«Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заңның қаупі неде?

2023 жылдың 10 шілдесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойды. Авторлардың сөзінше, заңның мақсаты – интернет кеңістіктің ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балаларды кибербуллиңнен қорғау, сонымен қатар жалған ақпарат пен құқыққа қайшы контенттің тарауына жол бермеу.

Азаматтық қоғам мен цифрлық құқық сарапшылары бұл заң Қазақстанды бұдан үлкен цензураға жетелейді, сөз еркіндігін, жеке деректерді қорғау құқын шектейді және интернет-ресурстарды бұғаттау қаупі бар деп санайды.

Factcheck.kz редакциясы жаңа заңның дұрыс емес жерлерін талдайды.

Әлеуметтік желілерді бұғаттау мен жеке деректерді беру

Заңның 9-бабына сәйкес, ҚР аумағында айына 100 мыңнан астам адам кіруге рұқсат етілген онлайн-платформа иелері өкілетті органмен (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) жұмыс істейтін заңды өкілін тағайындауы керек.

Ары қарай заңды өкілдер мен онлайн-платформа иелері мынаған міндеттелген:

  • Өкілетті органның өтінішін алғаннан кейін жиырма төрт сағат ішінде қарауы керек;
  • ҚР «Байланыс туралы» Заңының 41-1-бабында белгіленген шараларды қабылдай отырып, мемлекеттік органдардың нұсқамаларын, ұсыныстарын, хабарламаларын, шешімдерін қабылдауды, қарауды қамтамасыз етуі керек;
  • Өкілетті орган сұраған пайдаланушылар туралы ақпаратты сот актілері, құқық қорғау органдарының сұрауы мен ҚР арнайы мемлекеттік органдарының аясында ұсынуы керек;
  • ҚР аумағында өкілетті орган балаға қатысты кибербуллиң деп тапқан құқыққа қарсы контент, ақпарат салатын және тарататын аккаунттардың қызметін тоқтату.

Талаптарды орындаудан бас тартқан жағдайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) Қазақстан аумағында онлайн-платформаларды шектеуге құқылы. Бұл ҚР заңнамасында кездесетін танымал құрылым, оны біз «Сарым-Закиева» түзетулері кезінде кездестірген едік. Мәселе мынада – заңның осы тұсында түрлі интерпретацияға жол ашылады. «Шектеу» сөзін ішінара шектеумен қатар, ресурсты толық бұғаттау үшін пайдалануға болады.

«Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заңның қаупі неде?
Иллюстрация: Айнұр Мұбарова

«Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама» туралы заңды дайындаған жұмыс тобының құрамында болған заңгер, құқық қорғаушы әрі «Ландшафт цифровых прав и свобод» жобасының менеджері Елжан Қабышевтің сөзінше, заңнамада бұғаттаудың анықтамасы көрсетілмеген және түсініктеме берілмеген: «Егер біз шектеу, тыйым салу не қандай да бір ақпаратты тарату туралы айтып отырсақ, сөзсіз, бұл онлайн-платформа ел аумағында бұғатталатынын білдіреді».

Өкілетті органның кімге ықпал ете алатынын түсіну үшін онлайн-платформаларға не жататынын талдайық.

Заң тұжырымдамасына сәйкес, онлайн-платформа дегеніміз – пайдаланушы жасаған аккаунт арқылы контентті алуға, өндіруге және (немесе) орналастыруға және (немесе) таратуға және (немесе) сақтауға арналған интернет-ресурс, жедел хат алмасуға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету немесе қызмет (қаржылық қызметтер мен электрондық коммерция ұсынатын интернет-ресурстар бұл қатарға енбейді).

Бірінші кезекте, бұл Facebook, Instagram, YouTube, TikTok, Twitter, WhatsApp және Telegram сынды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Дегенмен, анықтамаға сүйенсек, онлайн-платформа қатарында 2GIS-тен бастап ақпарат порталдарына дейінгі көптеген басқа сайт болуы мүмкін. Өйткені аккаунтты барлық жерде құруға, өндіруге, орналастыруға, таратуға немесе контентті сақтауға болады.

Мұндай жағдайда IT-компания иелерінде екі нұсқа бар. Біріншісі – билік өкілдерімен серіктес болудан бас тартып, «шектеуге» ұшырау. Екіншісі – серіктестікке келісіп, адам құқықтарын бұзуға әкелуі мүмкін талаптарды орындау.

Жоғарыда айтқанымыздай, онлайн-платформалар мемлекет алдында бірқатар талапты орындауға міндетті болады, мәселен, АҚДМ-ға пайдаланушылары туралы ақпаратты беруі мүмкін. Құқық қорғаушылардың айтуынша, оған кез келген ақпарат жатады: лүпіл, бөлісу мен пікірлерден бастап, IP-мекенжай, құрылғы туралы, геолокация мен жеке хат алмасуға дейінгі ақпарат.

