Қазақстан мобильді интернеті ең арзан он елдің қатарына кіре ме?

Кейінгі күндері қазақстандық сайттарда “Мобильді интернет құны бойынша Қазақстан әлемдегі ең арзан он елдің қатарына кірді” деген тақырыпта материалдар жарық көрді: қазақ тілінде (1,2,3,4) орыс тілінде (1,2,3,4). Сайттардың көбі Finprom.kz-тің 19 қарашада жариялаған материалына сілтеген. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz тексеріп көрді.

Қазақстан мобильді интернеті ең арзан он елдің қатарына кірді.

Үкім: Манипуляция

Finprom.kz материалында MoneySuperMarket-тің зерттеуіне сілтейді, ол жерде расымен Қазақстан оныншы орында тұр. 1 ГБ-тың құны – 0,59$ деп көрсетілген. Біз бұған дейін мобильді интернет құны туралы жазғанбыз және1 ГБ-тың бағасы халық үшін нақты арзан не қымбат екенін көрсете алмайтынын, яғни методологиялық тұрғыдан қате екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, MoneySuperMarket қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің бағасын салыстыра отырып индекс жүргізеді, негізігі аудиториясы Ұлыбританияға бағытталған.

Бір қызығы, “Қазақстан интернеті ең арзан 10 мемлекеттің қатарына кірді” деген тақырыпта ақпарат 2021 жылы да жарияланған, дегенмен дереккөзі түсініксіз. Жалпы “қуып жетті, басып озды” деп аталатын әлемдік рейтиңдер көбіне әуесқой не деректерді үстіртін жинайтындықтан шынайы жағдайда білдірмейді. Біз бұған дейін осындай рейтиң “жасағыш” бірнеше сайттардың деректеріне үңіліп, методологиясын талдаған болатынбыз.

Қазақстанда тариф бағасы қаншалықты өсті?

ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2023 жылғы ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары бойынша жүргізген есебі бойынша, еліміздегі жалпы тарифтік жоспарлар 7,7%-тен 57,3%-ке өскен. Ал 2021-2022 жылдар кезеңінде тарифтердің орта есеппен 13%-тен 37%-ке өсіп отырған. Қазақстанда қазіргі таңда жалпы 3 ұялы опаераторы бар: “Қазақтелеком” АҚ-ның 2 еншілес операторы – “Kcell” АҚ (kcell/aktiv) және “Мобайл Телеком – Сервис” ЖШС (Tele2/Altel), олар нарықтың 62%-ін қамтамасыз етеді. Одан бөлек “Кар-Тел” ЖШС (Beeline), нарықтың 38%-і тиесілі.

Қазақстанда тариф бағасын ескертусіз көтеру қаншалықты заңды?

Біз бұл туралы бөлек материал дайындаған едік. Қысқаша айтсақ, елімізде тариф бағасы мемлекет тарапынан бақыланбайды. ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпаратына сай, операторлар тариф бағасын көтеру бойынша агенттікке хабарлауға міндетті емес, тек алдын ала бір ай ішінде тұтынушыларға ескертуге міндетті. Толығырақ төмендегі материалдан оқи аласыздар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz