Когнитивті бұрмалау деген не және оның алдын алуға бола ма?

Белгілі бір деңгейде Амос Тверски мен Дэниэл Канеман деген психологтардың арқасында когнитивті психологияның біршама бұрмалануы зерттелген. Бұл – индивидте қоршаған ортада болып жатқандардың себеп-салдарлық байланысы туралы қате пікір қалыптастыруға әсер ететін ақпаратты қабылдаудағы және өңдеудегі қателер. Когнитивті бұрмалаулар стереотиптер мен ескі нанымдардың пайда болуына, астрология мен хиромантия жетістігіне, қоғамдағы дискриминацияғақастандық теориясына деген сенімге және әділетсіз сот шешімдеріне себеп болып жатады. Бұдан бөлек, олар инвестициялық компаниялардың жұмысына әсер етіп, алаяқтық схемаларда да пайдаланылуы мүмкін.

Когнитивті бұрмалаулар әлемді қабылдау ерекшелігінің бір бөлігі саналады және ол үнемі болады. Адамдар, әсіресе, ойлау жүйесінің осындай қақпаны туралы білмейтіндер өздері байқамай конгитивті бұрмалау ықпалындағы пікірлерге сенуі мүмкін. 

Когнитивті бұрмалау және логикалық қате  

Алдымен, ойлау процессінде кездесетін екі қатені анықтап алайық: когнитивті бұрмалау/теріс түсінік (ағылшынша — cognitive bias) және логикалық қате/қақпан  (ағылшынша — logical fallacy). Олар бір-біріне ұқсас көрінуі мүмкін, бірақ жалпы алғанда әртүрлі. 

Логикалық қате — логикалық аргумент элементтерінің біріндегі қате болса, когнитивті бұрмалау— шындық туралы жалған пікірге алып келетін ақпаратты қабылдаудағы және өңдеудегі қате. 

Когнитивті қатенің жағдайға байланысты әртүрлі өзгермелі себебі болуы мүмкін (ғылыми әдебиет әртүрлі себеп келтіреді): мидың ақпаратты терең анализдеуге тиісті ресурс жұмсағысы келмеуі, ақпарат өңдеу кезіндегі кедергілер, когнитивті қабілеттердің жеткіліксіз күші, әлеуметтік ұстанымдардың ықпалы және басқа да психологиялық сипаттағы себептер. Адамның бәрі когнитивті бұрмалауға бейім келеді және қабылдаудың теріс түсінігінің алдын алу қиын екенін де айта кеткен жөн. Десе де, когнитивті бұрмалаулардың ойлау процесстеріне ықпалын барынша азайтуға болады.

Psychological Science журналында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, авторлар когнитивті бұрмалауларды түсіну іс жүзінде ойлану процесі кезінде олардың ықпалына қарсы тұруға айтарлықтай көмектесетінін анықтаған. Бұл түйінді ескере отырып, когнитивті бұрмалаулардың ең кең тараған түрлерімен танысуды ұсынамыз. Бір ескерері, автор мен дереккөздерге байланысты бұрмалау атаулары әртүрлі болуы мүмкін. 

Өз пікірін дәлелдеуге бейімділік (ағылшынша — confirmation bias) — адамның өзінің көзқарастары мен қалыптасқан ұстанымдарына сай ақпарат пен дәлелдерге басымдық беріп, оған қарсы пікірді елемеу тенденциясы. Мысал ретінде Жердің жалпақ екеніне сенетін адам, өз пікірін дәлелдей түсу үшін тек қана соны нығайта түсетін ақпараттарға қызығатынын айтуға болады. Бұл әрекет моделі құбылысты қате интерпретациялауға деген сенімді күшейтіп, жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Өзінде бар деректердің әртүрлі нұсқасын негізге алудың орнына, о бастағы болжамды дәлелдей түсетін деректерді таңдай бастайтын ғалымды елестетіп көріңіз. 

Бірақ бұл теріс пікірдің кең тараған басқа нұсқасы бар: мысалы, тиімділігінен үміттеніп, ұйқысыздыққа қарсы дәрі секілді белгілі бір затты сатып алғалы тұрсыз делік (әсіресе, X препараты Y препаратына қарағанда гипоаллергенді және арзанырақ болса). Сол кезде тұтынушылардың пікірін қарап отырып, Х препаратының кемшіліктері туралы жазбаларды елемей, Ү препаратының кемшіліктерін оқып жатқаныңызды байқауыңыз мүмкін. Мұндай әрекетті (тек өнім таңдауға ғана емес) жиі байқауға болады. 

Өзіңнің ұстанымыңа сай келетін нәрсені ғана назарға алатын қабылдаудың пікірлерді бұрмалауға және әлемді тоннельді көруге әкелетінін болжау қиын емес. 

Апофения (ағылшынша — apophenia) — кездейсоқ, өзара байланысты емес құбылыстардың байланысы бар деп білу тенденциясы. Бұл эффект өте жалпылама болатынын және когнитивті бұрмалаудың әртүрлі нұсқаларын қамтитынын атап өту керек. Жалпы, кездейсоқ жағдайларда байланыс, паттерн не мән табу эффектісін апофения деп атайды, басқаша айтсақ, бұл  — жоқ жерден байланыс табу. Мысалы, апофенияның бір түрі парейдолия деп аталады. Бұл —кездейсоқ визуал ақпараттан белгілі бір заттың немесе құбылыстың контурын тану, мысалы, тастан, құмнан, Айдың бетіндегі кездейсоқ тастан адамның бет-әлпетін байқау және т.б.

Когнитивті бұрмалау деген не және оның алдын алуға бола ма?
Марс бетіндегі табиғи түзілім, көбісі суреттен адам бет-әлпетін көреді (NASA суреті, 1976)

Бұдан бөлек, қастандық теориясының, наным-сенімнің және стереотиптердің пайда болуы апофениядан тууы мүмкін. Мұндай когнитивті бұрмалау иллюзорлы корреляция (ағылшын — illusory correlation) деп аталады. Бұл — шын мәнінде арасында байланыс болмаса да, айналмалылар (құбылыс, оқиға, адамдар, әрекеттер) арасында байланыс табуға негізделген бұрмалау. Мысал ретінде мына жағдайды айтуға болады: адам жаңа футболка киіп, тура сол күні лотерея ұтып алды — бұл жағдай жаңа киім сәттілік әкеледі деген иллюзияға әкелуі мүмкін. 

Зәкір арқылы бұрмалау (ағылшынша — anchoring bias) — адамның назары объект туралы алғашқы деректерде болып, жаңа ақпарат қабылдаған кезде оны сол зәкір, яғни, ақпараттың алғашқы бөлшегі арқылы (белгілі бір тақырыптағы алғашқы мақала, тізбектегі бірінші сан, әрекеттердің алдын ала дайындалған жоспары, алғашқы әсер және т.б.) түсіндіретін когнитивті бұрмалау түрі. Мысалы, кітапты интернет дүкен арқылы алғалы тұрсыз делік және бірінші дүкенде сатып алғыңыз келген кітаптың 2 000 тг екенін байқайсыз. Кітапты басқа дүкендерден іздеген жағдайда одан кейінгі бағалар алғашқы зәкір арқылы, яғни, бірінші байқаған баға арқылы бағалануы мүмкін. Зәкірге байланысты когнитивті бұрмалаудың басқа мысалдары: әртүрлі дереккөзден алынған ақпаратты салыстырудың орнына, бір дереккөзден алған ақпаратты салыстыру және талдау, жаңа деректермен бетпе-бет келгенде пікірдің жеткілікті өзгермеуі, құралдарды дәстүрлі жолмен ғана пайдалану немесе ескі құралдарды ғана жөн көріп, жаңасын байқап көруді қаламау. Сот процесінде прокурор сұраған алғашқы жаза судьяның шешім қабылдауына зәкір болатынын дәлелдейтін зерттеу бар. 

