Қазақстанда ана өлімінің деңгейі қаншалықты төмендеді?

Астанада 12 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының брифиңінде елдегі бірнеше салалы мәселелер көтерілді. Оның ішінде өмір сүру жасының ұзақтығы, урбанизация және ана өлімінің деңгейіне қатысты бірнеше дерек келтірілді. Атап айтар болсақ Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда 8 жыл ұзақ өмір сүреді, ал ана өлімінің деңгейі 30 жылда 73%-ке төмендеген. Factcheck.kz аталған деректерді тексеріп көрді.

Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда 8 жыл ұзақ өмір сүреді.

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, әйелдердің өмір сүру жасының ұзақтығы 78,41 болса, ерлердікі 70,26 жас, яғни расымен де ер мен әйел өмір сүру ұзақтығы 8 жыл. Ал жалпы Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығы 74,44 жас, оның ішінде қала халқы 74,73 болса, ауыл халқы 73,94 жас өмір сүреді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында өмір сүру ұзақтығының артып келе жатқандығы жайында айтқан болатын. Біз оны да тексердік, толығырақ төменнен оқи аласыздар.

Қазақстан Орталық Азиядағы ең урбанизацияланған ел.

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік банктың мәлеметінше, Қазақстан расымен де Орталық Азиядағы ең урбанизацияланған ел. Одан кейін Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан тұр.

Қазақстан халқының халқының 62%-ке жуығы қалада тұрады.

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 1 тамыздағы мәлімет бойынша ел халқының 61,95%-і қалада тұрады. Бұл тек ресми тіркелгендер статистикасы, ал тұрғылықты мекенжайсыз жүргендер санын қоссақ бұдан да жоғары болуы мүмкін.

Ал 1993 жылдан бастап ана өлімінің деңгейі 73%-ке төмендеді.

Үкім: Дәлелденбеген

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана өлімінің деңгейіне қатысты деректі тек 1998 жылдан бастап жүргізетінін айтты. Ал 1998 жылдан бері ана өлімінің деңгейі 100 мың адамға шаққанда 77,5-тен 17 коэффицентке төмендеген, қайтыс болған ананың саны 176-дан 70-ке азайған. Дегенмен бір қарқында төмендеді деуге келмейді, 2005-2009 жылдары өсім болған, одан кейін пандемияда қайта артқан.

2000-2020 жылдар аралығында әлемде ана өлімінің деңгейі (100 мың адамға шаққанда) шамамен 34%-ке азайды. Дегенмен сарапшылар әлі де жоғары екенін айтуда. Ана өлімінің деңгейі әсіресе табысы төмен елдерде көп тіркелуде.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz