«Қуып жетіп, басып озды»: Қазақстан мен оның күмәнді рейтиңдердегі орны

Біз 4 жыл ішінде Қазақстан мен оның қалаларының, экономика секторларының, өмірдің түрлі салалары мен басқа да рейтиңгілердегі орнына қатысты 20 күмәнді ақпаратты талдадық. Мәселен, жақында экс-президент Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын талдаған материал жарияланды. Онда еліміз әлемнің алдыңғы қатарлы 40 мемлекетінің қатарына енді делінген. Шындығына келгенде, Назарбаев ешқандай рейтиң туралы айтпаған, сол себепті біз оның мәлімдемесін жақшаның сыртына шығардық.

Жалпы біздің жетістіктеріміз туралы мемлекеттегі адамдар ғана емес, БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары да жиі сөз қылғанды жақсы көреді. Оларды түсінуге болады: Қазақстан адам қатарына қосылса, ой, яғни әлемдік аренада жоғары бағаға ие болса дейміз, ал шенеуніктердің көрсеткіштерді әдейі жақсартып отыратынын отандастарымыз байқаған. Кейде, керісінше, әсерлі кликбейтті, өзін-өзі сынға алатындай дүниені қалаймыз.

Бірақ фактчек ұйықтамайды: медиа мен ньюсмейкерлерді түрлі рейтиңгілерді пайдаланғанда мұқият болуға шақырамыз, себебі сіз манипуляция, тексерілмеген немесе ашық жалған ақпарат таратуыңыз мүмкін. Біз өзіндік антирейтиң жасап, оған ондаған мысал енгіздік. Ол рейтиңгілердің өзі немесе олардың берілуі (интерпретациясы) дұрыс емес.

Дисклеймер: Біздің антирейтиңгімізде орындардың бәрі шартты және бірдей. Себебі әдістемесі бұзылған немесе кей тәуір рейтиңгілерден алынған ақпарат бұрмаланғандықтан олардың күмәнділік дәрежесіне баға беру қиын. Дегенмен бірінші болып ойға мына мәлімдеме оралды:

1. «Қазақстанның мемлекеттік аппараты әлемдегі ең тиімді мемлекеттік аппараттардың бестігіне кіреді»

Кім және қашан мәлімдеді: «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының басшысы, депутат Ләззат Рамазанова 2019 жылы Astana Finance Days конференциясында. Мәлімдеме мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тарап кетті.

Үкім: Жалған

Әлемде, шынында, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне баға беретін беделді зерттеулер бар. Мысалы, мұндай зерттеулерді Дүниежүзілік Банк жариялайды, алайда оның бағалау әдістемесі орындарды бөліп бермейді, керісінше менеджерлер мен барлық қызығушылық танытқан адамдар өз елдерінің көрсеткіштерін хронологиялық тәртіпте салыстырып, анықтап, ренжулеріне немесе керісінше қанағаттануларына болатындай жасалған. 2020 жылға келер болсақ, Қазақстанда пайыздық ранкиң бойынша 100-дің 60,1%-ы.

2. Studee: Алматы әлемдегі студенттерге арналған топ-100 қаланың құрамына еніп, 76-орынға ие болды.

Кім және қашан мәлімдеді: Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 2021 жылдың қарашасында өзінің туиттер парақшасында.

Үкім: Манипуляция

Мәселе мынада, Studee.com ресурсының өзі әлемнің барлық қалаларын қамтымағанын ескертіп, рейтиңгіні ары қарай тек жеке зерттеуге пайдалануға болатынын айтқан.  Оның үстіне, олардың тәсілі де түрлі сұрақ туындатады, мәселен, анықтау критерийлері ретінде олар макбук бағасы, тұрғынүй бағасы (Numbeo ресурсына сілтеме жасалған, оның мәліметтері сенімсіз),  мейрамханалардың саны (Tripadvisor-ға сілтеме жасалған) сынды параметрлер ескерілген. Яғни, Studee сенімсіз немесе студенттердің өміріне тікелей қатысы жоқ ақпараттарды негізге алған.

3. Numbeo: Әлемнің қылмыс саны бойынша рейтиңгінде Алматы 112-орында тұр

Кім және қашан таратты:  2018 жылы БАҚ таратты.

Үкім: Манипуляция

Мәселе мынада, әңгіме қылмыс дәрежесін анықтайтын есептеу формулалары мен статистикалық деректерге негізделген рейтиң туралы болып отырған жоқ. Мұнда әлеуметтік сауалнама жүргізілген және оған алматылықтар да, алматылық емес тұрғындар да, жалпы қалаған адам қатысқан. Осылайша, жаңалықтар ресурстары пікірлерге негізделген рейтиң мәліметтерін жариялады. Жалпы Numbeo «рейтиң» жасаудың өзіндік әдістемесімен бірнеше рет біздің көзімізге түскен болатын. Былтыр танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембай осы ресурстың өмір сапасы рейтиңгіндегі Қазақстанның орны туралы ақпарат таратты (Numbeo пікірінше, 71 елдің ішінде 69-орында). Шын мәнінде: жоқ.

4. ТурСтат аналитикалық агенттігінің рейтиңгілері: Алматы ТМД елдері қалаларының ішінде жазғы саяхатқа арналған топ-3 қаланың құрамына кіреді, ал Астана ТМД арасында топ-5 романтикалық қалалар тізімінде бар.

Кім және қашан таратты: 2018 және 2019 жылдары БАҚ таратты.

Екі жағдайда да үкім: Манипуляция

ТурСтат аналитикалық агенттігі Ресейдің зерттеу компаниялары ассоциациясының мүшелері мен туристік бизнес қатысушылары құрамында жоқ. Зерттеу ұйымдарының рейтиңгінде де көрінбейді. Бұл – жалған аналитикалық агенттік. Оның үстіне, бірінші жағдайда рейтиң Ресей азаматтарының туристік сапарларын талдау арқылы жасалды, яғни ТМД арасындағы танымалдылық туралы айту қате. Қазіргі уақытта ТурСтат өзін аналитикалық агенттік деп атамайды, бірақ бұрынғыша рейтиңгілерді (дауыс беруге негізделген) жариялап тұрады.

5. Economist Intelligence Unit: Әлемнің ең арзан қалалары тізімінде Алматы бесінші орынға ие болды.

Кім және қашан таратты: The Economist журналының аналитикалық бөлімінің қорытындыларын қазақстандық және әлемдік БАҚ пен әлеуметтік желілер 2020 жылдың қарашасында жариялады.

Үкім: Жартылай шындық

Зерттеу авторлары әлемнің 133 ірі қаласындағы кейбір көрсеткіштерді талдаған. Бірақ ғаламшарымыздағы ірі қалалар саны одан әлдеқайда көп. Мәселен, Mercer агенттігінің мәліметі бойынша, 2020 жылы Алматы осы секілді рейтиңде 21-орын алған. Онда 209 қала талданған. Не айтуға болады: Алматы – қала тұрғыны үшін бағалы әрі салыстырмалы түрде тіршілік етуге арзандау болғанымен, арзандығы бойынша нақты нешінші орында екенін айту мүмкін емес, себебі қазіргі зерттеулердің талдау тәсілдері әртүрлі және ешқайсысы толық жағдайды сипаттамайды.

6. Smart city-2018 Еуропалық ақылды қалалар форумында Алматы бірінші орында

Кім және қашан таратты: 2018 жылдың қарашасында БАҚ әкімдіктің хабарламасын таратты. Сонымен қатар, пресса бірінші орын көлік жүйесінің кешенді реформасын жүзеге асыру үшін берілгенін нақтылап жеткізді. Мұнда ешкім «географиялық тұрғыда Еуропаға жатпайтын қала ең жоғары марапатты алған бұл қандай Еуропалық форум» деген сұраққа бас қатырған жоқ.

Үкім: Манипуляция

Factcheck.kz тексерісінің нәтижесінде Smart city-2018 Еуропалық ақылды қалалар форумы мүлдем жоқ және болмағаны анықталды. БАҚ-қа ақпарат берген Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі, әдейі ме, әлде байқамай ма, басқа форумның атауын (Ljubljana Forum) толықтай өзгертіп айтқан. Онда Алматы расында алтын жұмыртқа түріндегі марапатты алған. Дегенмен іс-шараның мәртебесі баспасөз-релизінде сипатталғандай жоғары әрі ауқымды болмай шықты.

7. «Academic Ranking of World Universities-European Standard»: ҚазҰУ алдыңғы қатарлы Еуропа университеттерінің қатарына енді.

Кім және қашан таратты: 2020 жылдың мамырында БАҚ ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарламасын таратты.

Үкім: Манипуляция

Шын мәнінде «Academic Ranking of World Universities-European Standard» университеттер рейтиңгінде түрлі елдердің жоғары оқу орындары салыстырылмайды, оған қоса, оған Еуропа университеттері қатыспайды, ал оны Еуропа ғылыми-өндірістік палатасы РФ, Италия, Беларусь, Қазақстан мен Украина өкілдіктерімен бірлесіп жүргізеді. Екіншіден, рейтиң елдер бойынша көрсетілген, яғни оның әдістемесіне сәйкес (палата сайтында жазылғандай, еуропалық бағалау жүйесі пайдаланылған), ҚазҰУ Қазақстан университеттерінің арасында бірінші орынға ие. Онсыз да беделі төмен зерттеудің жөнсіз тәсілі. Өздеріңіз ойлап көріңізші, егер «сайысқа» Еуропаның оқу орындары қатыспаса Еуропаның алдыңғы қатарлы университеттерінің қатарына қалай қосылуға болады?

