Грузия президенті Саломе Зурабишвили 22 желтоқсанда ел үкіметіне парламент сайлауын қайта өткізетін күнді шешуге бір апта уақыт берді. Бұл туралы Азаттық Радиосы Paper Kartuli Телеграм арнасына сүйеніп хабарлады.
Грузияда парламент сайлауын қайта өткізу — наразылық білдірушілердің басты талабы. Оппозиция сайлау бұрмаланған, ал “Грузин арманы” партиясы билікке заңсыз келген дейді. Митиңге шыққандарды қолдаған ел президенті Саломе Зурабишвили елдегі саяси дағдарыс тек жаңа сайлау өткізгенде шешілуі мүмкін деп мәлімдеді.
Тбилисидегі наразылық акциясында президент “Грузин арманы” партиясының бейресми басшысы Бидзина Иванишвили мен басқа да басшыларды жаңа сайлау күнін белгілеу жөнінде келіссөз жүргізуге шақырды. Зурабишвилидің өкілеті 29 желтоқсанда аяқталатынын айта кетейік. Сол күні “Грузин арманы” партиясынан президент болып сайланған Михаил Кавелашвили қызметіне кірісуі керек. Бірақ Зурабишвили президент сайлауына дауыс беру заңсыз өткен деп, қазіргі қызметінен кетпейтінін айтқан.
Ал Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Зурабишвили өкілетін асырып, жаңа сайлау өткізуді жарияласа, сондай-ақ президент сарайынан кетуден бас тартса, заң бойынша қудаланады деген.
Контекст
Бұған дейін Грузин оппозициясы 25 қарашадағы парламенттің бірінші жалпы отырысына наразылық білдіріп жатқанын жазған едік. 26 қазанда Грузияда парламент сайлауы өткен. Ресми қорытындыға сәйкес, билікте отырған “Грузин арманы” партиясы 11-шақырылымдағы парламенттегі 150 орынның 89-ына ие болған. Грузия үкіметі 28 қарашада Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді кейінге қалдыруды ұйғарғанын айта кетейік. Ал Еуроодақ Грузияның дипломатиялық паспорт иесіне визасыз режим тәртібін алып тастайтынын хабарлаған.
Басты беттегі сурет Paper Kartuli Телеграм арнасынан алынды.