«Өзі кінәлі!» | Жұрт неге жәбірленушіні айыптауға бейім?

Қазақстандық медиада не жұрт арасындағы әңгімеде әлдекім зорлық көрсе не сексуал харассментке ұшыраса агрессорды ақтап, жәбірленушіні айыптау жиі кезігіп жатады. Виктимблеймиң ойдағы адам аргументін «қысқа киінді», «өзі сұранды», «түнделетіп жүрген өзі кінәлі», «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген тіркестер арқылы негіздеп, нықтағысы келеді. Шынымен-ақ солай ма? Олардың сөзінің жаны бар ма? Мәселені талдап көрейік.

Виктимблеймиң — болған жазатайым жағдайға не қандай да бір қылмысқа жәбірленушінің өзін айыптау, кінә тағу. Зардап шегушіге мұндай жауапкершілік арту қоғамның, заңгерлердің, медицина қызметкерлерінің, психикалық денсаулық саласының мамандарының, медиа мен туған-туыс, дос-жаран тарапынан негатив реакциясы арқылы көрініс табуы мүмкін.

Зорлық-зомбылық пен сексуал харассменттен зардап шеккендер қоғамның қысымы мен өзін айыптаудан, «ұят» деген түсініктен қорыққаны үшін көбіне бұл жайында айтпайды, сондықтан да мұндай жағдайлар жабулы күйінде қалады. Мысалы, 2017 жылы медиада 13 жасар қыз зорлыққа ұшырағаны үшін мектептер оны «бұзылған» деп, қабылдаудан бас тартып жатқаны туралы ақпарат тарады. Ал Ермек Көкрекбаев есімді имам қыздар қысқа белдемше кигеннен «еркектер қайда қарарын білмейді, олардың ойы бұзылады, осыдан соң зорламағанда қайтеді» дегенге саятын пікір айтқан. Сонымен, виктимблеймиң түбінде не жатыр?

Атрибуцияның фундаментал қатесі

Әлеуметтік психологиядағы мұндай құбылыс басқа адамдардың мінез-құлқы мен өзін ұстауына ішкі фактор әсер етіп, өзіне келгенде сыртқы фактор арқылы ақталу — атрибуцияның фундаментал қатесі деп аталады. Мысалы, сіз жұмысқа кешгіп қалсаңыз кептелісті, жолда кезіктіріп қалған танысыңызды айыптауыңыз мүмкін (сыртқы фактор), ал әріптесіңіз солай кешіксе — оның жұмысқа селқос қарайтынын, көп ұйықтайтынын (ішкі фактор) ойлауыңыз мүмкін. Бұл жерде оларға әсер ететін сыртқы факторды елемейсіз. Егер басқа адам сексуал харассментке ұшыраса, дәл солай, олардың өзіне айып тағуыңыз содан.

Ретроспектив көзқарастың бұрмалануы

Психологияда «ретроспектив көзқарастың бұрмалануы» деп болып кеткен оқиғаны болжай алатындай көрінген кезді айтады. Мысалы, өзіңіздің басыңыздан сәтсіз жағдай өтсе, сіз оны алдын-ала білуіңіз керек болғандай көрінуі мүмкін немесе екі футбол командасы ойнап бірі жеңсе, басында-ақ мұны түсіну оңай болған сияқты көрінеді. Зорлық пен харассменттің құрбандарына да солай айып тағасыз: «кештетіп жүрмеуі керек еді», «ол мұны білуі керек еді» деген секілді сөзді айтуыңыз мүмкін. Алайда ешкім алда не болатынын білмейді.

Әділ әлем гипотезасы

Адам әлемнің әділ екеніне сенгісі келеді, сондықтан да басқа бір адам зорлыққа не жыныстық бопсаға ұшыраса, ол соған лайық деген тұжырымға келеді. Егер әлемнің әділетсіз екенін мойындасақ, мұндай жағдай сіздің де, достарыңыздың да, туыстарыңыздың да басынан өтетініне сенуге мәжбүр боласыз. Яғни басқа адам қандай да бір қиындыққа ұшырағанда мұны рационализациялауға бейімбіз. Осылайша, барлық жақсы әрекет ақыр соңында марапатталады және барлық зұлым әрекет түбінде жазаланады деп болжайсыз. Басқаша айтқанда, әділ әлем гипотезасы — моральдық тепе-теңдікті қалпына келтіретін әмбебап күшке сену немесе нәтиже күту тенденциясы.

Қауіпсіздік иллюзиясы теориясы

Бұл теорияға сай, адамдар өзін қауіпсіз сезіну үшін жәбірленушіге айып тағады, оларды күстәнәлау арқылы өзіне қауіп төнбейді деген ойын қорғайды. Мысалы, бұл былай көрініс табады: «ол түнде жалғыз жүргені үшін оны зорлап кетті, мен өлсем де олай жүрмес едім». Бұл теорияға сәйкес, жәбірленуші біздің осалдығымызды еске салады, ал адам өміріне не денесіне бақылауды жоғалтып алуы мүмкін екенін қарастырғысы да келмейді, сондықтан қауіпсіздік туралы жалған сезімге сенеді. Бұл иллюзия виктимблеймиң ойдағы адам өзі жәбірленуші болған кезде ғайып болады.

Виктимблеймиң арқылы агрессор партнерының үстінен бақылауын күшейтеді, олар жәбірленуші тірі қалса, сонысы үшін де айыптайды. Зорлық-зомбылық пен харассмент жасау — әрқашан да адамның жеке таңдауы. Зардап шеккен адамды әділетке ұмтылғаны үшін айыптауға болмайды, олар әлдеқандай агрессордың құрбаны болғаны үшін кінәлі емес. Виктимблеймиң арқылы қоғам агрессорларға ойына келгенін істеуге және бұл үшін жауапқа тартылмауына, мойнына жауапкершілік алмауына мүмкіндік береді.

Ақпарат MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Әйелдер мен қыздарды жыныстық бопсалауға жол бермейтін және төзбейтін қоғамдық сана қалыптастыру» жобасы аясында дайындалды. Жобаны қолдаған – CFLI (Canada Fund for Local Initiatives).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz