Қазақстан полигонға арналған жердің әр гектарын 1 050 теңгеге жалға бере ме?

2023 жылдың 3 мамырында парламент мәжілісінің пленарлық отырысында «Ауыл» партиясының депутаты Серік Егізбаев премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, Қазақстан әскери полигонға арналған үлкен жер телімдерінің гектарын Ресейге 1 050 теңгеге жалға беретінін айтты. Оның сөзінше, бұл баға 18 жылдан бері өзгермеген. Егізбаевтың мәлімдемесі қазақстандық медиада (1, 2, 3, 4, 5) көп тарады. Factcheck.kz редакциясы ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Серік Егізбаевтың депутаттық сауалы (тайм- код 01:26:20)

Мәлімдеме: 1995 жылдан бері Ресей Қазақстаннан әскери полигонға арналған 8,5 миллион гектардан астам немесе 86 мың км2 жерді символикалық баға — гектарына 1 050 теңгеге жалға беретіні жалпыға белгілі. Бұл баға 2005 жылдан бері өзгермеген. Жалға беру шарттары енді 2030 жылы ғана қайта қаралады.

Серік Егізбаев

Үкім: Шындық

Factcheck.kz сауалына жауап ретінде жіберілген ҚР Қорғаныс министрлігінің деректері бойынша Қазақстан 1995 жылдың қаңтарынан әскери полигонға арналған үш жер телімін Ресей Федерациясына жалға береді, олар: Сарышаған сынақ полигоны, 929-мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы және 4-мемлекеттік орталық полигоны. 2005 жылдың 1 қаңтарынан бері үш полигонды жалға беру бағасы гектарына 2,33 АҚШ доллары (тексеру кезінде шамамен 1 040 теңге). Сынақ полигондарының жалпы аумағы — 8,5 млн га. Яғни жыл сайын Ресей Қазақстанға шамамен 19,8 млн АҚШ долларын төлейді. Полигондарды жалға беру бойынша халықаралық келісім аяқталуы мүмкін күн ретінде Қорғаныс министрлігі 2030 жылдың 27 шілдесін айтты.

Толығырақ

Зымыранға қарсы қаруды дайындау және сынақтан өткізуге арналған «Сарышаған» полигоны Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау облыстарының аумағында орналасқан. Ол 6,98 млн га жерді алып жатыр. Қазақстан үкіметі мен Ресей Федерациясы үкіметі арасындағы келісімге сәйкес, полигонның бір гектарын жалға алу құны – 2,33 АҚШ доллары. Жыл сайын Ресей Қазақстанға 16,2 млн доллар немесе 7,2 млрд теңге төлейді. 2015 жылға дейін жалға алынған полигон аумағы 8,1 млн гектар болатын, бірақ келісімге қол қойылғаннан кейін Ресей Қазақстанға 1,1 млн гектар жерді қайтарды. Осылайша, жер бөлігі қайтарылғанға дейін жалға алу бағасы жылына 18,8 млн АҚШ доллары болатын.

РФ Қорғаныс министрлігінің 4-мемлекеттік орталық полигоны (Капустин Яр) Батыс Қазақстан аумағының бір бөлігін алып жатыр. Жалпы аумағы – 292,8 мың га. Жыл сайынғы жалға алу бағасы – 682,2 мың АҚШ доллары немесе 305,8 млн теңге.

РФ Қорғаныс министрлігінің 929-мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы да Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының территориясында орналасқан. Қазіргі аумағы 1,3 млн га-ға жетеді, жыл сайынғы жалға алу бағасы – 3 млн АҚШ доллары я 1,3 млрд теңге.

Сондай-ақ 929-мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының аумағында Тайсойған сынақ полигоны бар. Оның территориясы әуелде 749,6 мың га болған. Кейін Ресей 624,6 га (83,3%) жерді қайтарып беріп, қазір қалған 125,1 га аумақты жалға алады.

Жабық полигондар

2017 жылы Қазақстандағы Ембі полигонын Ресей Федерациясына жалға беру туралы шарт тоқтатылды. Ол екі ел арасындағы Ембі полигонын пайдалану және жалға алу шарттары туралы 1995 жылғы 20 қаңтардағы келісімдерге және Ембі сынақ полигонын жалға алу туралы 1996 жылғы 18 қазандағы келісімшартқа сәйкес әрекет еткен. Полигон Ақтөбе облысы аумағында орналасып, 308 мың га жерді алып жатты. Жыл сайынғы жалға алу бағасы – 718,6 мың АҚШ доллары болды.

Семей ядролық сынақ полигоны 40 жылдан астам жұмыс істеп, 1991 жылы жабылды. Полигон Қазақстан аумағында, Семей қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде, Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасты. Ол 1,8 млн гектар жерді алып жатты.

Контекст

1993 жылы Ресей мен Қазақстан Минскте Қазақстанның сынақ полигондарын пайдалану туралы келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, Қазақстан аумағында орналасқан полигондар елдің жеке меншігіне жатады, ал Ресей сынақ полигонындағы жылжымайтын және жылжитын мүлікке иелік ету және пайдалану құқығына ие болды.

Төменде ҚР Қорғаныс министрлігінің Factcheck.kz редакциясының сауалына жолдаған жауабы берілді.

Factcheck.kz