Фактчек | Депутат оқушылар мен білім сапасы туралы

14 сәуірде өткен Сенаттың жалпы отырысында сөз алған сенатор Мұрат Бақтиярұлы қазақстандық оқушылардың біліміне қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзі қаншалықты шындыққа келетінін тексерді.

Upd 27.04.2022: Екінші мәлімдеменің үкімі “жалғаннан” “шындық және жалған” болып өзгертілді.

Депутат сөзі (тайм-код: 38:12)

Мәлімдеме: Енді Әлемдік банктің есебі бойынша, қазақстандық оқушылардың 3%-ы ғана қазіргі халықаралық талаптар бойынша сапалы деуге болатын білім алып жатыр.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Дәлелденбеген

Депутаттың нақты қай есепті меңзегені белгісіз, алайда ашық деректерден мұндай ақпарат табылмады. Бірақ қазақстандық мектеп оқушыларының көрсеткіші расымен нашар деңгейде. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто сөзінше, пандемия басталғанға дейін Қазақстандағы 10 оқушының 6-ы, банктің өз дерегіне сай, шамамен 3 оқушының екеуі функционалды сауатсыз болған. Дүниежүзілік банк пандемиядағы карантин шараларының кесірінен бұл көрсеткіш осы деңгейден де нашарлауы мүмкін екенін жазған.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2018 жылы жариялаған PISA көрсеткішінің нәтижесіне сай, қазақстандық оқушылар ұйымның орташа көрсеткішінен айтарлықтай төмен балл алған. Мысалы, 2018 жылғы PISA-ның басымдық берген бағыты — оқу сауаттылығы бойынша қазақстандық оқушылар 387 балл алған, ал ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш 487 балл болған.

Еліміздегі оқушылардың тек 36%-і оқу сауаттылығының екінші деңгейіне жетті, ЭЫДҰ-да мұның орташа көрсеткіші 77%. Математиканың екінші деңгейіне қазақстандық оқушылардың 51%-і жеткен, ал ЭЫДҰ-дағы орташа көрсеткіш 76%.

Математиканың 5-деңгейіне және одан жоғарысына тек 2% қазақстандық оқушы жете алған, ал ЭЫДҰ-дағы орташа көрсеткіш – 11%.

* PISA — 15 жастағы жасөспірімдердің математика, оқу сауаттылығы және жаратылыстану ғылымдары бойынша дағдысы сыналатын, оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама.

Мәлімдеме: Ал елімізде 3,5 млн оқушы бар, соның шамамен 90 мыңы ғана шын мәнінде толық күн оқытылатын 1 ауысымдық мектептерде білім алуда. Қалғандары 2 не 3 ауысымды мектептерде, яғни олар мүмкіндіктері шеутелі білім жүйесінде оқып жүр.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Шындық және жалған

Несі рас: Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, елімізде 2020-2021 оқу жылында орта мектептерде барлығы 3 481 347 оқушы білім алғаны рас.

Неге жалған: Өткен оқу жылындағы көрсеткіш бойынша 1 ауысымды мектепте оқып жатқан оқушы саны депутат айтқандай 90 мың емес, 334 280 адам. Қазақстанда тек бір ауысымда ғана білім беретін 2 138 мектеп бар.

Еліміздегі оқушылардың көбі (2 869 459 адам) екі ауысымды мектепте оқиды. Мұндай мектеп саны — 5138. 2021 жылы үш ауысымды 160 мектеп болған және ол жерде 277 608 оқушы оқыған.

Контекст

Депутат бұдан бөлек, «US News & World Report» сарапшылары 2021 жылғы білім беру саласындағы үздік елдер рейтингін әзірледі. Қазақстан 78 мемлекеттің ішінде 71-орынға ие болды. Рейтингке қатысатын ТМД елдерінің ішінде Қазақстан тек Өзбекстанды басып озды” деген мәлімдеме жасаған. Factcheck.kz бұған қатысты материал дайындаған болатын және мұндай рейтиң білім деңгейін емес, азаматтардың осы мемлекеттерде оқуға қол жетімділігі мен білім алу мүмкіндігін бағалайтынын жазған. Шынымен, рейтиңге кірген ТМД елдері ішінде Қазақстан Өзбекстаннан ғана бір саты жоғары орналасқан.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz