Құқыққорғаушылар мен белсенділер Азаттықты қолдап жатыр

Әлеуметтік желіде құқыққорғаушылар мен белсенділер министрліктен аккредитация ала алмай отырған Азаттық Радиосын қолдап жатыр.

Олардың қатарында саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов, белсенді Әсем Жәпішева, заңгер Камила Еңсеген, саясаттанушы Димаш Әлжанов, құқыққорғаушы Инга Иманбай және тағы басқа азаматтар бар.

Депутаттар Масс-медиа туралы заңға шетел басылымдарының жұмысын реттейтін норманы енгізуді ұсынған еді. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов айтуынша, бұл норма  — тәуелсіз медиаларға қысым көрсетуді заңдастыру.

“Дәл қазір Азаттық Радиосының басына қара бұлт төніп тұр. Тоқаев режимі Азаттық Радиосының журналистеріне аккредитация бермей, “Ұлттық мүддені қорғау” деген желеумен тәуелсіз медиаларға қысым көрсетуді заңдастырғысы келіп отыр. Ресейдің, Түркіменстанның, Қырғызстанның және тағы да басқа автократиялы елдің жолымен жүрмекші. Азаттық жабылса, онсыз да мүшкіл хәлдегі сөз және баспасөз еркіндігі толығымен жойылады. Артынша демократияға үміт те өшеді”, – деді саясаттанушы.

Ал заңгер әрі белсенді Камила Еңсегеннің айтуынша, ұсынылған норма және журналистерге аккредитацияның берілмеуі адам құқығын, сөз еркіндігін бұзу болып саналады.

“Аккредитациясыз журналистер алаңнан, Парламент отырыстарынан, сот залдарынан ашық ақпарат тарата алмайды. Бұл  — адам құқығына, сөз еркіндігіне қол сұғу. Азаттықтан қолыңды тарт! Тәуелсіз журналистика тірі болғанда ғана демократияға бір табан жақындаймыз”, – деді заңгер.

Айта кетейік, жақында Сыртқы істер министрлігі Азаттық редакциясының 36 журналисіне аккредитация бермей отырғанын хабарлағанбыз. Оған қоса депутаттар Масс-медиа туралы заңға жаңа норма қосуды ұсынды. Ол норма шетел басылымдарының жұмысын қадағалауға арналған.

Factcheck.kz