Дәулет Тұрлыханов есірткі айналымы жайлы рас айтты ма?

31 қаңтарда өткен мәжіліс отырысында депутат Дәулет Тұрлыханов есірткі айналымына қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz Тұрлыхановтың сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 1:33:06)

Мәлімдеме: Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде есірткіге байланысты 7 мың қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-дан артық.

Дәулет Тұрлыханов

Үкім: Шындыққа жақын

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталының дерегіне сай, 2022 жылы есірткіге қатысты — 6 659, ал 2023 жылы 7 165 қылмыс тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7,6%-ке артық.

Дәулет Тұрлыханов есірткі айналымы жайлы рас айтты ма?

Мәлімдеме: Ал соңғы 5 жылда тәркіленген синтетиканың саны 100 есеге өскен.

Дәулет Тұрлыханов

Үкім: Шындық

ІІМ министрінің айтуынша (1, 2), 2019 жылы — 10 кг, 2020 жылы — 50 кг, 2021 жылы — 100 кг, 2022 жылы — 582 кг, ал 2023 жылы — 1 тонна 110 кг синтетикалық есірткі тәркіленген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 100 есе көп.

Бұдан бөлек, заңсыз айналымнан 3,6 тоннадан аса есірткі мен психотроптық заттар; 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты; 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасауға пайдаланылатын химиялық реагенттер алынған.

БҰҰ дерегінше, 2023 жылы дүние жүзінде есірткі жасау үшін пайдаланылған 800 тонна химиялық зат тәркіленген.

Мәлімдеме: Былтыр қара нарықтан тәркіленіп алынған есірткінің құны 20 млрд теңгеден асады.

Дәулет Тұрлыханов

Үкім: Шындық

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратына сай, 2023 жылы ҰҚК тәркілеген есірткінің «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден астам болып бағаланды. Ал көлемі шамамен 17 млн бір реттік дозаны құраған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz