Фейк | “Kaspi шотындағы ақшаны дереу шешіп алу керек”

Кейінгі бірнеше күні “Kaspi шотындағы ақшаны тез арада шешіп алу керек, алдағы уақытта проблемалар болады” деген сарында ақпарат тарап жүр. Әсіресе WhatsApp-та жылдам тарап, чаттарда өзгеріске ұшырап, қауесетке айналып кетті. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz таралған мәліметтің рас-өтірігін тексеріп көрді.

Қазақстандықтар, шоттарыңызда ақша болса шешіп алу жағын ойлаңыздар. Әйелім дүкенде істейді, оларға да Kaspi-гі шоттарынан ақшасын шешіп, қолма-қол ұстап жүру керек екенін айтқан. Себебі алдағы уақытта проблема болатын сияқты.

WhatsApp-таралма

Үкім: Фейк

Біріншіден, Kaspi.kz ақпараттың шындықа жанаспайтынын хабарлады. Банк жұмысында еш қиындықтың жоқтығын айтып, клиенттердің сенімі үшін алғысын білдірді. Екіншіден, Kaspi.kz жайлы фейк жиі тарайды және олардың ешбірі шынайы ахуалды сипаттамайды.

Kaspi.kz жыл сайынғы қаржылық есебін жариялап, оқырманға ақпаратты ашық ұсынады. Есептен банк құрылымы мен қызметіне, табысына қатысты бар ақпаратты алуға болады.

Контекст

Жалпы Kaspi банк жайында жылына бірнеше фейк тарайды. Мысалы 2022 жылдың желтоқсанында банк мобильді қосымшасына алаяқтар мен хакерлердің кіріп кеткені жайында ақпарат тараған-ды. Дәл сол жылдың басында Kaspi-ге салған ақшаның жоғалып кететіні жайында да фейк ақпарат тарады. Сондай-ақ банктың жабылатыны туралы ақпарат пен кибершабуылғаны ұшырағаны туралы түсініксіз мәтіндер WhatsApp-та тарады. Сонымен қатар, банк осындай алаяқтықпен әрі жалған ақпаратпен күресу үшін ресми парақшаларына алаяқтық схемасын жариялап, оларды әшкерелеуге шақырады.

Фейк | "Kaspi шотындағы ақшаны дереу шешіп алу керек"

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz