Сатиралық Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы 9 сәуірде өтеді. Бұл туралы оның адвокаты Жанара Балғабаева «Азаттық Азия» басылымына хабарлады.
Сот ісі бұған дейін Наурызбай аудандық сотына ауыстырылған. Енді істі судья Бейнегүл Қайсина қарайды. Отырыс офлайн форматта өтеді.
Темірлан Еңсебектің соты бұған дейін бірнеше рет кейінге шегерілген. Алғашында тыңдау 14 ақпанда өтуі тиіс еді, кейін 21 ақпанға, одан соң тағы белгісіз мерзімге шегерілді. 27 ақпанда Алматының Алмалы аудандық сотында негізгі сот отырысы басталғанымен, прокурор Айнаш Жуаспаева сотты Наурызбай ауданында өткізуді сұрады.
Прокурордың айтуынша, Еңсебек «қылмысты» Наурызбай ауданында жасаған. Алайда адвокат бұл уәжбен келіспейтінін білдіріп, даулы посттың дәл осы ауданда жарияланғаны анықталмағанын айтты. Дегенмен сот прокурордың өтінішін қанағаттандырды.
Контекст
18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебектің жариялаған материалында «ұлтаралық алауыздықты қоздырудың айқын белгілері бар» және «бүтін бір этникалық топтың ар-намысына тиетін» сөздер бар деп мәлімдеген. Бұл материал 2024 жылғы 21 қаңтарда жарияланған постқа қатысты, онда ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстандағы орыс тіліне қатысты даулы мәлімдемесі сыналған. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Журналистерді қорғау комитеті де Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. 13 ақпанда халықаралық Amnesty International ұйымы да оның босатылуын талап етті.
Басты беттегі сурет Qaznews24 парақшасынан алынған.