Эгоцентризмнің бұрмалануы (ағылшынша — egocentric bias) — адам өзінің әлем туралы пікірін жөн көріп, өз мүмкіндіктерін асыра бағалайтын когнитивті бұрмалаудың кең тараған түрі. Жекелей бұрмалауларға мысалдар: басқаларға қатысты сыңаржақ көрмеу тенденциясы, басқалардың өз пікіріне қосылуын асыра бағалау, өзінің жанашырлық, рационалдылық, басқалармен салыстырғанда есте сақтау қабілетін асыра бағалау, ерік-жігерін жоғары бағалау. Адамдар өзі туралы сыртқы сипаттамаларын (астрологиядағы сипаттамалар, Майерс-Бриггс тесті секілді психологиялық тестілер) асыра бағалайтын Барнум эффектісін де айта кету керек. Клиенттің жеке өмірі туралы айтатын не болжам жасайтын астрологтар, хироманттар мен иллюзионистер осы эффектіге жүгінеді. 

Эгоцентризмнің бұрмалану түрлерінің бірі — Даннинг-Крюггер эффектісі. Бұл — әуесқойлар өз қабілетін асыра бағалап, кәсіби мамандар жете бағаламайтын жағдай. 

Когнитивті бұрмалау деген не және оның алдын алуға бола ма?
Данниң-Крюгер эффектісі (Сурет:Kenneth Lim, орысша локализация авторы белгісіз)

Атрибутты бұрмалау (ағылшынша — attribution bias) — айналадағы адамдар әрекетінің себептерін анықтауға тырысу кезінде пайда болатын когнитивті бұрмалау. Оның мәні айналадағы адамдардың әрекет моделін белгілі бір ішкі себептермен қате түсіндіруде жатыр. Басқаша айтсақ, индивидтің белгілі бір жағдайдағы нашар әрекетін жеке сипаттарынан көріп (жаман мінез, психологиялық проблемалар және т.б.), адамды сол әрекетке баруға итермелеген жағдайды елемеу. Кері мысал да келтіруге болады: өзіміз дұрыс әрекет етпеген кезде, оның себебін жеке қасиеттерімізді елеместен сыртқы жағдайлардан көруіміз мүмкін.

Атрибутты бұрмалаудың жарқын мысалы белгілі бір топ мүшесі дұрыс әрекет етпейді, яғни, сол топтағы адамдардың бәрі сондай теріс сипаттағы адамдар деп ойлау. Мысалы, екі футбол клубы фанаттары арасындағы төбелес «футбол фанаттары агрессив» деген қорытындыға әкелуі мүмкін. Кері мысал — топтағы көп адамның пікірі оның мүшелерінің бәріне тән деп болжау. 

Қолжетімділік бұрмалауы я қолжетімділік эвристикасы (ағылшынша — availability bias) — деректерді кейінгі есте қалғандарына байланысты қолдануға не сенуге негізделген бұрмалау. Осылайша белгілі бір құбылысты қарастырғанда сана ескі немесе таныс емес деректерді елемей, жуырда қабылданған ақпаратты негізге алғанды жөн көреді. Мысалы, адамдар белгілі бір оқиғалардың болу мүмкіндігі туралы жаңалықтар мен әлеуметтік желідегі жарияланымдарға қарап қарастырады, сондықтан адамдар акула шабуылына қарағанда ұшақтың құлаған детальдарынан көбірек қаза табады деген ой қалыптасуы мүмкін, бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Белгілі бір оқиғаларды көтеріп, басқаларын елемейтін жаңалықтар осындай бұрмалауларға әкелуі мүмкін. 

Когнитивті бұрмалау деген не және оның алдын алуға бола ма?
Сурет:Emily Roberts, verywellmind.com, аудармасы: sceptic.com.ru

Атап өтуге тұрарлық басқа когнитивті бұрмалаулар 

Жиілік бұрмалауы (frequency bias) — адам бірінші рет естіген құбылыс үнемі назарға ілініп, бұл құбылыс жиі кездеседі деген ой қалыптасатын жағдай. Бұрмалау — сананың бұл құбылысқа баса назар аудару салдары саналады және жиілік иллюзиясын туғызады. Белгілі бір түсті және маркалы көлікті көрген соң, сондай да нұсқа бар екеніне көз жеткізіп, соны жиі байқай бастағаныңызды мысал ретінде айтуға болады.