8. Best countries: Қазақстан бала тәрбиесі бойынша соңғы 73-орынды алды

Кім және қашан таратты: БАҚ  премьер-министрдің орынбасары Ералы Тұғжановтың мәлімдемесін таратты. Ол 2020 жылдың тамызында болған «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» жиынында былай деді: «Әлемдік рейтиң мәліметі бойынша Қазақстан бала тәрбиесі бойынша соңғы 73-орынға ие болды».

Үкім: Шындық және Техникалық қателік

Шынында америкалық US news and world report басылымы әлемнің 73 елінің арасында өзіндік «Үздік елдер» рейтиңгін жасады. Нақты параметрлер қатарында кәсіпке ашықтық, өмір сапасы, кәсіпкерлік, туризм мен оқиғалар, бала тәрбиесі бар. Иә, мұнда біз 73-орында қалдық. Бірақ рейтиң дауыс беруге негізделіп (сауалнамаға әлемнің түкпір-түкпірінен 20 мың адам қатысқан), тіпті сол елдерде болып көрмеген адамдар мен ассоциациялардың пікірі арқылы жасалған.

9. «Жақсы елдер» индексі: Қырғызстан 69-орын алып, Бразилия, Сауд Арабиясы мен Қазақстанның алдына шықты

Кім және қашан таратты: 2019 жылы БАҚ таратты

Үкім: Манипуляция

Рейтиң 35 элементтен тұрады. Бірақ оның бәрі бірдей емес, оның ішінде этикалық тұрғыдан да. Мәселен, «Әлемдік тәртіп» секциясында (!) «Туу дәрежесі» элементі бар. Сонымен қатар әдістеме бойынша туу көрсеткішінің жоғары болуы рейтиңнің төмендеуіне әкеледі. Осы тұста рейтиң жасаушылармен келіспеуге болады. Ал оны жасаушы Шығыс Англия университетінің құрметті профессоры – Саймон Анхольт. Оның виртуалды Жақсы ел жобасы бар, кез келген адам оның азаматы бола алады. Жақсы ел азаматына салынатын жыл сайынғы салық бар-жоғы 5 доллар (бірақ қаласаңыз көп төлей аласыз).

10. Vouchercloud: Қазақстан оқушылардың білім дәрежесі бойынша 9-орында

Кім және қашан таратты: 2019 жылы қазақстандық және шетелдік БАҚ халықаралық Vouchercloud ваучер мен дисконт сату порталына сілтеме жасай отырып жариялады.

Үкім: Манипуляция

Рейтиң құраушылар Қазақстанды «оқушылар арасында алдыңғы қатарлы жетістіктер дәрежесі бойынша 9-орынға» орналастырған. Олар 32,64% оқушылардың алдыңғы қатарлы тапсырмаларды шешкенін негізге алыпты-мыс. Сондай-ақ олар Дүниежүзілік Банк баяндамасына сілтеме жасай отырып өз ойын жариялаған Esteban Ortiz-Ospina есімді әлдебір блогердің деректерін атап өткен. Дегенмен баяндаманы зерттей келе біз қазақстандық оқушылардың  32,64%-ы халықаралық немесе өңірлік тесттен өтіп, алдыңғы қатарлы нәтижеге жетті деген ақпарат таппадық. Келісетін шығарсыздар, жаңалықтарын жариялайтындай дисконт сататын портал беделді дереккөзге жатпайды.

Тақырыпқа тұздық:

11. Бақытты елдер рейтиңі және Қазақстанның 7-орны

Кім және қашан таратты: 2018 жылы БАҚ таратты

Үкім: Жартылай шындық

Шын мәнінде БАҚ (бұл жағдайда Tengrinews) танымал World Happiness report пен Gallup агенттігі зерттеулерінің көмегімен жасалған осы рейтиңнің компоненттерінің бірін шатастырып алды. Расымен, 2017 жылы бұл ірі консалтиң компаниясы жүргізген сауалнама бойынша қазақстандықтар өздерін бақытты сезінетін оптимистер қатарында ондыққа кірді. Бірақ бақыт рейтиңінің өзінде (түрлі параметрлер арқылы талданады) сол кезде 60-орында болдық. 

Бірақ өмір жақсарып келе жатқан секілді, себебі World Happiness report-тың 2020 жылғы қорытындысында 36-орынға көтеріліппіз! Мүмкін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы 40 елінің қатарына қосылды дегенде осыны айтқысы келген болар? Әзірге БҰҰ-ның 2021 жылдың қорытындысы бойынша бақыт есебі жарияланған жоқ, алғашқы отыз елдің қатарында боламыз деп үміттенейік.

Айгерим Мекишева
Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)