Заң бойынша, АҚДМ ақпаратты сот актілері не құқық қорғау және арнайы мемлекеттік орган сұраулары негізінде сұрата алады. Құқын қолдану тәжірибесі Қазақстанда билік мүддесі үшін жиі жұмыс істейтінін ескерсек, пайдаланушылардың құқы қорғалатынына ешқандай кепіл жоқ.

Елжан Қабышев болашақта Қазақстан аумағында онлайн-платформа ретінде мойындалған сервистер пайдаланушылардың деректерін қылмыстық іс аясынан бөлек те беруі мүмкін деп есептейді.

Бұл дабыл белгісі болуы, болашақта Вконтакте мен TikTok сынды шетелдік платформалар ғана жұмыс істеуі мүмкін. Ал Instagram мен Facebook секілді деректерді қорғау саясаты бар (ақпарат тарап кеткен кездерді ескермегенде) платформалар бұғатталуы мүмкін. Мен болашақта танымал платформаларды, әсіресе батыс желілерін шектеу үшін іргетас қаланып жатыр деп ойлаймын.

Елжан Қабышев

Бұдан бөлек, заңның қазіргі реакциясында онлайн-платформалар жыл сайын өздеріне өкілетті органнан түскен сұраулар саны туралы есеп дайындауы қажет екендігі жазылмаған. Яғни біз бұл қандай сұраулар, кімнің деректері сұралды, соңында олардың нешеуі өңделді немесе өңделмегенін біле алмаймыз.

Елжан Қабышевтің айтуынша, жеке деректер қылмыстық істі қарау кезінде ғана берілуі керек. Ал егер онлайн-платформалар мен мемлекет арасында жедел өзара әрекет қажет болса, мұндай механизмдерді ірі IT-компаниялар қарастырған.

Мәселен, Instagram құқық қорғау органдарымен жедел коммуникация құратын онлайн-жүйе сынды сервис енгізді. Терроризм, денсаулыққа зиян келтіру, өмірін қию және сол сияқты жағдайлар болса Instagram мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесе алады. Деректер қылмыстық істі қарау аясында және тек сот ордерімен беріледі. Егер сот қандай да бір деректерді ұсыну керегі туралы құжат берсе, әдетте, онлайн-платформалар деректерді берудің қаншалықты дұрыс екеніне қарайды. Қазіргі редакцияда, өкінішке қарай, ешқандай нақтылық жоқ. Қылмыстық іс қозғалу керек пе, әлде құқық қорғаушылар, белсенділер, саясаткерлер, оппозиция бағытындағы адамдарға қатысты қандай да бір ақпарат ала ма – түсініксіз.

Елжан Қабышев

Цензура, өзін цензуралау және онлайн-платформаларды бақылау

Мақұлданған заң онлайн-платформа иелері мен заңды өкілдерін АҚДМ бұйрығымен құқыққа қайшы ақпаратты 24 сағат ішінде өшіруді міндеттейді. Бұл ереже цензураға әкеліп, сөз бостандығын шектеуі мүмкін деген қауіп бар. Бұған құқыққа қайшы ақпарат ұғымының анық түсіндірілмеуі себеп. Заңда тізім көрсетілгенімен еркін интерпретацияға кеңістік қалдырады.

Заң бойынша құқыққа қайшы контент мыналар: Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық басымдыққа, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа, суицидке, порнографияға, есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың баламалары мен прекурсорларына шақыру, насихаттау немесе үгіттеу, сепаратизм, алаяқтық идеялары, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұзуға ықпал ететін ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны ашатын және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған басқа да ақпарат.

«Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заң

Мұнда басқа да ақпарат деп ҚР заңымен қудаланатын жалған ақпарат меңзелсе керек. Бұл жерде оған да анықтама берілген:

Жалған ақпарат – шындыққа жанаспайтын немесе фактілер бұрмаланған, тұлғалар, заттар, оқиғалар, құбылыстар мен процесстер туралы жалған түсінік қалыптастыратын кез келген үлгіде тіркелген ақпарат.

«Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заң

Бұған дейін айтқанымыздай, өкілетті орган құқыққа қайшы деп атаған контентті өшіруден бас тартқан жағдайда онлайн-платформа қызметі ел аумағында бұғатталуы мүмкін. Яғни, қолданушылар платформа мен ондағы контентке қол жеткізе алмайды.

Сонымен қатар, желіде жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіліп жатыр. Онлайн-платформа пайдаланушыларына 20 АЕК (2023 жылы 69 мың теңге) айыппұл салынса, кәсіпкерлікпен айналысатын блогерлер 40 АЕК (2023 жылы 138 мың теңге) айыппұл төлейді.

