Қырғызстан “анасының тегін алу құқығын” алып тастады

Қырғызстанның Конституция соты заңнан “анасының тегін алу құқығын” алып тастады. Енді қырғызстандық азаматтар құжатын рәсімдегенде “әкесі” деген бағанға анасының есімін жаза алмайды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Биыл 30 маусымда Қырғызстанда 18 жасқа толған азаматқа құжатындағы “әкесінің аты” деген бағанға анасының есімін жазуға рұқсат берілген еді. Соттың мұндай шешім қабылдағанына белсенді Алтын Қапалованың арызы себеп болған. Белсенді балаларының әкесі оларды өсіруге қатыспағандықтан, балаларының құжаттарына өзінің тегін жазғысы келген. Сол кезде сот бала 18 жасқа толғанда құжатқа кімнің атын жазатынын өзі шешеді деген шешім шығарған еді.

Енді ведомство соттың бұрынғы ұстанымы “қырғыз елінің салт-дәстүріне, әдеп-ғұрпына дау келтірген теріс көрініс деп қабылданғанына” байланысты заңды өзгертіп жатқанын жазған.

Алайда Қырғызстанның құқыққорғаушылары соттың енгізген өзгерісін құптамай отыр. “Сезім” дағдарыс орталығының жетекшісі Бибісара Рысқұлованың айтуынша, орталыққа жылына 1,5 мың әйел көмек сұрап келеді, оның басым бөлігі – көп балалы аналар. Әйелдер мен балалар отбасындағы ер адамдардан зорлық көрген. Олардың арасында балаларының құжаттарынан күйеуінің аты-жөнін алып тастағысы келетіндер көп.

Factcheck.kz