“Соғыстың да ережесі бар”: БҰҰ Газа секторында гуманитар құқықты сақтауға шақырды

Біріккен Ұлттар Ұйымы Палестина-Израиль қақтығысының шиеленіскеніне байланысты әлем басшыларын антисемитизмге, антимұсылман фанатизмге және кез келген өшпенділік тіліне қарсы шығуға шақырды.

БҰҰ-дың мәліметі бойынша, 7 қазанда ХАМАС қозғалысының Израильге жасаған шабуылынан соң, 1200-ге жуық адам қаза тапқан, мыңдаған адам жаралаған. Ал жауап ретінде Газа секторына жасалған атқылаудан 1800 адам қаза тапты, мыңдаған тұрғын жарақат алды.

БҰҰ-дың бас хатшысы Антониу Гутерриштің айтуынша, Газаның Денсаулық сақтау жүйесі күйреу алдында тұр: мәйітханалар толы, 11 медицина қызметкері қызметі кезінде қаза тапты, кейінгі бірнеше күнде медицина мекемелеріне 34 шабуыл жасалды.

Біз қайтыс болып жатқандардың саны күн сайын өсіп жатқанына қан жұтып отырмыз. Мен батыс жағалауда және аймақтың басқа бөліктерінде, әсіресе Ливанның оңтүстігіндегі азапты жеңілдету үшін және қауіптің алдын алу үшін аймақ елдерінің көшбасшыларымен үнемі байланыстамын.

Антониу Гутерриш, БҰҰ-дың бас хатшысы

Оның сөзінше, Біріккен Ұлттар Ұйымына Газа секторына гуманитар көмек беруге бар мүмкіндік жасалуы қажет. Сонда ғана олар мұқтаж адамдарға отын, азық-түлік және су жеткізе алады.

Соғыстың да ережесі бар. Адамның халықаралық гуманитар құқығы мен жалпы адам құқығы құрметтелуі, сақталуы керек. Бейбіт тұрғын қорғалуға тиіс. Оларды “тірі қалқан” ретінде қолдануға болмайды. Газадағы барлық тұтқындар дереу босатылуы керек.

Антониу Гутерриш, БҰҰ-дың бас хатшысы
Factcheck.kz