Мәселе сол – Қазақстанда қасақана жалған не жалған ақпарат таратқандар жазалана бермейді. Factcheck.kz редакциясы жұмыс істеп келе жатқан жылдарда талай рет жүйелі түрде дезинформация тарататындардың қауіпті қызметіне назар аударған еді, бірақ мемлекет оларға қатысты ешқандай шара қолданбады. Оған қоса олардың белсенділігін кейбір шенеуніктер мадақтап отырды. Дегенмен заңнама Instagram-да әзіл-ысқақ бағытындағы парақшаны жүргізетін азаматтық белсендіге қатысты «сәтті» қолданылды.

Күн сайын фейктерді талдаумен айналысып жүргендіктен біз дезинформациямен күресудің қажет екенін түсінеміз және жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік жауапкершілік жүктеу керегі туралы ойды құптаймыз. Дегенмен заңды теріс ниетте пайдаланбас үшін бұл ақпараттың жалған, зиян екенін дәлелдейтін деректер ұсыну қажет деп есептейміз.

Жауапкершілік ережесі мен механизмдері заңнама билігін теріс мақсатта пайдаланудың алдын алып және пікір алуандығын ескере отырып дайындалуы керек. Ауқымы кең анықтама субъектив пікір тудырып, билікте отырғандарға ұнамайтын я билікті сынаған контентті шектеуге пайдаланылуы мүмкін.

Ресми цензура еніп кетуі мүмкін екенінен бөлек, заң өзін өзі цензуралаудың дамуына да әсер етуі мүмкін. Заң ықпалы мен мемлекет және онлайн-платформалар тарапынан цензура болуы мүмкін деп қауіптенген азаматтар пікір айтқан кезде абайлап сөйлеп, контентті жариялағанда, тіпті ол заң бұзбаса да өзін өзі шектеуі мүмкін. Өзін өзі цензуралау қоғамдық диалог пен пікір алуандығының қысқаруына әкелуі ықтималы. Ол демократиялық процесстер мен сөз еркіндігіне кері әсер етеді.

«Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заңның қаупі неде?
Иллюстрация: Айнұр Мұбарова

«Сарым-Закиев» түзетулерінің жаңғырығы

Заңда АҚДМ негіздемесіне сәйкес балаларға қатысты кибербуллиң деп мойындалған контентті салып, тарататын аккаунттардың қызметі Қазақстан аумағында тоқтатылатыны туралы бөлік бар. Бұл норма депутаттар Айдос Сарым мен Динара Закиева (қазір ҚР-да Бала құқықтары бойынша өкіл) ұсынып, 2022 жылдың мамырында қабылданған түзетулерге сәйкес заңға енгізілді. Бұл түзетулердің қаупі туралы да біз бірнеше рет жазғанбыз.

Бірақ мұнда бір қызық тұсы бар. «Сарым-Закиева» түзетулері парламентте талқыланып жатқан кезде мәтінде әлеуметтік желілерді «жерге түсіру» туралы норма болатын. Басқаша айтқанда, IT-алыптар елде физикалық өкілдіктерін ашып, заңды өкілі ретінде Қазақстан азаматтарын тағайындауы қажет делінген. Қоғам арасында дау туғаннан кейін бұл қосымша заңның қорытынды нұсқасынан алынып тасталды.

Елжан Қабышевтің сөзінше, «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заң жобасын талқылау аясында осындай платформаларды «жерге түсіретін» тағы бір мүмкіндік пайда болды. Бұл бөліктер Digital Paradigm қоғамдық қоры мен Еуразия цифрлық қоры сарапшыларының ұсынысынан кейін жойылды.

Онлайн-платформаларды «жерге түсіруден» бөлек, «Сарым-Закиева» түзетулері мен жаңа заң арасындағы бірқатар параллельді келтіруге болады:

  1. Өкілетті орган (АҚДМ) талаптарын орындамаған жағдайда онлайн-платформа қызметін шектеу туралы қосымшаны енгізу;
  2. 24 сағат қарғысы: кибербуллиң деп танылған құқыққа қайшы ақпарат пен контентті өшіру туралы АҚДМ бұйрығына бір тәулік ішінде әрекет ету керек – оны өңдеп, шешім қабылдауға арналған тәулік;
  3. Билікпен өзара әрекеттес болатын онлайн-платформаның заңды өкілін тағайындау;
  4. Нақты ұғым мен механизмнің жоқтығы, ол цензура мен бақылауды енгізу үшін заңды пайдалануға мүмкіндік береді;
  5. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілетін кеңейту.

Біз не істей аламыз?

  • Хабардарлықты арттыру: заң туралы, оның сөз еркіндігі, ақпаратқа қолжетімділік пен жеке деректерді қорғауға төнетін қаупі туралы ақпаратты тарату;
  • Заңның қолданылуын бақылап отыру: заң тәжірибеде қалай қолданылып жатқанын бақылау, цензура, аңду немесе сөз еркіндігін шектеу жағдайларын тіркеу;
  • адвокация: егер адам құқын шектеу құжат жүзінде заңды болса, заңнаманы өзгертуді талап ету.
Factcheck.kz