Ықтималдық бұрмалауы (neglect of probability) — толық ақпарат болмаған кезде шешім қабылдау барысында ықтималдық заңын елемеуге негізделген когнитивті бұрмалау. Мысалы, елеусіз ықтималдығы бар қатерлер не толық еленбей қалады, не асыра бағаланады. 

Нөлдік қауіпті артық көру (zero-risk bias) — адам болар-болмас қауіпті қабылдаудың орнына қатерден толық бас тартуды жөн көретін бұрмалау. Нәтижесінде адам болар-болмас қауіпті қабылдап, ресурс сақтаудың орнына ресурстан негізсіз айырылады. 

Субъективті эмпатия (compassion fade) — көмекті қажет ететін адам саны артқан сайын адами жанашырлық азая беретін тенденция. Мысал ретінде бір не екі адам құрбан болған оқиғаға ондаған немесе жүздеген адам қаза тапқан жағдайдан гөрі ерекше әсерленуді айтуға болады.

Бұрынғы күнмен білу (hindsight bias) — өткен құбылыстардың болжалдылығын асыра бағалау. Бұл бұрмалаудың мәнін «бұрынғы ақыл мықтырақ» деген фразеологизммен түсіндіруге болады. Бұрмалау проблемасы осы эффект ықпалына түскен адамдар өзінің болашақты болжау қабілетін жоғары бағалай бастайтынында жатыр.

Пропорционалдылық бұрмалауы (proportionality bias) — үлкен оқиғалар үлкен себептердің нәтижесі болды деп ойлауға бейімділік. Бұл бұрмалау қастандық теориясының танымал болу себептерінің бірі саналады.

Міндеттер эскалациясы (escalation of commitment) — белгілі бір деструктив әрекетті пайдасы жоқ не белгілі бір шығын келуі мүмкін болса да жалғастыра беру. Инвестицияланған қаржысын ақтап алу үшін шығынға қарамастан сол жобаға инвестиция салуды жалғастыра беретін инвесторды мысалға келтіруге болады немесе ортасына келгенде фильмнің екі сағатыңызға татымайтынын түсініп, жартысын көріп шыққандықтан істі соңына дейін жеткізу шешімін есіңізге түсіріп көріңіз.

Сенім үшін бұрмалау (belief bias) — аргумент туралы дау кезінде оны дәлелдейтін ұғымға емес, түйіннің қаншалық шындыққа сай көрінетініне қарап бағалау. 

Не істей аламыз?

Когнитивті бұрмалаудан толық арылу мүмкін емес, бірақ оның ықпалын азайтып көруге болады. Когнитивті бұрмалаулар мен олардың қызметтері туралы білгеннен бөлек, когнитивті бұрмалаулар жиілігін төмендету үшін ойлану немесе маңызды шешім қабылдау кезінде өзіңе жиі әрі дұрыс сұрақ қою керек. Келесі сұрақтар когнитивті бұрмалауларға фильтр бола алады:

  • Білетінімді қайдан білемін?
  • Бұл ақпаратқа сенуге бола ма?
  • Бұл пікірде сыңаржақпын ба?
  • Шындықты қалай көргім келеді және бұл менің қабылдауымды қалай тарылтады?
  • Бұл пікірдің шынайылығын қалай тексере аламын?

Бұл әдіс когнитивті бұрмалаудан толық қорғануға кепіл бола алмайды, бірақ өз пікіріңде сыңаржақтықтың бар-жоғын тексерудің қарапайым құралы саналады. 

Когнитивті психологиядағы зерттеулер арқасында когнитивті бұрмалаулар тізімі үнемі толықтырылып отыратынын айта кету керек. Бастысы  — өз ойыңа күмәнмен қарап, сыни анализ жасай білу. 

Материалды Оnline Factcheck Academy курсының түлегі Әли Мұхамбетов дайындады

Оқи отырыңыз

Factcheck.kz