Еуроодақ Грузияның дипломатиялық паспортынан визасыз режимді алып тастамақ

Еуроодақ Грузияның дипломатиялық паспорт иесіне визасыз режим тәртібін алып тастамақ. Бұған елдегі кейінгі оқиғалар мен биліктегі “Грузин арманы” партиясының саясаты түрткі болған. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

Мұндай шешімді Еуроодақ сыртқы істер министрлері 16 желтоқсанда Брюссельде өткен кездесуде қабылдаған. Дипломатиялық паспорты бар адамдардың ішінде жоғары лауазымды тұлғалар, парламент депутаттары және жоғары лауазымды шенеуніктер бар. Ал елдің қарапайым азаматтары Еуроодаққа визасыз кіре алады.

Еуроодақ Грузия үкіметінің демократия нормалары мен адам құқығын бұзатын бірнеше заң қабылданғанын сынаған. Еуроодақтағы бірқатар ел үкімет шешіміне наразылық білдірген халыққа күш қолдануына байланысты Тбилисиге санкция салуды ұсынған.

Контекст

Бұған дейін Грузин оппозициясы 25 қарашадағы парламенттің бірінші жалпы отырысына наразылық білдіріп жатқанын жазған едік. 26 қазанда Грузияда парламент сайлауы өткен. Ресми қорытындыға сәйкес, билікте отырған “Грузин арманы” партиясы 11-шақырылымдағы парламенттегі 150 орынның 89-ына ие болған. Грузия үкіметі 28 қарашада Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді кейінге қалдыруды ұйғарғанын айта кетейік.

Басты беттегі сурет Эхо Кавказа басылымынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz