Апталық шолу: Блокпосттар жайлы фейк, Jas Otan’ның жабық съезі, АҚШ Қазақстандағы тәуелсіз ұйымдардың бұлыңғыр болашағы

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратты тексерді. Сонымен бірге, әлеуметтік желіде тараған ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтады.

Қазақстанның ірі қалаларына блок бекеттер қойылатыны рас па?

Мессенжерлер мен әлуметтік желілер арқылы Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары мен тағы бірнеше облыстар 14 желтоқсаннан бастап карантинге жабылатыны, көлік қатынасы баяулайтыны және санитарлық блок бекеттер орнатылатыны туралы ақпарат тарап жатыр. Factcheck.kz журналисі Думан Терликбай мұның рас-өтірігін анықтады.

Апталық шолу: Блокпосттар жайлы фейк, Jas Otan’ның жабық съезі, АҚШ Қазақстандағы тәуелсіз ұйымдардың бұлыңғыр болашағы
Желіде тараған ақпарат

Ақпаратты премьер-министрдің баспасөз қызметі жоққа шығарды.

Бұл хабар шындыққа жанаспайды және ақпарат өтірік. Қазақстанның қалалары мен облыстарына 14 желтоқсаннан бастап карантин шектеулерін енгізу жоспарланбаған. Біз Қазақстандықтарды шынайы ақпаратқа сенуге шақырамыз.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Оның үстіне, бұл суреттің шындыққа келмейтін бірнеше тұсы бар. Ал үкімі манипуляция.

Біріншіден, ел арасында тараған сурет тым жұпыны екенін көреміз. Әріптердің қисықтығы мен ресми тіл нормаларының сақталмауы ақпараттың шын екеніне күмән тудырады.

Екіншіден, мәтін соңында А. Маминнің аты-жөні мен мөр тұрғанын байқауға болады. Алайда тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте COVID-19-дың таралуына жол бермеу үшін “Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидаларын” бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер бекітеді.

Үшіншіден, мәтінде аталған қалалардың “қызыл түсте екенін” жазған. Алайда 10 желтоқсандағы дерек бойынша, “қызыл” аймақта Нұр- Сұлтан қаласы мен Павлодар облысы ғана орналасқан.

АҚШ Қазақстандағы тәуелсіз бақылаушыларға енгізілген шектеулерге алаңдайтынын хабарлады

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі елде тәуелсіз бақылаушыларға енгізілген шектеулерге алаңдайтынын білдірді. Бұл туралы АҚШ елшілігінің туиттер парақшасында хабарланды.

АҚШ азаматтық қоғам мен тәуелсіз бақылаушыларға 10 қаңтарда өтетін сайлау бақылауын қиындататын шектеулерге байланысты алаңдайды. Сайлау барысына еш кедергісіз қол жеткізу ЕҚЫҰ міндеттемелерінің негізгі аспектісі.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі

4 желтоқсанда Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы жаңа қаулы қабылдап, сайлау барысында тәуелсіз бақылау мүмкіндігін едәуір қысқартты. Атап айтқанда, сайлауға өз бақылаушыларын жарғыда көрсетілген үкіметтік емес ұйымдар ғана жібере алады.

Учаскелерден онлайн-трансляцияға тыйым салынды, ал фото мен видеоға азаматтардың келісімімен ғана түсіруге рұқсат етіледі.

СҚО-дан 10-мыңға жуық адам көшіп кеткені рас па?

Депутат Айгүл Қапбарова сенат отырысында Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне көшіп жатқандар туралы мәселе көтеріп, бірқатар деректер келтірді. Factcheck.kz депутат айтқан деректері жартылай шындық екенін анықтады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс тұрғындарының саны [СҚО облысы – ред.] 3 мыңнан астам адамға кеміген.

Депутат Айгүл Қапбарова

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының тұрғын саны 3 966 адамға кеміген. Облыста жыл басында халық саны 548 755 адам болса, 1 қарашасына 545 056 адам қалған.

“Жас Отан” съезі жабық өтті. Мемлекеттік күзет Азаттыққа ғимарат маңын түсірткізбеді

11 желтоқсан күні таңертең Нұр-Сұлтан қаласындағы “Нұр Отан” ғимаратында партияның жастарға арналған “Жас отан” съезі басталды. Оған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады деп хабарланған еді. Бұл туралы “Азаттық радиосы” жазды.

11 желтоқсанда таңертең “Нұр Отан” ғимаратының алдында мемлекеттік күзет қызметкерлері, полиция, арнайы жасақ өкілдері жүрді. Мемлекеттік күзет өкілдері ғимарат маңын түсірейін деп жатқан Азаттық тілшілеріне “камераға түсірсеңіздер әкімшілік жазаға тартамыз” деп, ғимарат маңынан жүргізбеді. Әрі-бері өтіп жатқан адамдарға да бұл жақты “айналып өту қажеттігін” айтты.

“Нұр Отан” ғимаратының үстінде екі адам бинокльмен маңайды бақылап тұрды. “Нұр Отан” партиясының баспасөз қызметі жиынға ақпарат құралдарын не себепті кіргізбегенін түсіндірмеді. Жиыннан тікелей трансляция болмайтынын, түстен кейін видео тарататынын айтты. Бірінші президент кеңсесінің баспасөз қызметі де жауап бермеді.

Басқа қандай материал жарияладық

  • Mastercard және Visa қолданушыларына порносайтқа төлем жасау тоқтатылды
  • “Қазақстанның коммерциялық емес ұйымдарына салық органдарының қысымы” атты онлайн-дискуссия өтті
  • Арыстандар құтқарған эфиопиялық қыз | Оқиға ойдан құралған ба?
  • Apple компаниясы iPhone 11-де ақау бар екенін мойындады
  • Бірнеше белсенді “әділетсіз сайлауға қарсы” бірігуге шақырды. Олар сайлау қарсаңында “Азаматтық балама” атты платформа құрғанын мәлімдеді.
  • Туиттер қолданушылары 2020 жылы америкалық актер Чадвик Боузманның қайтыс болғаны туралы жаңалықпен көп бөліскен. Бұл туралы әлеуметтік желінің блогында хабарланды.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz