткізген Айгүл (аты-жөні кейіпкердің өтініші бойынша өзгертілді).

Ал журналист Алтынай Серікбай “Бұрын балалықпен бе, неге екені белмеймін, аға дегеніме расымен олар қарындасым деп қарайды деп ойлайтынмын”,- дейді.

Бас тарту мәдениеті айналасындағы дау

Сancel culture немесе бас тарту мәдениеті көп адамға әлеуметтік әділет орнату жолы көрінгенімен оның айналасындағы дау-дамай да тоқтар емес. Біреулер мұны басқа құралдар жұмыс істемегенде қолданатын ықпал ету амалы ретінде көрсе, енді бірі цензура, басқа ойға төзбеудің жабайы формасы дейді. Енді бірі мәселенің байыбына бармай адамның болашағына балта шабумен теңестіреді.

Бас тарту мәдениеті — жұртқа атағы кең жайылған адам не кез-келген бренд қоғамның қандай да бір моральдық нормасына қайшы, белгілі бір топты қорлайтын, сексисттік не гомофобиялық (қысқаша айтқандай алалайтын) мәлімдеме/іс әрекет/мәтін/өнім жасаса соған қарсы әлеуметтің реакциясы. Көбіне өнімді (кез-келген өнім түрін) пайдаланбауға әлеуметтік желі арқылы шақыру.

Қазақстандық әлеуметтік желілерде де Samal су маркасының жарнамасында әйел бейнесін объектизациялау бар деп айыптағандар болды және бас тарту мәдениетіне ұқсас шақырулар байқалды. Дегенмен, кейбір жағдайда әлеуметтік желіде сынау мен байкот жариялау ойдағы нәтижеге жеткізе бермейді.

Айгүл “Біздің қоғамда cancel culture қалыптасса, ол норма емес, қылмыс, оған жол бермеу керек деген түсінік орнығар еді. Алайда бір-екі жәбірленушінің баяны тек оларды ғана «изгойға» айналдырады. Ер азаматқа күйе жаға отырып, өзіне ұпай жинағысы келетін, батыстың құндылығын сіңіріп алып, қазақылыққа құсып отырған дейтіндер міндетті түрде табылады. Және олар аз болмайды”,-дейді.

Ал Алтынай Серікбай харассерлер өзінің танымалдығын, ықпалы барын асыра-сілтеп пайдаланатынын айтады. “Маған харассмент жасаған үш адам да танымал. Біріншісі театрда актер, екіншісі үкіметпен тікелей жұмыс істейтін, сол жердің нанын жеп отырған адам, тіпті оның аты-жөнін атауға қорқамын. Үшіншісі — Нұрлан Жанай. Сондықтан да маған “бас тарту мәдениеті” қажет секілді көрінеді. Егер мұндайға қоғам болып қарсы тұра алсақ, мұның өзі үлкен жеңіс болар еді, осылай бұрыс қылықпен күресе алатынымызды көрсететін едік. Ал харассмент болғаны жайлы әлеуметтік желіге жазып, сосын екіге бөлініп, бірі жақтап екіншісі даттап жатуы әлі күнге дейін қоғамның саналы түрде жетілмегенін көрсетеді”,-дейді ол.

Жаңа медиа мен коммуникация құралдары арқылы бірге келген тіркес пен қозғалыс бір қарағанда белсенді көрінетін Батысқа да әлі күнге таңсық екені жасырын емес. Мысалы, 2020 жылы Pew Research Center өткізген сауалнама нәтижесіне сай, америкалықтардың 44%-і бұл тіркес туралы айтарлықтай көп естігенін, оның ішінде 22%-і жиі еститінін айтқан. Алайда, сауалнамаға қатысқандардың 56%-і бұл туралы ештеңе білмейтінін не аз білетінін, оның ішінде 38%-і тіркес жайында ештеңе естімегенін айтқан.

Саясаттанушы Камила Смағұлова сөзінше бас тарту мәдениеті теріс коннотацияда қолданылуы мүмкін. Сондықтан оның орнына репутация институты сөзі дұрысырақ. Алайда оның өзі жаңадан қалыптасып жатқан түсінік болғандықтан ол да арнайы зерттеуді қажет етеді.

Шынымен де мұның айналасында Батыста дау өте көп. Әсіресе сancel culture сөз бостандығына қайшы деген ұғым бар. Бірақ Қазақстанда мұндай өзгерістер болса жаман болмайды дейтін едім. Бірақ өкінішке қарай ондайды көп байқамаймын. Мұндайды кейде халық өзі ой-пікірін айтқанда әлеуметтік желіден байқауға болады. Бірақ ол қаншалықты институционалданған деген сұрақ туындайды. Бірақ қоғам қайраткерлерін харассмент жасағаны үшін әлеуметтік жауапкершілікке шақыру өте орынды құбылыс дейтін едім, алайда оған тез келе-қоямыз деп ойламаймын. Харассменттен бөлек, белгілі ел алдында жүрген саясаткерлер сексисттік, біреудің еркіндігіне қол сұғатын мәлімдеме жасаса жұрттың көп бөлігі әлеуметтік желіде комментарий жазумен шектеледі. Бірақ ондай адам қызыметінен кетпейді, жауапкершілікке тартымайды, кінәсін түсініп, кешірім сұрамайды. Ондай болуы үшін бәлкім тек әлеуметтік емес, саяси өзгерістер де керек шығар. Ол үшін институттар жұмысы тиімді болуы қажет.

Камила Смағұлова, саясаттанушы

Не дегенмен де “қоғам қайраткерлері” мен түрлі “беделді” адамдар тарапынан немесе кез-келген тұлға қарапайым танысынан, әріптесінен харассменттің түрлі формасынан зардап шегуі қоғамда жиі кезігеді. Харассерлер өзінің жазаланбайтынына сенеді, себебі заңда жыныстық бопса үшін жаза қарастырылмаған. Ал харассментті басынан өткерген адам бұл туралы айтуға батылы жете бермейді, бұған виктимблеймиңнен сескену де, “ұят” деген түсінік те өз ықпалын тигізеді.

Өкінішке қарай біздің қоғамда еркек пен әйелдің құқы, құндылығы әзірше тең емес. Көптің ойынша менің травмам, абыройым еркектің абыройымен салыстыруға келмейді. Оның отбасында кикілжің де болмауы керек, көлеңкесіне де кір келмеуі қажет. Мен мұны ұлттық тәрбиеден көрі зорлық-зомбылықты көрген травмалы ұлт, автократияны басынан өткерген елдің комплексімен байланыстырамын“,-дейді Айгүл.

Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған — CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz