“НеМолчи.Kz” қорының басшысы Динара Смаиловаға іздеу жарияланды

Қазақстанда “НеМолчи.Kz” қорының басшысы Динара Смаиловаға іздеу жарияланды. Бұл ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органының сайтына шықты.

Іздестіру ісі 2023 жылғы 27 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Динара Смаилованы Өскемен қаласындағы полиция департаменті іздеп жатыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Динара Смаилованың үстінен “Жалған ақпарат тарату” және “Алаяқтық” бабы бойынша жалпы алты қылмыстық іс қозғалып жатыр.

Смайылованың көптеген жарияланымы шындыққа жанаспайды, себебі олар тергеу арқылы расталмаған. Оның жалған хабарларымен құқығы бұзылған азаматтар шағым түсірді. Тергеу мен жүргізілген сот сараптамалары көрсеткендей, “НеМолчиKZ” қорының басшысы тек өзінің субъектив пікіріне сүйеніп, айыптау жазбаларын жариялаған.

Самат Аисов, ІІМ тергеу департаментінің бастығының орынбасары

Ведомство “Динара Смаилованы отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жалған ақпарат таратты және ақша жинады” деп, бірнеше оқиғаны мысалға келтірген.

Алайда қор өкілдері министрліктің хабарламасы жалған екенін, Динара Смаилованың кінәлі емес екенін растау үшін дәлелдерді жинап, ағылшын тіліне аударып жатқанын мәлімдеді. Оған қоса “НеМолчи.Kz” басшысының жақтастары оған халықаралық адвокат керек екенін айтты.

Factcheck.kz