Ломтадзе Kaspi банктің жабылатыны туралы ақпаратты терістеді

WhatsApp мессенджерінде Kaspi.kz әлемдегі саяси жағдайға байланысты жұмысын тоқтатқаны туралы хабарлама тарады. Бұған қоса клиенттер несие ала алмайтыны айтылған.

Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе YouTube желісінде арнайы мәлімдеме жасады. Ломтадзе банк Қазақстан нарығынан кететіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Kaspi банкрот болғаны туралы ақпаратқа қатысты айтқым келеді. Бұл сандырақ әңгіме. Мен 2007 жылдан бері Kaspi басшылығындамын, шамамен 15 жыл болды. Атқарып жатқан жұмысымызға және жетістігімізге толықтай жауапкершілік аламын. Біз ел үшін біраз еңбек еттік. Бізді клиенттер жақсы көреді. Әрине, бізді қызғанатындар және жаман адамдар фейк тарау үшін әдейі ақша төлеп, арандату жасайды. Біз ешқашан тұтынушыларымыздың көңілін қалдырмадық және қалдырмаймыз. Барлықтарыңызға бізге сенім артқандарыңыз үшін рахмет.

Михаил Ломтадзе

Қазіргі уақытта банк қосымшасында несие алуға немесе бөліп төлеуге өтініш беру функциясы қолжетімді. Бұдан бөлек холдингтің ресми сайтында және әлеуметтік желісінде несие беруді тоқтатылғаны жайлы ақпарат жоқ.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.