Қырғызстанда қамалған 11 тәуелсіз журналист тергеу абақтысына ауыстырылды

Қырғызстанда қамауға алынған 11 журналист Бішкектің уақытша ұстау изоляторынан тергеу абақтысына ауыстырылды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Редакцияға мұны адвокат Ұлан Сейітбеков айтқан. Оның сөзінше, журналистерді 29 қаңтарда шамамен 14.00-де ауыстырған.

Айта кетейік, 16 қаңтарда Қырғызстанның қауіпсіздік күштері 11 тәуелсіз журналисті ұстап әкетті. Қырғызстанның Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, қылмыстық іске “Айт, Айт Десе” жобасының 2023 жылы күзде YouTube-те жариялаған видеоларының бірі түрткі болған. Сарапшылар одан “жаппай тәртіпсіздікке шақыру” белгісін тапқан. Сол себепті “жаппай тәртіпсіздік” және “билік өкілдерінің талаптарына бағынбау және жаппай тәртіпсіздікке шақыру” баптары бойынша іс қозғалған.

Алайда олардың барлығы бұл айыпқа келіспейтінін айтып отыр.

Factcheck.kz