9.12 | Үндістанда тараған фейк, туиттердегі ең танымал пост, Алматыда жаңа жылдық кештер өткізуге тыйым салынды

Ресейдегі фейк видео Үндістанда таралды

Үндістан тұрғындары “коронавирустан қайтыс болған адамдардың ағзаларымен саудаласып жатқанын” көрсететін видеоны бөлісіп жатыр. Бұл туралы “Злой фактчекер” Telegram каналы хабарлап, ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Видеода қазан айында Барнаул ауруханасындағы мәйіттер мен үзінділер көрсетілген. Фактчекерлер «Двач» анонимді форумнан Үндістан аудиториясына жеткенін анықтаған. Материалды тексерген сәтте форумнан видео жойылған.

БАҚ-та жарияланға деректерге сәйкес, Алтай дәрігерлері ағзалармен сауда жасамаған. Мәйітханада орын болмаған соң мәйіт еденде сақталып, ал туыстары денелерін тез арада алып кете алмаған.

Туиттер 2020 жылдың ең танымал постын атады

Туиттер қолданушылары 2020 жылы америкалық актер Чадвик Боузманның қайтыс болғаны туралы жаңалықпен көп бөліскен. Бұл туралы әлеуметтік желінің блогында хабарланды.

9.12 | Үндістанда тараған фейк, туиттердегі ең танымал пост, Алматыда жаңа жылдық кештер өткізуге тыйым салынды
Чадвик Боузман. Қара пантера фильмінен үзінді

Қара пантера рөлімен танымал болған Боузман тамыз айының соңында қатерлі ісік салдарынан қайтыс болды. Ол 43 жаста еді.

Келесі күні оның қайтыс болғаны туралы пост әлеуметтік желі тарихындағы ең танымал атанып, 5,7 миллионнан астам лайк жинаған еді. Ал 9 желтоқсандағы ақпаратқа сай, 7,5 млн лайк басылған.

Алматыда жаңа жылдық кештер мен отырыстар өткізуге тыйым салынды

Коронавирус бойынша “сары аймақта” тұрған Алматы қаласында жаңа жылдық кештер мен отырыстар өткізуге тыйым салынды. 9 желтоқсанда ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осылай деді. Бұл туралы “Азаттық радиосы” хабарлады.

9.12 | Үндістанда тараған фейк, туиттердегі ең танымал пост, Алматыда жаңа жылдық кештер өткізуге тыйым салынды
Жаңа жыл мерекесіне орай безендірілген сауда орталықтарының алдынан өтіп бара жатқан әйел. 9 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Азаттық радиосы

Оның сөзіне қарағанда, жаңа жыл қарсаңында және жаңа жыл түні көп адам жиналатын мерекелік шара ұйымдастыруға болмайды. Даладағы шыршалар маңында да қандай да бір шара өткізуге рұқсат етілмеген. Бұған қоса, үйлену тойлары, банкет, мерейтой, еске алу кештерін өткізуге болмайтыны жайлы қаулы да күшінде.

Бекшиннің айтуынша, жаңа жыл түні дәмхана, мейрамханалардың жұмысы шектеледі. Соңғы қаулы бойынша, оларға залдарды 50 пайыздан артық толтыруына тыйым салынған.

Жаңа жыл қарсаңында ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақыты қысқарады. Бірақ қалалық бас санитар дәрігердің айтуынша, билік жаңа жыл алдындағы әбігерлікті ескеріп, қаладағы ойын-сауық орталықтарын 24 сағат бойы ашық қылу мәселесін қарастырып жатыр. Мамандар бұл аталған орындарда бір мезгілде көп адамның жиналуына мүмкіндік бермейді деп санайды. Дегенмен бұған қатысты түпкілікті шешім шықпаған.

Бекшиннің айтуынша, жағдайы нашар отбасыларға жаңа жылдық сыйлықтар курьерлер арқылы таратылады. Тарату кезінде де санитария талаптары сақталады деп отыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz