Жолдауға фактчек | Қазақстан Тоқаев айтқандай ең жас мемлекеттердің бірі ме?

1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жариялады. Тоқаев жолдау барысында әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және т.б. мәселеге тоқталды. Factcheck.kz әдеттегідей Тоқаев мәлімдемелерінің қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді.

Қ.Тоқаев

Үкім: Шындық

Расымен, Статистика бюроның дерегінше, 2019 жылдан бастап жыл сайын кемінде 400 мың бала дүниеге келген. Мысалы 2019 жылы – 402 310, 2020 жылы – 426 824, 2021 жылы – 446 491, ал 2022 жылы 403893, адам дүниеге келген. 

Мәлімдеме: Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты.

Қ.Тоқаев

Үкім: Шындық

Иә, расымен Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, алғаш рет орташа өмір сүру ұзақтығының деңгейі 74,44 жасқа жеткен. Статистика бюросының дерегіне сүйенсек, жыл сайын артып келе жатыр деп нақты айта алмаймыз. Арасында өзгерістер бар. Себебі, күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2019 жылы 73,18 жас, 2020 жылы 71,37 жас, 2021 жылы 70,23 жас болған. Яғни, тек 2022 жылы артқан – 74,44 жас.

Мәлімдеме: Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. 

Қ.Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2022 жылы Қазақстан халқының орташа жасы – 31,8. Алайда бұл Қазақстанды ең жас мемлекеттердің қатарына жатқызбайды. АҚШ-тың орталық барлау басқармасының (Central Intelligence Agency, CIA) дерегінше, Қазақстан орташа жасы бойынша 227 елдің арасында 114-орында.

CIA рейтиңінің ерекшелігі алдыңғы қатарда халқының орташа жасы жоғары, яғни қарттары көп елдер орналасқан. Мысалы Монако 1-орында (55,4 жас) ал Жапония 2-орында (48,6 жас). Сонымен қатар, ең төменгі орында жастары көп Уганда (226-орын халқының орташа жасы – 15,7) және Нигер (227-орын 14,8 жас) көрсетілген.

Бұл рейтиңде Қазақстан тұрғындарының орташа жасы – 31,6 жас делінген. Яғни, 227 елдің арасында Қазақстан 114-орында орналасып, халқының орташа жасы ең кәрі де емес және ең жас емес елдер қатарында.

Мәлімдеме: Тұрғындардың үштен бірі – жастар.  

Қ.Тоқаев 

Үкім: Шындыққа жақын

Статистика бюросы 2023 жылдың басында жариялаған мәліметке сәйкес, елдегі 19 766 807 адамның 5 726 629-ы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Тоқаев мәлімдемесі толықтай рас болу үшін 6 588 935 адам жастар санатында болу керек еді. Сондықтан толыққанды еліміздің үштен бір бөлігін жастар құрайды деп нақты айта алмаймыз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz